ҚҰРАНДЫ ЕЛГЕ САЛЫП ҚАЙТТЫ ҰРАНДЫ ЕР

0

Мемлекет басшысы: «Қазақстандық мәдениет жаһандық мәдени мұраның ажырамас бөлігіне айналуы тиіс. Ол әлемдегі түрлі халықтардың мәдени құндылықтарын қабылдау жүйесінде нақты танылуы тиіс», – деген болатын. Қазақстанның мәдени және әдеби мұраларын кеңінен насихаттау идеясы осы сөзден бастау алғандай.
Нью-Йорк қаласында 4-7 желтоқсан аралығында Астананың 20 жылдық мерейтойы аясында Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен және Қазақстан Жазушылар одағымен бірлесіп, Ұлттық академиялық кітапханасы «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» атты Қазақстанның мәдениеті мен әдебиетінің халықаралық форумын өткізді.

Бұл форумды өткізудегі басты мақсат қа­зақстандық мәдениетті әлемдік мәдени кеңістікке барынша насихаттау болса керек. Дәл осындай форум осыған дейін Сеул, Лондон және Берлин қалаларында өткізілді. АҚШ-тағы форум солардың заңды жалғасы іспеттес. Еліміздің әдебиет пен мәдениет са­ласындағы жетістіктерін әлем жұртшы­лығына паш ету игі де ізгі мұрат. Ұлттық академия­лық кітапхана мен Қазақстан Жазушылар ода­ғының мұрындық болуымен барлық іс-шара жоғары деңгейде өткізілді.
Форум әлемдік қауымдастыққа қазақ­стандық шығармалармен танысуға және қазақ авторла­рының әлемдік-жаһандық әдеби үрдіске бірігуіне мүмкіндік береді. АҚШ-та өткен форумға ақын, ау­дармашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» ордені иегері Шөмішбай Сариев, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығы­ның лауреаты, танымал журналист Марат Тоқашбаев, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, жазушы, сыншы, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Асқар Алтай, «Қазақ үні» газетінің басшысы, ақын, ха­лық­аралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қазыбек Иса, жазушы, журналист, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуат, ақын, филология ғылым­дарының кандидаты, Еуразия ұлттық универси­те­тінің доценті Оңайгүл Тұржан, белгілі теле­жүргізуші Майя Бекбаева қатысты. Форум аясында қазақстандық кітаптардың тұсаукесері және «Қазақстан әдебиеті мен мәдениеті» фотокөрмесі өтті.

