Қанат Ислам шаршы алаңға қашан оралады?

0

Қанат Ислам шаршы алаңға қашан оралады?

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Ислам (25-0, 20 КО) шаршы алаңға қашан оралатыны жайлы айтты, — деп хабарлайды Vesti.kz сайты.

«Qazaq» деген лақап атпен танылған қазақ боксшысы өткен жылдың қыркүйек айынан бері жекпе-жек өткізген жоқ. Астанада канадалық боксшы Брендон Кукпен жұдырықтасып, 9 раундта техникалық нокаутпен қарсыласын жеңген болатын. Одан кейінгі жекпе-жегін биыл 23 маусым күні өткізетіні белгілі болған еді. Алайда отандасымыз жаттығу кезінде жарақат алып, жекпе-жек өтпей қалды.

— Мен жақында ғана жарақатымнан айықтым. Жаттығуымды бастадым. Наурыз айында шаршы алаңға оралуды жоспарлап отырмын.

Қазіргі таңда ұйымдастырушылық жұмыстармен қолым босамай жүр. 13-16 желтоқсан күндері «Astana Arlans» жанкүйерлері арасындағы жарыстан кейін Бақтияр Артаевпен бірге үлкен бокс кешін ұйымдастырамыз. Біздің мақсат — отандық кәсіпқой боксты дамыту, — деген Қанат Ислам.

Айта кетейік, Қанат Ислам 2 011 жылдан бері кәсіпқой бокста қазақ елінің атынан бақ сынап келеді. Ал оған дейін Қытай елінде жүріп Олимпиада ойындарының (2008 ж) және әлем чемпионатының (2007 ж) қола жүлдегері атанған-ды.