Үстемеақыны алып қойған бас дәрігер коронавирустан қайтыс болды
Жамбыл облысында қоластындағы медицина қызметкерлерінің үстемеақысын алып қойған аудандық аурухана бас дәрігері Алпысбай Батихан коронавирустан көз жұмды, деп хабарлайды ЭК.
Бұл туралы Жуалы аудандық орталық ауруханасының Instagram парақшасы жазды. 20 тамызда Алпысбай Батихан ауруханаға нашар хәлде түсіп, өкпені желдету аппаратына қосылған. Екі күннен кейін қайтыс болған.
Жуалы аудандық аурухананың басшысы Алпысбай Батихан қызметінен босатылған соң, бір жылдан кейін соттасып жүріп қызметіне қайта оралған.
Оған дейін қоластындағы бір медициналық қызметкер басшылықтың үстемеақының бір бөлігін қайтаруға мәжбүрлеп жатқанын айтып, әлеуметтік желіде дабыл қаққан. Қызметтік тергеу кезінде арызданушы уәждерінің бірсыпырасы анықталған.
Жамбыл облысының әкімдігі Алпысбай Батихан басқарған ұжымдағы ауыр моральдік-психологиялық ахуалдың қалыптасқанын, басшылықтың кәсіби міндетіне жауапсыз қарағанын мәлімдеген. Артынша қызметінен алып тастаған еді. Бірақ маусым айында ол қызметіне қайта оралды. Қызметінен босату туралы шешімді сот заңсыз деп тапқан. Оның үстіне, жұмыс істемеген уақыты үшін 1 834 404 теңге өтемақы өндіріп алған.