Форум жұмысына АҚШ-тағы Қазақстан елшілігінің Нью-Йорктегі бас консулы Жәнібек Әбдірашев мырза қатысып, сөз сөйледі.
Ұлттық академиялық кітапхана ди­ректоры Үмітхан Мұңалбаева:
– Халықаралық жоба Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен тұңғыш рет өтті. Қай елге барсақ та, бізді ыс­тық ықыласпен қарсы алды. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саяса­тының арқасында Қазақстан әлемге танылды. Қазір әлем есігі ашық. Біз осы мүмкіндікті дұрыс пайдалануға тиіспіз. Барымызды, нарымызды танытатын кез келді. Барған елдерде қазақ әдебиеті мен мәдениетін танытатын арнайы орталықтар аштық. Мұның бәрі тәуелсіздіктің арқасында мүмкін болып отыр, – дейді.
Әдеби форумды өткізу – жақсы бастама. Бұл келешекте дәстүрлі түрде өтетін шараға айналуы мүмкін. Сеул, Лондон, Берлин және Нью-Йорк қалаларында ұйымдастырылған іс-шаралар қазақ әдебиетін бір күнде әлемге танымал етіп тастамасы анық. Бірақ «әуелі бұл шіркінді бастау қиын» дегендей, жақсы бір үрдістің басталғаны көңілге медет. Ел арасында: «Мұндай сапарларға қаржы шы­ғындағанша, жас жазушыларға жәрдем жасаса қайтеді?» – деген сөз қаражаяу желдей есіп те жатыр. Бұған қатысты айтарымыз: «Нұр Отан» партиясы Қазақстан Жазушылар одағымен бірлесе отырып, жас ақын-жаз­у­шылар үшін «Ұлы дала» шығармашылық байқауын жариялады. Жас жазушылар проза, поэзия, драматургия, балаларға арналған шығармалар және публицистика аталымдары бойынша бақ сынай алады. «Нұр Отанның» бәйгесінің бәсі жоғары. Қомақты қаржылай жүлдесі де бар. Жемқорлардың жемсауына кеткен қаражатқа қарағанда, қаржыны осындай игі мақсатқа жұмсаған әлдеқайда тиімді болса керек.
«Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстан­дық мәдениет» деп аталған форумға АҚШ қаламгерлері мен өнер, бизнес саласының мамандары зор ынта білдірді. Профессор, философия ғылымдарының докторы Леонид Голдин, халықарылық билердің жұлдызы, мейманханалар мен халықаралық жобалар­дың дизайнері Марселла Рэйвел, әнші, Нью-Йорк университетінің профессоры Диая Муссалимов, гастрольдік сапарлардың дирижері және музыкалық директоры Мартин Пикук, Париж, Оңтүстік Африка, Оңтүстік Корея, Гонконгта көрмелері өтіп жатқан Шейла Превост, бизнесмен Рави Батра, медицина профессоры Даниелл Фасс, кәсіпкер Дэвид Валеру форум жұмысына белсене қатысты.
Профессор Леонид Голдин:
– Қазақстан туралы жан-жақты хабар­дармын. Жақында ғана «Нью-Йорк Таймс» газеті бірінші бетінен бастап, Қазақстан туралы көлемді мақала жариялады. Ақылы емес, тегін. Газет мұндай қадамға Қазақстанды құрметтеген соң барып отыр. Біз мәселен, Әзірбайжан елінің ақылы негізде насихат­та­латынын жақсы білеміз. Менің студент­те­рімнің арасында қазақ жастары ерекше орын алады. Қазақ қыздарының алғырлығына қайран қаламын. Ақыл мен парасат, келбет пен көзқарас үйлесімін көргенде еріксіз таңдай қағуыма тура келеді. Қазақ елінде әлденеше рет болдым. EXPO-ны қалай жа­р­қыратып өткізді. Халықаралық деңгейдегі түрлі форумдарға бастамашы болып жатқан да Қазақстан. Әдебиет пен мәдениет саласына мемлекеттің қолдауы күшті. АҚШ супер держава екені рас. Мұнда әдебиетке үлкен көңіл бөлінеді. Сіздердің қай-қайсыңыз да Марк Твеннің шығармаларын оқып өскен­деріңізге дауым жоқ. Гекльбери мен Том Со­йердің арманы мен қиялы қазақ жаста­рының жүрегінен орын алған болар деп ойлаймын. Сол сияқты Диккенстің, Артур Миллердің туындылары көпшілікке кеңінен таныс. «Ойла да сөйле» дейтін орасан мүм­кіндік бар. Біз соны тиімді пайдалануға ұмтылсақ. Америка жұртшылығы Иосиф Бродский, Александр Солженицын шығар­маларымен жақсы таныс. Енді қазақ автор­ларының туындыларын кеңінен танитын болады. Аударма ісіне мемлекеттеріңіз үлкен мән беріп жатыр екен. Бұл – қуанышты жағ­дай. АҚШ-та жылына 1 миллион кітап шы­ғады. Нарық өте үлкен. Соның 50 пайызы – жеке адамдардың кітаптары. Орташа та­ра­лым – екі мың бес жүз дана. 1 пайызы ғана дүкендерге түседі. Қалғаны шабадан арқылы таралады. Мен де мұнда бір шабадан кітап сүйретіп келдім. Американдықтар орта есеппен алғанда бір жылда төрт кітап оқиды. Ортақ байланыс жақсара түссе, қазақстандық қаламгерлердің туындыларымен жақсы таныс боламыз деп үміттенемін, – деді.
«Символ» деген болады. «Символдық сәйкестік» деген де бар. Біз Америкаға бар­ғанда Құрама Штаттың бұрынғы прези­дент­тері арасындағы ең егдесі атанып, Америка тарихындағы өзіндік рекорд орнатқан үлкен Джордж Буш фәниден бақиға аттанған еді. Американың 41-президенті құдайдың берген 94 жасын жақсы жасады. Ол танымал саясаткерлігімен қоса АҚШ-тың 38-прези­денті Джеральд Фордтың ұзақ өмір сүру бо­йынша орнатқан рекордын жаңартқан адам ретінде тарихта қалды. Джеральд Форд
2006 жылдың желтоқсанында 93 жас 165 күн болғанда қайтыс болған еді. Үлкен Буш 1989-1993 жылдары АҚШ-тың президенті болды. Рональд Рейганның (1981–1989) кезінде вице-президент қызметін атқарған. Оның артында 5 баласы, 17 немересі, 8 шөбересі қалды.


