Бердібек Сапарбаевтың командасы өзара қырқысып жатыр
Біздің әкім-қаралар орын ауыстыра өз командасымен көшіп жүретіні баяғыдан белгілі. Жамбыл облысына әкім бола сала Бердібек Сапарбаев өз командасын жасақтап, жауапты орындарға қоя бастап еді. Енді облыс әкімінің өзі әкелген кадрлары өзара қырқысып, ашық айқасқа шыққан секілді. Бұл туралы әулиеаталық журналист Жасұлан Әбдіхалық әлеуметтік желіге жазған екен. Біз белсендінің жазбасын қаз-қалпында сайтымызға жариялауды қош көрдік.
«Әкімдіктің аппараты өсекші ме әлде өзіміз бе, түсінбейсің?!
Әйтеуір бізде кім қай қызметке барады, қашан барады, кім арқылы баратынын бес ай бұрын біліп отыратын болдық???!
Долбарымыз дәл түсіп Ішкі саясатқа Садубаев келді. Кейбіреулер, «тартады- тартпайды» деп күбірлеп жүр. Мәселе тартқыза ма?
Сапарбаевтың қазіргі командасының өзі командаға бөлініп алған. Үй ішінен үй тіккендердің үлкені Жылқыбаев! Ерекең қазір ет қоңына енді. Сапарбаев билігінің 50 пайызын еркін иеленіп жатыр. Басқарма мен аудан әкімдерін күштеп жылу жинатып қаланы сылап-сипап сурет салып алды. Мурализм мэр!
Одан кейінгі дәу аппарат басшысы Расул Медетов. Әкіреңдеген экс антикордың әрекеті жергілікті шенеуніктердің шыдамын тауысып ақ жүр. Кейде тіпті әкім болғысы келіп аудан аралап қайтады. Бір күні біреуі атып кетпесе аман қайтар. Үшінші үй супер советник Жандос Байырбековке тиесілі. Тендр деген тегін астауға келгелі бас қойған. Содан тұрған жоқ әлі. Шәпкесін басып киіп құрылыс біткеннің қуыс-қуысында жүр.
Тағы бір жаңа ойыншы көріне бастады. Әкімнің көмекшісі Дарханның мүридтері. Тәй-тәй басып, тендрге таласып, тістеп — қашып өсіп келеді.
Бұлар үш таған емес, Төрт таған!
Міне осы төрт тағанның тілін тауып, тіресіп қалмай тіршілік етсе Садубаев тартып кетеді. Ал анда-санда біздің бір қауып алғанымыз ол балаға майдай жағады. «Енесі тепкен құлынның еті ауырмайды».
Төрт таған қауіпті! Үлкен кісіге жағу үшін, қасында қалу үшін кімді болса да жұтып жібереді.
Пиарщик Құлшыманов та, Күнтуов те осы ойынның құрбандары болып қашып құтылған. Енді саяқ жүретін Самат Сүлей де сөмкесін жинап жатыр екен.
Келесі прессек кім болмақ..?»
Серғали Асланбек