«Біз тәліптер емеспіз»: Ауғандық студенттер Қазақстан билігінен көмек сұрады

0

Ауғанстаннан келген студенттер Қазақстанда болу мерзімін ұзартуды сұрайды. 1 қыркүйекте олар отанына оралуы керек, бірақ елдегі биліктің өзгеруіне байланысты қайтқылары келмейтінін айтады, деп хабарлайды 31 арна.

“Бес жыл бұрын университетке оқуға түсуге келдім. Қазір оқу аяқталды. Бірақ жағдайдың қандай екенін білеміз. «Талибаннан» бәрі қорқады.Ол жаққа барғымыз келмейді. Визаны ұзартуды сұраймыз. Көші-қон полициясының шешімін күтеміз, содан кейін Қазақстан елшілігіне жүгінеміз”,- дейді ауғанстандық студент Абдул Кахар Расули.

Абдул Кахар Расулли – көші-қон полициясына Қазақстанда болу мерзімін ұзарту туралы өтініш білдірген Қарағанды техникалық университетінің 12 студенті.

Студенттің айтуынша, қазір оның ата-анасы, бес әпкесі және екі ағасы Кабулда. Әкесі әскери полицияда жұмыс істеген, сондықтан үйден шығуға қорқады.

“Қолданыстағы заңнамаға сәйкес аталған шетелдік студенттер 31 тамызға дейін Қазақстан Республикасының аумағында болуға құқылы. Қазіргі уақытта оларды шығару туралы мәселе жоқ. Қазір бұл азаматтардың Қазақстан Республикасында одан әрі заңды қалуы туралы мәселе пысықталуда”,- дейді Қарағанды облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің басшысы Бақытжан Құдияров.

Сондай-ақ, Астана арнасына берген сұхбатында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті Само Каргар Қазақстан билігінен Ауғанстанда тұратын ата-анасы мен бауырларын Алматыға эвакуациялауға көмектесуді сұрайды.

23 жастағы қыз ата-анасы және інілерімен бір жарым айдан бері байланыса алмай отырғанын жеткізді.

“Бір жарым айдан бері ата-анама хабарласа алмай отырмын. Тәліптер қалаларды басып алғаннан кейін басынан-ақ байланыс жоғалды. Мен олардың қазір қандай күйде екенін білмеймін. Күн сайын оларға хабарласуға тырысамын, бірақ жауап жоқ. Уайымдап жүрмін”,- дейді бойжеткен.

Ата-анасымен байланыса алмау студентке оқу орнынан шығару қаупін төндіріп тұр. Пандемияға байланысты ол шекарадан уақытында өтіп, оқуын аяқтай алмаған. Нетижесінде гранттан айырылыпты. Қыз төртінші курс бағдарламасын ақылы негізде қайтадан оқуы керек. Бірақ белгілі себептермен ата-анасынан қаржы ала алмай отыр.

“Оқуға 300 мың теңге төлеуім керек. Сонымен қатар, визаға 89 мың теңге беру қажет. Егер бұл ақшаларды таба алмасам, мені оқудан шығарып жібереді. Барлық еңбегім зая кетейін деп тұр. Мен қатты білім алғым келеді”,- дейді студент.

Қыз өз отанына оралғысы келмейді. Талибандардың қолында қалудан қорқып отыр.

Мен Қазақстан билігінен көмек сұраймын. Ауғанстандағы ата-анам мен бауырларымды осында әкелуге көмектессеңіздер екен. Олар да мұнда мен сияқты жақсы білім алып, белгілі бір саланың маманы болар еді. Ауғанстанда барлығы енді ғана дами бастады. Талибандар келгенге дейін. Жастар оқыды. Жалпы, ауғандықтар мен талибандар әртүрлі халықтар екенін атап өткім келеді. Кейде әлеуметтік желілерде адамдар маған қорлау сөздер айтқанда қатты көңіліме тиеді. Біз Талибанға қатысымыз жоқ”, – дейді Само Каргар.