Татарстан «президенттен» бас тартпайтынын мәлімдеді
Татарстан парламенті «РФ субъектілерінде қоғамдық билікті ұйымдастырудың жалпы қағидалары туралы» федералды заң жобасын қолдамады. Аталған құжат бәрінен бұрын бүкіл елдегі РФ субъектісінің басшысы – жоғары лауазымды тұлғаның жаңа атауын бекітуге тиіс болатын. Бұл жайында BBC агенттігі мәлімет таратты.
Татарстан – ел басқарушысы «президент» деп аталатын Ресейдегі ең соңғы аймақ.
Қыркүйектің соңында депутат Павел Крашенников пен сенатор Андрей Клишас Госдумаға өңірлік билік туралы жаңа заң жобасын енгізді.
Мұнда Ресей өңір басшыларының екі мерзімнен артық уақытқа қатарынан сайлану құқығы ескерілген. Құжатта сонымен қатар РФ субъектісі басшысының атауын өзгерту мәселесі қарастырылған.
Дүйсенбіде Татарстан парламенті федералды заңды қолдамайтынын бірауыздан ашық мәлімдеді.
«Біздің ойымызша, заңнаманың жекелеген ережелері РФ демократиялық федеративті құқықтық мемлекет ретіндегі конституция жүйесіне қарама-қайшы. Бұл редакциядағы заң жобасы субъектілерді мемлекеттік басқару органдарының қызметін реттеудің құқықтық негіздерінің жалпы қағидаларын бекітуден тым алшақ кеткен», — деп мәлім етті мемлекеттік кеңестің мемқұрылыс жөніндегі комитетінің басшысы Альберт Хабибуллин.
Хабибуллин бұл заң бойынша пікірталас қажет еместігін айтып, оны Госдумада бірінші оқылымда қаралған жағдайда ғана қайта талқылауды ұсынды.
Татарстан президенті Рустам Минниханов – Мәскеу мэрі Сергей Собянин, Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров секілді осыған дейінгі ел басқарған мерзімі жойылуы мүмкін билік өкілдерінің бірі.
Татарстан билігі ең әуелі өз конституциясында суверенитеттің сақталуы үшін күресті, кейіннен республика басшысының атауын «президент» деп қалдыру үшін жанталасты.
Айта кетейік, Ресейде 2010 жылдан бері республика президенттерінің атауын өзгерту үрдісі жүріп жатыр. Бұл атаудан алғашқылардың бірі болып Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров бас тартқан еді.
Ол «бірыңғай мемлекетте тек бір ғана президент болуы керек» деп мәлімдеген болатын.
Осылайша елдегі 12 республиканың 11-і өз жетекшілерінің атауын өзгертіп, «президент» деген сөзді алып тастады.
Мұнда тек Татарстан ғана бұл бастамаға белсенді қарсылық білдіріп, 2016 жылға дейін ойлануға мүмкіндік алған еді.
Кейін РФ президенті Владимир Путин өз өңірінің басшысын қалай атауды Татарстан халқы өзі шешсін деген пікір білдірді. Ал 2017 жылы аталған келісімнің уақыты аяқталды.
Енді Татарстан парламенті «президенттен» бас тартпайтынын тағы да білдіріп, жаңа заң жобасын қолдамайтынын мәлім етті.
Мәриям Белгі