Алматыда үйдегі жанжалдан кейін көз жұмған әйелге қатысты жаңа дерек шықты

0

Марқұмның туыстары 28 жастағы Ерғали Қалияұлы бұған дейін әйелін талай рет төмпештегенін мәлімдеді

АСТАНА, 11 желтоқсан — Sputnik. Алматыда отбасылық жанжалдан кейін көз жұмған үш баланың анасы Сайрангүл Лайысқызының туыстары оны күйеуі өлтіргенін айтып отыр. Алайда, 8 жыл отасқан жары бұл айыппен келіспейді. 

Соңы қайғылы жағдаймен аяқталған оқиға 14 қарашада «Шаңырақ-6» шағынауданындағы жалдамалы пәтерде болған.  

«Арақ ішеді, қызбен жүреді. Мен сол қызды аламын, сені тастаймын деп жиі айтады екен. Ақтауда аспаз болып жұмыс істеп жүргенінде бір қызбен көңіл жарастырыпты. Алматыға келіп тағы біреумен жүріп кетті, соңы өліммен аяқталып отыр. Қазақстанда заң бар ма? Қалай анықтап береді бізге? Үш баласы жетім қалды», — дейді марқұмның ағасы Назарбек Сәбенұлы.

Марқұмның туыстары 28 жастағы Ерғали бұған дейін спирттік ішімдік ішіп, әйелін талай рет төмпештегенін мәлімдеді, деп хабарлады almaty.tv.

 «Басында жара тұр. Арқасында да жарақат бар. Күйеуі ұрмаса ол жарақат қайдан пайда болды? Бір көзі шығып кете жаздаған», — дейді Сайрангүлдің ағасы Табыс Тәбаракұлы.

Ал күйеуі Ерғалидың айтуынша әйелі түнде өзіне қол жұмсаған.    

«Сыра ішіп алып, ұрыс шығарсам да, әйеліме қол жұмсамадым» деген отағасы әйелін суицид жасады деп ашық айтып отыр. Бірақ, денесіндегі жарақаттардың қайдан пайда болғанын  түсіндіріп бере алмады.

«Бір-бірімізбен ерегесіп жүре бермейміз ғой, отбасы болған соң ұрыс-керіс болады. Әйелімді ренжіткенім үшін өкінемін, бірақ, оны мен өлтірмедім», — дейді марқұмның күйеуі Ерғали Қалияұлы.

Сайрангүл ауыр жарақаттардан кейін ауруханада 1 айға жуық уақыт жатқан. Миы өлсе де, жүрегі соққан келіншек көп уақыт жасанды тыныс алу аппаратымен демалыпты. 

 

Қалалық полиция департаментінің өкілдері бұл жайтқа қатысты қылмыстық істің қозғалғанын мәлім етті.

«Алатау аудандық ішкі істер басқармасының тергеу бөлімінде ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы (Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу) бойынша іс қозғалған», — дейді Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Сайрангүлдің төркіні Қытайда, өзі 10 жыл бұрын азаматтық алып, тарихи отанына қоныс тепкен. Енді оның ата-енесі жетім қалған немерелерін Үштөбе ауылына алып кетпекші. Сот-медициналық сараптамадан кейін марқұм келіндерінің де мәйітін сол ауылға апарып жерлейміз деп отыр.

 


Дереккөз: https://sputniknews.kz/