НАТО өз әскерін қайда аттандырады
Ауған бағыты бойынша бүгінде қалыптасқан жағдай АҚШ-тың барлық одақтасын есеңгерітеп тастағандай. Әсіресе, НАТО блогына үміткерлер ыршып түсті. Олардың қатарында грузиндер мен украиндер де бар, деп жазды РИА Новости.
Кабулдағы америкалық базада бүгінде 400 жуық адам, шығысеуропалықтардан құралған түрлі ұлт өкілдері тұралап қалды. Олар келісімшарт бойынша америкалықтарға қызмет етіп, тәлібтер қамауда болған түрмелерді күзетті. Қазір тәлібтер бостандыққа шығып, қаруды тартып алды. Әзірше ешкімді ренжітіп жатқан жоқ.
Украиналық жалдамалы әскерилер ресейлік биліктен ауған жеріне ұшақ жөнелтуді сұрады. Ал НАТО-ның толыққанды мүшесі, одақтас мемлекеттер америкалықтарға тіпті наразы болып отыр. Себебі америкалықтардың елден жылдам кетуінен туындаған дүрбелең салдарынан немістер де, голландтар да, чехтар да Кабул әуежайынан өз азаматтарын алп кете алмады. Америкалықтар ешкіммен кеңеспей, 31 тамызды эвакуациялаудың соңғы күні деп жариялады.
Америкалықтардың Ауғанстанда адамдарды ғана емес, әскери ұшақ, тікұшақ, броньді техника, қару-жарақты да қалдырып кетуі одақтастарда екіұдай сезім тудырды. Бұл сырт көзге НАТО бойынша серіктестерден жасырын басқа бір құпия келісім аясында миллиондаған доллар тұратын қару-жарақты қалдырғандай көрінді. Кейбіреулер америкалықтар тәлібтердің елді қай күні басып алатынын алдын ала білді және елден кетуге дайын болды деп күдіктеніп отыр.
Мұндай күдіктің туындауы бекер емес. Себебі АҚШ тәлібтермен мәмілеге келудің сан түрлі жоспарын әзіреген болатын. 2010 жылы «Халықаралық бейбітшілік үшін» Карнеги қоры содырлармен татуласудың түрлі нұсқасы талқыланған баяндаманы жариялады. Ол проамерикалық үкімет пен «Талибан»* арасында провинцияларды бөлуден бастап өз диктаторын тағайындауға дейін мәселені қамтыды.
2018-2020 жылдары Ауғанстандағы америкалық елші Залмай Халилзад Трамп әкімшілігінің атынан «Талибан» өкілдерімен құпия келіссөз жүргізді. Ол 2020 жылдың көктеміндегі тәлібтермен арадағы келісіммен аяқталды. Бұл тікелей Вашингтонның әрекеті. Ақ үй бұл жоспар туралы НАТО бойынша одақтастарымен бөліспегені анық.
Одақтастар барлығын түсініп отырғаны белгілі және олар да әрекет жасады. Ұлыбританияның қорғаныс министрі Бен Уоллес соңғы жылы түрік және итальян билігімен Ауғанстанда біріккен әскери контингент қалдыру бойынша келіссөз жүргізуге тырысқанын мойындады. Бұл келіссөз құпия жүргізілгені анық. Алайда ақырында бұл идеяны жүзеге аспайтын жоспар ретінде таныды.
Жалпы одақтастар Вашингтонның өз әскерін алып кетуді консультация немесе келіссөз жүргізбестен, біржақты шешім қабылдағаны ашындырып отыр. Блоктың бірлігін паш етуге тырысқанмен, басқа мемлекеттердің наразылығы айқын көрініп тұр. Брекситтен кейін АҚШ-қа біршама тәуелді болып қалған Англияның өзі өткір пікір білдірді. Ангела Меркель Германияның жаңа канцлері ретінде мойындап отырған Армин Лашет те Ауғанстаннан әскерді алып кету «НАТО блогының тарихындағы ең үлкен жеңіліс болғанын» айтты.
Франция президенті Эммануэль Макрон АҚШ-тың ауғандарды қабылдаудан бас тартуын да қатты сынға алып, бұл жайлы Байденге де ескертті. Мұны түсінуге болады. Себебі америкалықтар ауған босқындарының проблемасын еуропалықтарға оңай ысырып қоя салды. Жақын уақытта он мыңдаған босқын Еуроодақ пен Британияға лап қояды. Олардың арасында әлеуетті террорист бар болса, жағдай тіпті қорқынышты болмақ. Бірақ еуропалықтар босқындарға өз есігін жапса, Вашингтон оларды адамгершіліктен жұрдай деп айыптайтыны мәлім.
Қазір вашингтондық саясаткерлер әскерді енді қайда жөнелтуді көздеп отырғаны тағы бір өзекті мәселе болып отыр. Ауғанстанда НАТО блогындағы үш жарым мыңнан астам әскери көз жұмды. Не үшін? Түсініксіз.
Еуропалықтар өз сарбаздарын Вашингтон бастамасымен Қытайға жіберуге мәжбүр боламыз ба деп үрейленіп отыр. Жалпы бұл НАТО-ға мүше болуға асыққан мемлекеттерге әлі де ойлана тұруға дәлелді себеп болды.
*Қазақстанда тыйым салынған террористік ұйым.