Пышақты жуып, тығып қойған: Павлодарда жігітінің қылмысын жасырған қыз ұсталды

0

Павлодар облысында жігітінің адам өлтіргенін жасырған қыз ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz сайты.

Павлодар облысы Успен ауданының полиция бөлімінің қызметкерлері 30 жастағы ауыл тұрғынына қатысты істі тергеп жатыр.

«Маусым айының соңында Успен ауданының Қозыкеткен ауылында 22 жастағы жергілікті тұрғын жанжалдан кейін танысына пышақ жарақатын салған, соның салдарынан жәбірленуші оқиға орнында көз жұмған. Ауыл тұрғыны қылмыстың куәгері болды, бірақ полицияға болған оқиға туралы хабарлаудың орнына заттай айғақтардан арылуға тырысқан, – деді Павлодар облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.

Қыз қылмыс құралын – пышақты жуып, жасырды, сонымен бірге марқұмның заттарын жуды деген күдікке ілініп отыр.

«Осыдан кейін тұрғындар оқиға орнынан кетіп, бақшаға тығылған. Олар жазадан жасырыну үшін ауданнан кетуді жоспарлаған, бірақ жоспары жүзеге аспады. Бірнеше сағаттан кейін полиция ұстады», — деп толықтырды Қайыров.

Қылмыс жасаған күдіктіге қатысты Қазақстан Қылмыстық кодексінің 106-бабының 3-бөлігі (абайсызда жәбiрленушiнiң өліміне әкеп соққан не қылмыстық топ жасаған іс-әрекет) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Ал осы қылмысты жасырған оның сүйіктісіне қатысты 432-бап (Қылмыстық құқық бұзушылықты жасыру) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.