Қазақстандық министрлер қандай көлік мініп жүр

0
1399

Таяуда қазақстандық екі министр электркарға көшті. Себебі ол көлікті ұстауға кететін қаражатты үнемдейді. Елімізде министрлердің көлігі қандай? Tengrinews.kz ведомство басшыларының қандай көлікті жөн көретінін сұрап білді.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің басшысы Бағдат Мусин электркарға ауысты.

«Министр Қазақстанда құрастырылған қытай бренді — JAC IEV7S экологиялық электркарымен жүреді» деп жауап берді министрлік өкілі.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың көлігі — Kia Quoris. 2018 жылы шыққан.

Ал Ұлттық экономика министрлігінің басқаратын Әсет Ерғалиевтің қызметтік көлігі Mercedes Benz S 500 L4М екені хабарланды. Көлік 2014 жылы шыққан.

Төтенше жағдай министрі Юрий Ильиннің көлігі — Mercedes-Benz S 500. Министрдің қызметтік көлігі 2014 жылы шығарылған.

Ал денсаулық сақтау министрі Алексей Цой жұмыс барысында Mercedes-Benz S-Class-пен жүреді. Ведомство баспасөз қызметі көлік қай жылы шыққанын айтпады, тек «ескі көліктердің» бірі екенін мәлім етті.

Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің де қызметтік көлігі Mercedes компаниясынан шығарылған. Дәлірек айтқанда, ведомство басшысы 2014 жылы шыққан Mercedes-Benz S-Class S400 4Matic көлігімен жүреді.

Mercedes мініп жүрген министрлер арасында Мәдениет және спорт министрлігінің басшысы Ақтоты Райымқұлова бар. Оның қызметтік көлігі — 2014 жылы шыққан Mercedes-Benz W222.

Ал ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев седан моделіндегі Skoda көлігімен жүреді. Көлемі 2 литр болатын көлік 2019 жылы Қазақстанда өндірілген.

Министрлер арасында бірінші болып әділет министрі Марат Бекетаев қызметтік көлігін электркарға ауыстырды. Әділет министрлігі қыркүйекте Tengrinews.kz сауалхатына берген жауабында мұның себебі қызметтік көлікті ұстауға кететін қаражатты үнемдеу екенін жазды. Бекетаевтың жаңа көлігі — JAC электркары. JAС электркарының бағасы — 15 миллион теңге.