«Жоғары моральдық принциптерді ұстан­байынша, Америка өзімен-өзі бола алмайды. Бүгінде халқымыздың алдында ұлттың мейірімді, ал әлемнің бауырмал бейнесін қалыптастыру мақсаты тұр. Достарым, осы іске кірісуіміз керек», – деген ұлағатты сөзі қалған адам.1989 жылы инаугурация салта­натында осы сөзді айтып қызметіне кіріскен Джордж Буштың президенттік мерзімі қырғи-қабақ соғыстың аяқталған кезімен тұспа-тұс келді. Ол АҚШ президенті болған тұста «темір перде» алынып, Кеңес Одағы құлады. Сөйтіп, АҚШ-тың әлемде жеке-дара үстемдік ететін кезеңінің есігі ашылды.
Осыған байланысты Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-тың 43-президенті Джордж Уокер Бушқа көңіл айту жеделхатын жолдаған екен. Мемлекет басшысы Америка Құрама Штат­тарының 41-президенті Джордж Герберт Уокер Буштың қайтыс болғаны туралы хабарды зор күйзе­ліспен қабылдағанын жеткізді. «Сіздің әкеңіз өз елінің нағыз патриоты болды әрі Амери­каның өркендеуіне адал қызмет етті. Ол қырғи-қабақ соғыстың аяқталуына және жаһандық қауіпсіздікті сақтауға зор үлес қосқан аса көрнекті мемлекет қайраткері ретінде әлем тарихында өшпес із қалдырды. Қазақстан халқы Джордж Бушты екіжақты достық қарым-қатынасты орнатуға және оны нығайтуға көп күш жұм­саған дана саясаткер ретінде әрдайым есте сақтайтын болады. Ол – біздің тәуел­сіз­ді­гімізді алғаш мойындаған көшбас­шылардың бірі. Джордж Буш екеуміз жақсы дос болдық және жиі кездесіп тұрдық. Оның Техастағы резиденциясында, әсіресе, 2006 жылы Кеннебанкпорттағы үйінде маған көрсеткен қонақжайлығын әрқашан жылы сезіммен еске аламын. Барша Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан сізге және бүкіл Америка халқына көңіл айтамын», – делінген жеделхатта.


