«Қамшымен қорқытып ұстап отыр»: Алматы облысында ағайынды малшы өздерін құлдықтан құтқаруды сұрады

0

Алматы облысында ағайынды екі азамат өздерін құтқаруын сұрап видеоүндеу таратып жатыр. Шағымданушылардың сөзінше, оларға Кербұлақ ауданында Ғабит Бөрібаев есімді азамат екі айдан бері күштеп мал бақтырған, деп хабарлайды Информбюро жаңалықтары.

Одан қалды не ақымызды төлемей, не жейтін асымызды жеткізбей әбден қинады дейді.

«Құлдықтан құтқарыңыздар» деп көмек сұраған бес баланың әкесі Бибол Ясымбек осы бейнежазбаны жазып жіберген. Оқиға орнына полицейлермен барғанымызда, алдымыздан қария шықты. 87 жастағы ақсақал екі баламды осы жерден малдың иесі жібермей жатқандықтан, оларды босатуын сұрап, үлкен басыммен келген едім дейді.

“Өлсеңдер осы жерде өліп қалыңдар дейді. Біз адам емес, ит құрлы болмадық қой бұған. Неге қорлайды бұл бізді? Ей айналайын бұлар өліп қалса, мен қайтып жан бағамын дедім?”, – дейді Нұрбол мен Биболдың әкесі Ясымбек.

 Бізді құлдықта ұстап отыр деген екі ағайындының сөзінше, қазір олар 46 бас сиыр, 150 бас жылқы, 400 бас қой бағып отыр екен. Малдың иесі сөздерінше, осыншама малды қарауға бар болғаны 250 мың теңге төлейді екен.

Қазір денсаулығымыз жарамайды, малды қарамаймыз деген қарсылығымызға қарамастан малдың иесі бізді күштеп ұстап отыр деп шарасыз күйде отыр.

“Біз малды өз бетімізше тастап кетуге қорқамыз. Мынау енді қинау болмағанда енді не? Мына малды қарайсыңдар дейді. Бізді қорқытты. Ана үйіне кіргізіп алып, қорқытты. Қамшымен. Қамшысын бүктеп алып, қайда барсаң онда бар деп бізді бопсалады. Екі ай болды, он тиын ақы алған жоқпыз. Осы жерде ішіп, жейтін продуктамыз да қалмайды. Осы 400 бас қойды қырқытып та алды, оның да ақшасын берген жоқ”, – дейді малшы Нұрбол Ясымбек.

Ал отар-отар малдың иесі Ғабит Бөрібаевтың өзі ешкімді күштеп ұстап отырған жоқпын дейді. Керісінше, олардың «бес жылға дейін мал бағамыз» деген уәдесіне сеніп несиесін өтеп, балаларына жағдай жасадым деп ашулы. Және ағайындылардың қалған шағымын жоққа шығарды.

“Ешқандай зорлық-зомбылық болған жоқ. Келісім шарттарымыз Ясимбек Биболмен 3 жылға, Ясимбек Нұрболмен 5 жылға болған. Бірақ келісім шартқа қарамай, ол азаматтар келісім шарттарын бұзды. Құдай бұйыртса 10-15 күнде ме екен, бір жетінің ішінде ме екен, малшы табылса жұмыстан босатуға уәде беремін”, – дейді мал иесі Ғабит Бөрібаев.

Ал мал қарауға денсаулығымыз сыр бергендіктен келісім шартты бұздық деген екі ағайынды, қожайын өзге бақташыны әдейі іздемей жүр деп күдіктенеді. Қазір бұл істі Кербұлақ ауданы полициясының бастығы өз бақылауына алды.