Нарынқолдан шыққан қазақ жігіті халықаралық ғарыш компаниясының директоры қызметіне қалай көтерілді
Нарынқолдан шыққан қазақ азаматы халықаралық ғарыш компаниясының коммерциялық директоры қызметіне дейін қалай көтерілгенін қырғыздың limon.kg басылымына берген сұхбатында айтып берді. Сапар Сатаев бала күнінен кітапқа құмар болып, математика, физика пәндерін жақсы көргенін алға тартады. Осы уақытқа дейін ол әлемнің бірнеше үздік университеттерінде оқып үлгерген, деп жазады KZNEWS.KZ тілшісі.
39 жастағы Сапар Сатаевтың жиған білімі орасан. Ол оқу жолын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен бастап, Италиядағы Ла Сапиенца университетінің магистратурасын, одан кейін Мюнхен техникалық университетін, Берклидегі Калифорния университетін MBA бағдарламасы бойынша тәмамдаған. Сапар Сатаев қазіргі таңда отбасымен Лондонда тұрып жатыр. Ол бас кеңсесі Пекинде орналасқан HEAD Aerospace Group компаниясында ғарыштық технологияны сату бойынша қызмет етуде.
«Мені бұл қызметке компанияның ғаламдық нарықтағы бизнесін дамытумен айналысатын Париждегі бөлімшесі шақырды. 2020 жылдан бері компанияның ТМД елдері және Ресейде бизнесін дамыту бойынша жұмыс істеймін. Коммерциялық директорымын», — дейді ол сұхбатта. Сапар Алматы облысы Нарынқол ауылында туып-өскен. Өз сөзінше, 13 жасында ата-анасы жақсы білім беру үшін жағдай жасап, Алматы жанындағы Талғарға көшіп келген. «Ауылда үздіктер қатарында оқысам, қалаға келгенде сәл қиналдым. Талғарда көпшілігі орысша сөйлейтін, алғашқы жылдары орысша түсінсем де, ойымды еркін жеткізу қиынға соқты. Сондықтан өзіме қайтсем де жақсы оқуым керек деген мақсат қойдым. Сыныптастарымды қуып жету үшін күні-түні кітап оқып, математиканы жаттадым. Ауылда жүргенде де Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым — Қожа» повесі мен «Балалық шаққа саяхат» кітабын, сондай-ақ Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ түн» шығармасын оқып өстім», — дейді ол бала күнін еске алып.
Сапар физика саласын таңдап, оқуға түскен. Алайда университетті бітіргенде оған мемлекеттік қызметке шақырту келген. «Еліміздің жас астанасына кадрлар керек болды. Маған мансапты бірден мемлекеттік қызметтен бастауға мүмкіндік туды. Жаңадан оқу бітірген түлек болғандықтан тәжірибе жинақтауға Италияға жіберді. Менің шетелде оқимын деген ойым болған жоқ. Сөйтіп мүлде техникалық мамандықтан алыс геосаясат, ғаламдық қауіпсіздік бағыты бойынша оқып келдім», — деп баяндады ол мансаптағы алғашқы қадамы туралы. Сапар елге оралған соң министрлікте біраз қызмет еткен. Одан соң өзінің бастапқы мамандығы бойынша Ұлттық ғарыш агенттігіне қарасты компанияға жаңа қызметке ауысқанын айтады.
Сапар «Болашақ» бағдарламасы бойынша Германияда өндірістік тағылымдамада жүріп, Мюнхен техникалық университеті мен Беркли Калифорния университетінің біріккен MBA бағдарламасын оқып шыққан. Осылайша ол Еуропада отбасы, жұмысы мен оқуын бір уақытта қатар алып жүрген. «Көпшілігі ғарыш саласы десек, тек ғарышқа ұшуды елестетеді. Ал шын мәнінде ол басқа да салалармен байланысты. Біздің күнделікті тіршілігімізде ол маңызды рөл атқарады — жер серіктері, жерсеріктік байланыс, немесе навигация» Сапар қазір отбасымен Лондонда отырып, қашықтан жұмыс істейді. Ол елге келіп, алған білімі мен тәжірибесін ғарыш саласын дамытуға жұмсағысы келетінін айтады. «Көпшілігі ғарыш саласы десек, тек ғарышқа ұшуды елестетеді. Ал шын мәнінде ол басқа да салалармен байланысты.
Біздің күнделікті тіршілігімізде ол маңызды рөл атқарады — жер серіктері, жерсеріктік байланыс, немесе навигация», — дейді Сапар өз кәсібі туралы. Сапардың жұбайы да білім жолында, қазір Лондонда оқу үстінде. Отбасы шетелде уақытша тұрып жатқанын жеткізді. «Қазақстанға қайтамыз. Елден біржола көшіп кету ойымда жоқ. Елімізге қайтып, еңбек етеміз», дейді ол.