Дәл форум өтіп жатқан күн әйгілі «Берлин қабырғасы» құлаған күнге сәйкес келді. Мұны бизнесмен Рави Батра мырза есімізге салды:
– Джордж Буш пен Михаил Горбачевтің саяси келісіміне сәйкес «Берлин қабырғасы» құлаған күнде жолығып отырмыз. Үлкен Буштың әлемдегі қырғи-қабақ соғыстың аяқталуына және жаһандық қауіпсіздікті сақтауға қосқан үлесін әлем біледі. Қазіргі геосаяси жағдайда Қазақстанның үлкен рөл атқарып отырғандығына дау жоқ. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ядро­лық қарудан бас тартуын ғажайып ерлікке балаймын. Биылғы қаңтардың 1-нен 31-не дейін Қазақстан тарихта тұңғыш рет Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесі төр­ағасының өкілеттілігін орындады. 18 қаң­тар­да Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі мүшелерінің «Жаппай қырып-жою қаруын таратпау: сенімді нығайту шаралары» та­қырыбында жоғары деңгейдегі тақырыптық пікірталастары өтті. Осының бәрінде қазақ­станның бейбітсүйгіш саясаты көрініп тұр. Соңғы екі жылда әлем бойынша бірде-бір соғыс өрті тұтанған жоқ. Бұл – Қазақстанның арқасы. Менің бір байқағаным, қазақ халқы табиғатқа өте жақын. Егер барша халық әлемге дәл қазақ сияқты қараса, табиғат бұзылмас еді. Қазақ құндылығы экосистеманы сақтауға деген ұмтылысында жатыр. «Мәс­кеуді салған да қазақтар» деген сөздің жаны бар тәрізді. Қазір дүниежүзі қу дүниенің соңында қайтсем ақша табам, қалай байимын деген сұрақтардың жетегінде кетіп барады. Қытайда тұңғыш рет клон бала жасалды. Бұл бетімізбен не боламыз? Адамдық қалпымызды сақтау – өмірлік мәселе. Капитализм дегеннің адамзатқа беретіні шамалы. Рухани байлық болмайынша, әдеп сақталмаса адамның жан әлемінің быт-шыты шығады. Осы төңіректе жазушыларға артылатын жүк те жетерлік», – деді.


Ал Марселла Рейвел ханым Астананың ғажайып көркіне таңғалысын жасырмады:
– Мен интерьер-дизайнермін. Қа­зақстанда архитектураға, дизайнға ерекше мән беріледі екен. Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхана мен мешіттердің күмбезіне қайран қалдым. Архитектура деген әдемі өрнектердің үйлесімі ғой. Осы тұрғыдан алғанда Астана – айрықша сұлу қала! – деді.
Мартин Пикук мырза:
– Әлемнің талай елінде болып жүрмін. Музыка – халықтың тілі. Өзім әлемдегі әйгілі деген жеті бірдей оркестрмен жұмыс істеймін. Мүмкіндікті пайдаланып, Қазақстанның музыкалық топтарымен, ұлттық оркестрімен жұмыс істегім келетінін ортаға салғым келеді, – деді.
Медицина профессоры Даниелл Фасс Қазақстанның латын қарпіне көшуін ерлікке балады.
– Латын қарпі арқылы әлемдік ортақ мәдениетке кірігуге жол ашылады, – деп баға берді.
Кәсіпкер Дэвид Валеру мырза:
– Қазақстан – ТМД елдерінің ішінде ең жедел дамыған ел. Дүниежүзілік сауда ұйы­мының мүшесі, Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшесі, тұңғыш рет Біріккен Ұлттар Ұйы­мының Қауіпсіздік кеңесі төрағасы өкі­лет­тігін абыроймен атқарған ел. Ынтымағы жа­расқан ел. Туризм арқылы американ­дықтарға Қазақстанды кеңінен таныстыруды мақсат етіп қойдым. Қазір осы бағытта жұмыс жасап жатырмын, – деп ағынан жарылды.

Шөмішбай САРИЕВ,
ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:


– Осы уақытқа дейін жиырма шақты кітап пен 300-ден астам өлең мен әнді туындаттым. Кезінде «Тамаша», «Бауыржан шоу» сынды әйгілі әзіл-сықақ бағдарламаларының сценарийінің авторы болдым. Өзімізбен қатарлас ақын-жазушылар шетелге шығып жатқанда: «Шетелге өзім жетпесем де, өлеңім жетсін», – дейтін едім. Америкаға тұңғыш рет аяқ басып тұрмын. Осында кітаптарымның тұсаукесерін өткіздім. Әсер деген ұшан-теңіз!
Оңайгүл Тұржан,
ақын, Еуразия ұлттық университетінің доценті:


