Бақтияр Артаев: «Отандық футболды жабу керек»

0
Олимпиада чемпионы, Вел Баркер кубогінің иегері, Қазақстанның бокстан мемлекеттік жаттықтырушысы Бақтияр Артаев отандық футболды жабу керегін мәлімдеді. Бұл туралы ол Жетінші арнадағы OYAN, QAZAQSTAN! бағдарламасына берген сұхбатында айтты, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Бақтияр Артаевтың айтуынша, бір ғана кәсіпқой футболды жапса, жылына 2 миллиард үнемделеді.

«Бір облыстың өзінде футболға бөлінетін жылдық бюджет — 1,5-2 миллиард теңге. Бір футболдың өзінен бір облысқа 20 спорт кешенін салуға болады. Бұл дегеніміз үш жылдың ішінде бір облыста 60-қа жуық спорт кешені салынса, 60 елді мекен спорт нысанымен жабдықталады деген сөз. Осылайша бұқаралық спортты көтереміз, қаншама баланы жүйелі түрде спортқа баулимыз», — дейді боксшы.

Оның сөзінше, ауылдан шыққан бала қалаға келеді, қаладан ол республикалық, әлемдік деңгейде өнер көрсетеді. Жүйені осылай жасаса болады.

Олимпиада чемпионы «Астана» президенттік спорт клубын жабу керегін айтты. Өйткені Бақтияр Артаев олардың легионерлермен жұмыс істеуін ақшаны далаға шашумен тең деп санайды.

«Мысалы, «Барыс» кәсіби хоккей клубы немесе велокомандалар өзін «Тур де Франста» көрсетуі мүмкін. Болмаса Еуропаның ішінде айналып жүруі мүмкін. Бірақ түбегейлі Олимпиада чемпиондарын шығармайды. Олар қара көздеріміздің үлкен дәрежеге шығуына мүмкіндік беріп отырған жоқ. Жүйелі түрде жұмыс істеп жатқан жоқ. Олар легионерлермен ғана жұмыс істейді, бар өнімді сырттан алып келіп, ақшаны сыртқа шашып жатырмыз. Ал өзіміздің қара көздеріміз ауылда қалып отыр. Сондықтан осылардың бәрін жауып, тек өзімізге көңіл бөлуіміз керек», — дейді ол.

Бақтияр Артаевтың айтуынша, ең алдымен легионерлерден бас тарту — әр облыс үшін миллиардтаған теңгені үнемдейді. Екіншіден Мәдениет және спорт министрлігін бөлу керек. Үшіншіден мемлекеттік жаттықтырушы статусын көтеру қажет. Төртіншіден ауылдағы балаға жол ашу үшін спорт кешендерін ашу керек.