Театрға бөлінген миллиондар қайда?
«Отанды сүйгенің де күйік екен» деп арқалы ақынымыз Мұқағали Мақатаев жырлағандай, мені де Отанымдағы, туған жерімдегі болып жатқан жағдайлар қатты қынжылтады. Сөз Ақтөбе облысында болып жатқан жағдай туралы болмақ. Нақтырақ айтсақ, Тахауи Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының басындағы жағдай.
Аталмыш театрдың бағы бір жанбай қойды-ау деп алыста жүрсем де, алаңдап жүремін. Мен сауалдарымды Ақтөбе облысы әкімі Оңдасын Сейілұлына, Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисқызына жолдаймын.
Тахауи Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрына жөндеу жұмыстарын (ремонт) жүргізу үшін бюджеттен 800 млн теңгеге жуық қаржы-қаражат бөлінгендігі рас па? Рас болса, ол қаражат қалай жұмсалып жатыр, бұл деген театрға ремонт жасау былай тұрсын, су жаңа театрды іргетасын қалап тұрып салатындай ақша көлемі ғой, шіркін? Неліктен театр ғимараты ремонтының аяқталуын театр қызметкерлері екі жылға жуық уақыт бойы күтіп жүр? Театр астан-кестен, әлем-жәлем болып қашанғы тұрады? Сонда жергілікті сала басшыларын театр жұмысының ойдағыдай жүрмей тұрғаны уайымдатпай ма? Театр ремонтының тым созылып кетуіне не себеп? Театр мәселелеріне қатысты сот тыңдалымдары өтіп жатыр дегені де рас па? Рас болса, бұл сонша жасырын өткізілетін қандай сот істері? Ақтөбе облысы әкімдігіне қарасты Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысы өз ішінде бір сырды бүгіп отқан жоқ па? Президент айтатын ашықтық пен жариялылық қайда қалды?
Театрға ремонт осыдан 3-4 жылдың айналасында жасалды емес пе? Тағы да ремонт жасау несіне қажет болды екен? Әлде, бұл мемлекет қаражатын жымқырудың амалы ма? Одан да облыс басшылығы неліктен пайдалы істермен айналыспайды? Неліктен театр қызметкерлеріне жатақхана, тұрғын үй салу жұмыстары жүзеге асырылмайды? Неліктен театр актерлерінің тұрмыстық жағдайларын көтерудің қамы жасалмайды екен? Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының өзі мәдениет саласына, оның ішінде, театр қызметкерлерінің жағдайына көңіл бөлуді тапсырды ғой. Неге Президенттің айтқанына немқұрайлысыз, құрметті Алтынай Юнисқызы? Ақтөбе облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы қызметін ойдағыдай атқара алмай отырмын деп ойламайсыз ба?Түсінбеймін!!!
Соңғы жылдары театр іші тиімсіз, бір сәттік қана баянсыз жобалардан көз ашпай келеді. Есіл ақшалар желге ұшқандай ма, қалай?.. Соңғы жылдары театрға бөлінген ақшалардың орынды-орынсыз жұмсалғандығын дұрыстап тексеру керек деп есептеймін. Бұны Ақорда өз назарына алса, жақсы болар еді.
Театрдың әлеуметтік жағдайының мүшкіл екені түсінікті, оған қоса шығармашылық ахуалы да ақсап тұр емес пе? Биыл Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы. Сонда осы мерейлі датаға арналатын қойылым туралы неге бір хабар жоқ? Бұл мерейтойға бөлінген ақшаны да талан-таражға салып отқан жоқ па Ақтөбедегі мәдениет саласы басшылығы? Неге бұл мәселе де жабулы күйінде қалып келеді? Бұл театр біліктілік тұрғысынан да республика бойынша көш соңында қалып келе жатқаны жасырын емес. Ақтөбе облыстық әкімдігіндегі басшылар қайда қарап отыр?
Балтабек НҰРҒАЛИЕВ, әлеуметтік парақшасынан алынды.