– Қазір күллі әлемді саясат жалғыз өзі билей бастады. Олай болуға тиіс емес. Әлемдік қоғамдастық саясаттың ғана жемісі болуға тиіс емес. Көркем әдебиет саясаттың астында қалып қоймауы керек. Адам баласы көне замандарда әдебиетті бір-бірімен қарым-қатынас орнату құралы ретінде ойлап тапқаны анық. Демек қазіргі саясатқа көркем әдебиет араласпаса, әлем халықтары бір-бірімен жауласуын қоймайды. Ел мен елді достастыратын бірден бір мүмкіндік – әдебиет. Сондықтан бүгінгі мүмкіндікті пайдаланып, алдымен Қазақстан мен Америка қаламгерлерінің қоғамдастығын құрып, кейін оған басқа елдер қаламгерлерін де тартып, Әлемдік қаламгерлер қоғамдастығын құруға шақырамын.
Нью-Йорк қаласындағы форумның өтуінің маңызы туралы, біз бұған дейін әлем әдебиетіне негізінен оқырман ретінде ғана атсалысқанымызды, қаламгерлер ретінде қазақ классиктерінің өзі әлем әдебиетінде кең таныла алмағандығын және таныла алмағанымызды, оған себеп болған бодан ел болғандығымыздың қырсығы екендігі туралы және форумға қатысқан америкалық қонақтардың біз айтқан кейбір ақпараттарға таңғалғаны, біздің елдің әлем алдындағы беделі туралы жақсы ойлар айтқандығы жөнінде, форумды тамаша публицист-жазушы, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіптің үлкен салиқалықпен жүргізгендігі туралы, осындай жобаны жүзеге асырған Мәдениет министрлігі мен Ұлттық академиялық кітапxана басшылығына үлкен алғыс білдіретінімізді айтып, Нью-Йорктағы тележурналист Майра Әбдіраxмановаға сұxбат бердім.
Асқар АЛТАЙ,
жазушы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты:


– Американы әкемнің әңгімесі арқылы жастайымнан таныдым десем де болады. Әкем Құмарды 35 жылы үйінен алып кетті. Ол кезде 10 жастағы бала. Әжемізге: «Балаңызды оқуға аламыз», – деп оңашалап айтқан екен. Содан Зайсан, Семей асырып, Мәскеу түбіндегі әскери-диверсиялық мектепке түсіріпті. Менің әкем секілді Мәскеу түбінен дайындалған барлаушылар 1945 жылы Шыңжаңға кірді. Ол кезде әкем 19 жаста ғана болатын. Олардың басым көпшілігін таза коммунистік идеяда рухтандырып, тәрбиелеген. Егер Америкаға тыңшы дайындаса, онда ол Американы жетік білуі тиіс делінетіні секілді Шығыс Түркістан, Қытай, Тибет бағытына да солай дайындаған. Кейін бұлардың барлығын да құрбандыққа шалып жіберді. Әкемнің барлау ісіндегі қызметі жайлы тұтас бір романды арнаймын деуші едім, кейін бұл ойымнан айныдым. Себебі, тек әкем жайлы жазсам, ол бір ғана барлаушының тағдыры боп кетер еді де, халықтың шеккен қайғы-қасіреті, қуаныш-шаттығы мен толайым тарихы тыс қалып қояр еді. «Сират» атты романымда американдық азамат туралы егжей-тегжейлі жаздым.
Дәурен ҚУАТ,
«Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы:


– Қазақ әдебиетінің ерекшелігі қандай деген сұраққа жауап бере кеткенді жөн көремін. Қазақ әдебиеті – жанның әдебиеті. Қазақ қаламгерлері адам жанына терең үңіліп жазады. Адамның жан дүниесіндегі қайшылықтар, күйзелістер, үнсіздіктер мен ішкі диалогтар қазақ ақын-жазушыларының шығармаларынан тұрақты көрініс тауып жатады. Қазақ қаламгерлері символдарды сөйлетуге шебер. Табиғат көріністерін өте әсерлі етіп жазады. Салт-дәстүр мен ырымдар, әфсана аңыздарды да шығармаларына арқау етіп келеді. Бұл ретте мен қазақ әдебиетінің классиктері Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсіреповті атай аламын.
Қазыбек ИСА,
ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты:


