Атауы әдемі Алматы көшелері | «Айқын» газеті

0

Алматыда 180 көше мен 30 ықшамауданның атауы өзгертіледі. Қалалық мәслихаттың жергілікті мемлекеттік басқару және тұрғын үй саясаты мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясы отырысында осы мәселе талқыланды. Нәтижесінде, Дарабоз, Мұзарт, Шабыт ықшамаудандары мен Әлқисса, Желмая сынды бірқатар жаңа көшелер пайда болады.

Мәслихат депутаттары Әуезов, Алатау және Наурызбай батыр аудандарындағы көшелерге жаңа атау беруді ұсынған. Белгілі хандар, өнер қайрат­керлері, ғалымдар мен зиялы қауымның атына көшелер аталады. Атап айтқанда, Алатау ауданына қарасты Алғабас 1-6 ықшамаудан­дарына Нұркент, Ботакөз, Ақмаржан, Ғажайып, Дарабоз, Зерделі атауы берілсе, осы аудандағы Заря Востока – Шапағат, Құрылысшы – Самғау деп өзгертіледі. Сонымен бірге, жаңа ықшамау­дандар ішінде Мәдениет пен Томирис бар. Әуезов ауданы аумағындағы орысша аталатын ықшамау­дандар ендігіде Шабыт, Атамекен, Жазира, Алмас, Қуаныш деген атау алады. Көпшіліктің құлағына сіңген Ремизовканы Асқартау деп өзгертсе, Бутаковка ендігіде Мұзтау болады. Бұдан бөлек жалпы саны 30 ықшамаудан жаңа атау алады деп жоспарланып отыр.
Сонымен бірге, көшелердің де атауы өзгер­тіледі. Орысша атауы бар немесе қайталанған көшелерді ауыстыру мәселесі көптен бері қозғалып жүр. Бүгінде Алматыда жаңа атауға ие болуы тиіс 180 көше бар екен. Қалалық мәслихат осыны бір жақты етуді көздеп отыр. Ильич кө­шесін қазақтың Төлегені – Құман Тастанбековтің атымен, Калининді Фарида Шәріпованың есімі­мен атау ұсынылды. Таугүл жақтағы Новострой­каны Тайбу­рыл деп өзгертсе, Юбилейная көшесінің жаңа атауы Тойбастар болады. Тағы бір жағымды жаңалық Каблуков көшесіне жазушы Әбіш Кекілбаевтың есімі беріледі. Жетісу ауданын­дағы бірқатар көшелерге ерекше атаулар ұсынылған. Атап айтсақ, Қылқобыз, Бұрхан, Самырсын, Шілдехана, Жадаукөк, Қазанат, Жар-жар және т.б. Медеу ауданына қарасты Горная көшесіне Керей-Жәнібек хандар атауы ұсынылып отыр.
Еліміз бойынша ғана емес, бір қаланың өзінде бірнеше жерде бір атау берілген көшелер жетерлік. Соның бірі – Абай көшесі. Түрксіб ауданы Колхоз­шы ықшамауданындағы Абай көшесі ендігіде Дулат Бабатайұлының есімімен аталады. Сол секілді осы жердегі Абылай хан көшесі – Мұрат Мөңкеұлы, Әйтеке би – Нығмет, әл-Фараби – Өр­кен және осы сынды өзге де атаулармен толы­ғады. Осыған дейін қала әкімі Бауыржан Байбек Алма­тыдағы 3 мың көше­нің ішінде 250 атауы бірдей көше барын айт­қан еді. Сондай-ақ атауы жоғы – 200. Қалада Абай атында – 13, Жамбыл атында 12 көше бар екен.

Жадыра АҚҚАЙЫР

Дереккөз: Айқын