Жезқазғанда жолда тоқтаған көліктің ішінде түсірілген видео желіде қызу талқыланды

0
3057

Жезқазған қаласында ер адам өлген мысықты велосипедке байлап, көшемен жүрген. Полиция тәртіп бұзушыны ұстады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Әлеуметтік желіде тараған видеода бейнетіркеу құралы бар көлік жаяу жүргіншілерді өткізіп жіберу үшін тоқтайды. Осы кезде қиылыстан велосипедімен мысықтың өлексесіне ұқсас затты сүйреп келе жатқан ер адам өтеді.

Желі қолданушылары велосипедшіні үй жануарына қатыгездік танытқаны үшін сынға алды. Ал полиция Қылмыстық кодекстің 316-бабы (Жануарларға қатыгездік жасау) бабы бойынша тексерісті бастады. Іздеу шаралары барысында велосипед мінген ер адам анықталды. Ол Жезқазған қаласының 51 жастағы тұрғыны болып шықты. Оның айтуынша, мысықты велосипедке байлап сүйрегенде үй жануары тірі болмаған. Одан бір тәулік бұрын өлген. Ер адам оны көму үшін басқа жақа апарғысы келген.

Дегенмен полицейлер осы оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тергеу жүргізуге кірісті. Тиісті сараптамалар да жасалады. Соның негізінде процессуалдық шешім қабылданады.

Айта кетері, 316-бап бойынша 120 АЕК-ке (350 040 теңгеге) дейінгі мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстары немесе 120 сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тарту, я болмаса, 30 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу жазасы қарастырылған.