– Елбасының елге серпін берген «Рухани жаңғыру» бағдарламасы – ел рухын көтерген ерекше құбылыс. «Нар жолында жүк қалмас» деген қазақтың даналық сөзінің туралығын айқындайтын бұл тұғырлы тұжырымдама бойына бұла күш бітірген ұлтымыз лезде жалы көтеріліп, жалындап шыға келді. Мыңдаған жыл тарихы бар Ұлы дала еліндегі Елбасымыз бастаған ұлттық рухани жаңғыру майданында елдің ертеңі жарқын болып, еңсесі биіктей беретініне сенеміз!
Майя БЕКБАЕВА,
тележүргізуші:


– Әлем бізді тек Triple G немесе ЕХРО арқылы ғана біліп қоймайтын болса деймін. Немесе КСРО-ның жарықшақ бір бөлшегі деп білмей-ақ қойса. Өз тарихы, өз мәдениеті, өз рухы бар ел ретінде таныса, шіркін! Осы сапарда біз өз елімізді жақсы жағынан таныта алдық қой деп ойлаймын. Мәдени интеграция бір күнде жеміс бере салмайды. Бұған біршама уақыт керек. Ақындар мен жазушылар – шығармашылық интеллигенция өкілдері, қай халықтың болсын рухани әлемде түсінігі бір. Мұндай байланыстардың еліміздің рухани өміріне қосатын үлесі зор деп білемін.
Марат Тоқашбаев Facebook желісіндегі парақшасында: «Нью-Йоркте өтіп жатқан «Қазақ мәдениетінің форумында» қазақтардың жаһандық өркениетке дөңгелек ойлап табу (қаңлылар), жылқыны қолға үйрету, ондық сан жүйесінің түркі xалықтарынан арабтар арқылы әлемге таралуы, көне қазақ жазуының әлемдік жазу мәдениетіне ықпалы туралы ойларымызды ортаға салдық. Менің «Тәуелсіздік – тынысым», «Жан-Дауыс» атты публицистикалық кітаптарымның тұсаукесері осында жасалды», – деген жазба қалдырыпты.

Марат ағамыздың: «Қазақстан үшін Батыс әдебиеті мен мәдениетінің де ықпалы айтарлықтай. Қуаныштысы, Батыс мәдениетін бұрынғы кеңес кезіндегідей сол қалпы қабылдай бермей сүзгіден өткізіп қабылдау байқалады. Ұлттық, отбасылық құндылықтарды сақтай отырып, неғұрлым прогрессивті үлгілер ғана қолданысқа өтуде. Қорыта айтқанда, Қазақстан әдебиеті мен мәдениетінің форумының арқасында халықаралық деңгейдегі бірқатар жобалар қолға алынатын болады. Бұл бір жағынан халықтарды өркениет бағытында дамытуға септігін тигізсе, екінші жағынан халықтар арқылы мемлекеттердің қалыптасуына да ықпал етеді. Нью-Йорктен басталып, Ыстамбұл арқылы жалғасқан алыс сапардан арып-ашып дегендей, Астанаға жеткенімізде Ұлттық академиялық кітапxананың Үмітxан Дәуренбекқызы бастаған ұжымы таңғы сағат төртте әндетіп, жырлатып қарсы алғанда мерейіміз асып, мейманамыз тасып ерекше көңіл күйге бөлендік. Сапарға осылай шығарып салып еді. Бек ризамыз! Нью-Йоркте Қазақ мәдениеті мен әдебиетінің форумын ұйымдастырған Мәдениет және спорт министрлігіне де алғысымыз шексіз. Бұл форум ел мәдениетінің тариxындағы елеулі оқиға болғаны анық», – деген сөзімен жолсапарымызды түйіндесек те болғандай.

Астана – Нью-Йорк – Астана

Нұртөре ЖҮСІП

Дереккөз: Айқын