Күзде отын нарығында қандай өзгерістер болуы мүмкін?

0
639

Жазбен қатар демалыс маусымы да аяқталуға жақын. Санитар дәрігерлердің болжамынша қыркүйекте балалар мектепке, ал олардың ата-аналары жұмысқа барады.

Әдетте қыркүйекте отынды тұтыну үлесі артады. Бұл айда қалаішілік көлік қозғалысы жанданады, ауыл шаруашылығы жұмыстары белсенді жүргізіліп, көкөніс пен жемістің қалааралық және транзиттік жүк тасымалының көлемі ұлғаяды.

Мұны ескерсек, «елімізде биыл күзде бензин мен дизель отыны жеткілікті бола ма» деген сұрақ туындайды.

Алдымен жақсы жаңалықтан бастайын. Нарықта бензин қоры жеткілікті. Павлодар мұнай-химия зауытының жоспарлы түрде жөндеу жұмыстарына жабылуы бензин нарығына айтарлықтай артық салмақ түсірмейді. Бензинді экспорттауға салынған тыйым өз септігін тигізеді. Бүгінде оның қоры өсіп жатыр, ал баға тұрақты. Тіпті бір танымал шоудағыдай «басқа елдер бізге қызғанышпен қарайды» деп айтуға болады. Алайда бүгінгі жағдай шынымен де осындай. Көрші елдерде АИ-92 маркалы бензиннің бөлшек саудадағы құны 45-50% жоғары. Мұндай жағдай Ресей сияқты мұнай державасында әрі импортқа тәуелді Қырғызстанда да болып отыр. Өнімді әлеуетті өткізу нарығына дейін жеткізу бойынша барлық шығынды шегергенде отандық бензиннің экспорттық құны Қазақстанның ішкі нарығында көтерме бағадан 2 есе артық екенін атап өткен жөн.

Тұтынушы үшін бұл өте жақсы және пайдалы. Алайда бұл Қазақстан экономикасы яғни мұнай саласы үшін тиімсіз. Себебі саладағы өтелмеген шығынның сомасы жоғары.

Нарықтағы жағдайға тоқталайын. Бізде еліміздің ішкі нарығына жеткізілетін арзан мұнай бар, одан бөлшек сауда нарығына жеткізу үшін одан да арзан бензин алып отырмыз.

Мұнай неге арзан? Өйткені Қазақстанда өндірілетін мұнайдың шамамен 70% ішкі нарыққа әрбір өндірілген тоннадан 110-130 доллар жеңілдікпен жеткізіледі. Мұнайдың қалған 30%-ы экспортынан түсетін кіріс бұл шығынды жаппайды.

Ішкі нарық үшін мұнай неге арзан? Жауап – одан өзіндік құны төмен бензин, дизель отыны және керосин алу үшін. Әлемнің көптеген елінде отын бағасын төмен деңгейде ұстап тұру үшін мемлекеттік субсидиялар бөлінеді, ал елімізде бұл жұмыс инвестиция тартатын сала есебінен жүргізіледі. Алайда аталған мәселе әлі шешімін таппай келеді.

Қазақстан экономикасына төмен баға несімен қауіпті? Мұны біз Еуразиялық интеграция процестері аясында сезінеміз. Отандық бензин көрші елдердің қымбат нарығына ағылады. Болашақта көліктен ат арбаға отыруға дайынбыз ба? Оны уақыт көрсетеді.

Енді жағымсыз жаңалықты айтайын. Биыл күзде елімізде дизель отынының тапшылығы туындайды. Себебі жыл сайын қыркүйек-қазанда дизель отынын тұтыну көрсеткіші артады. Аталған екі айда дизельді жылдық тұтыну көрсеткіші шамамен 19-20% тең.

Бұл төмендегі жағдайларға байланысты:

  • Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерінің егін жинау жұмысын белсенді жүргізуі;
  • Жеміс-жидек және көкөніс дақылдарын Қазақстан өңірлеріне, Ресейге және алыс шетелге тасымалдауды жүзеге асыратын көлік кәсіпорындарының қалааралық және транзит көлемінің ұлғаюы;
  • Екінші тармақта көрсетілген себептер бойынша теміржолда жүк тасымалының да үлесінің артуы;
  • Жол-құрылыс жұмысының аяқталуы.

Мұның барлығы нені білдіреді?

Павлодар мұнай-химия зауытында (ПМЗД) жөндеу жұмыстары аяқталған дейін ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер, теміржол тасымалдаушылар, ірі жанармай құю станция желілері дизель қорын қалыптастырады. Қыркүйекте дизель отынын тұтыну көлемі шамамен 490 мың тонна болса, онда 3 қазақстандық мұнай өңдеу зауытындағы болжамды көлем шамамен 450 мың тонна болады. Өңірлерде отын қорының шектеулі деңгейін ескерсек, елімізде отын тапшылығының туындау қаупі бар. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер мен теміржол инфрақұрылымы объектілері дизельмен қамтамасыз етілсе, ал көлікпен жүк тасымалы нарығында не болады деген сұраққа бүгін жауап беру қиын.

Дизель тапшылығы неге туындады? Жақында мен Ресеймен шекаралас аймақтарға дизель отыны жіберілгені туралы айттым. Расталмаған ақпарат бойынша тек шілдеде Ресейге 30 мың тоннаға жуық дизель жіберілген. Бұл жағдай тамызда да болып жатыр. Бұл 30 мың тонна қыркүйекте отандық нарыққа жетпеуі мүмкін. Дизельдің көрші нарыққа жіберілуі қазақстандық және көрші нарықта бағаның әртүрлі болуымен байланысты.

Қазақстан мен Ресейде бөлшек сауда бағасының айырмашылығы төмендегідей:

  • Аи-92 маркалы бензин – 67-70 теңге/литр;
  • Дизель – 72-75 теңге/литр.

 

Нарықта теңгерімді баға болмайынша Қазақстаннан Ресейге өту экономикалық тұрғыдан тиімсіз болады.

Қазіргі отын нарығындағы жағдайға тоқталайын:

1.Мұнайдың арзан болуы саладағы технологияларды дамытуға және өндіріске инновациялар енгізуге мүмкіндік бермейді.

  1. Жанармай құю бекеттерінде бензиннің арзан болуы жанармай бөлшек саудасының дамуын тежейді;
  2. Бұл жағдайды көрші елдер пайдаланып отыр.

Автор: Ерлан Жаукин

Толығырақ: https://inbusiness.kz/kz/author_news/kuzde-otyn-narygynda-kandaj-ozgerister-boluy-mumkin