Айқын: Жоғары жақтан келетін қоңыраулардан мен де қорқамын

0

Әнші Айқын биліктен қорқатынын жасырмайды. Желіде тым белсенді болуға, ашық айтуға тартынады. “Мен де жоғары жақтан қорқамын” деп ақталады. Алайда айтуға тұрарлық жайттарды талқылауға, өзекті мәселені жоғарыға жеткізуге талпынатынын да айтты.

Бұл туралы әнші Тимур Балымбетовпен болған сұхбатында айтты.

Айқын өзі жазған жазбалары үшін сөз естіп, жоғарыдан келген бұйрықпен кей жазбаларын алып тастағанын айтты. Алайда нақты қандай мәселе екенін айтпады. Дегенмен, билікке жетуі тиіс дүниелерді айтудан қашпаймын дейді ол.

“Мен де жоғары жақтан келетін қоңырауландан қорқамын. Бір жазбамды алғызып тастаған кездер болды. Мен өзім тұрған жерде, Алматының Бостандық ауданында мектепке талай жыл барып баскетбол ойнап жүрдім. Мен көрген мектеп 30 жылда түк өзгермеген. Баяғы аула сол қалпы. Сондай нәрселерді желіде жаздым. Ол айтылуы тиіс деп ойлаймын. Онда тұрған ешнәрсе жоқ. Себебі төмен жақ пен жоғары жақ арасында байланыс жоқ. Жоғарыдағы басшылар көрмеген соң, не естімеген соң жасамайтын шығар. Оларға айту керек шығар деп есептеймін. Мәселен, еден жуушы әйел еден жуу үшін не керек екенін басшысына айтпаса, ол білмейді ғой. Сол секілді басшымен арада байланыс болу керек деп ойлаймын”, – деді әнші.

Айқын Төлепберген орыс әндерін жазып Ресейде өзін танытпақ болғанымен ол жоспары іске аспай қалғанын айтты. Өзінің шығармашылықтан бөлек жеке коммерциялы бизнесі бар. Жақында караоке ашуды ойластырып жүр. Осы ретте Айқын ЛГБТ мүшелеріне қатысты ойын да ашық айта кетті.

“Кейбіреулер ЛГБТ-ның туы түстес ойыншықтарды неге балаға көрсетесіз деп сынайды. Онда тұрған не бар? Бала оның не екенін де түсініп тұрған жоқ. Сол үшін ол ертең жынысын ауыстырып, ЛГБТ мүшесі болып кетпейді ғой. Ол тәрбиеге байланысты. Өзің қандай болсаң, балаң сондай болады. Бастысы жақсы тәрбие бер”, – деді әнші.

Естеріңізге сала кетейік, Айқын осы сұхбатында көзіне блефаропластика жасатқанын мойындаған еді. Сондай-ақ әнші әке-шешесін коронавирусқа қарсы вакцина салдыруға көндіре алмай жүргенін жеткізді.