Мемлекет басшысы Түркі ұйымының заманауи технопарктер орталығын құруды ұсынды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі ұйымының заманауи технопарктер орталығын құру мәселесін зерделеуге шақырды, деп хабарлайды Ақорда.
«Біз инновациялар мен стартаптарды дамытуға қолайлы жағдай жасауымыз қажет. Бұл – ақпараттық технология дәуірінің басты талабының бірі. Сіздерді Түркі ұйымының заманауи технопарктер орталығын құру мәселесін зерделеуге шақырамын», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде.
Сонымен қатар президент келесі жылы IT саласында еңбек етіп жүрген жастардың арнайы форумын өткізуді ұсынды.
«Оны «Astana Hub» халықаралық IT-стартаптар технопаркінде ұйымдастыруға болады. Қазір онда 560-тан астам компания жұмыс істеп жатыр. Оның 55-і – шетелдік компания. Стартаптар соңғы 2,5 жылда 375 миллион доллардан астам пайда тапты. Сондай-ақ, 132 миллион долларға жуық инвестиция әкелді.
Жалпы, «Astana Hub» технопаркінде жеңілдетілген визалық режим бар. Ал, онда жұмыс істейтін компаниялар салықтан босатылады», — деді мемлекет басшысы.