Мүгедек болып қалған: Қарағанды тұрғыны мас азаматқа көмектемесімін деп соққыға жығылды
Қарағандылық банкомат алдында көмектеспек болған ер адамды ұрып, басы дауға қалды. Оқиға кезінде ол мас болған. Зардап шеккен адамның жағы мен мұрны сынып, миы шайқалған, тісінен айырылған. Соққыға жыққан ер адам бір жылға шартты түрде сотталған. Зардап шеккен жігіттің туыстары үкім тым жеңіл дейді. Оқиға туралы Tengrinews.kz тілшісінің материалынан оқыңыз.
Оқиға былтыр мамырда қоғамдық орында болған. Оқиға видеобақылау камерасына түсіп қалса да, тергеу бір жылға созылған.
Бейнежазбадан ер адам банкомат алдында ұзақ тұрғанын көруге болады. Оған 39 жастағы қалалық жақындап, аппарат қалай жұмыс істейтінін түсіндіруге тырысқан, алайда соққының астында қалған. Кете бастағанында бұзақы оны құлақшекеден ұрған. Зардап шегушінің миы шайқалып, жағы мен мұрны сынған, тісінен де айырылған.
«Ол менің ұлымды аяусыз соққыға жықты. Балам ауыр жарақат алды. Ол әлі күнге емделіп жатыр — 2 жыл 2 ай. Беті сал болып қалды, жүйке тамырына зақым келген. Миы шайқалып, контузия алған соң басында ісік пайда бола бастады. Жағдайы мүшкіл. Басы ауырады, ұйқысыздық. Процесс өте ауыр. Нәтижесі қандай боларын білмеймін, дәрігерлер болжам жасамайды. Невропатолог жағдай нашарлай беруі мүмкін екенін айтты», — дейді жәбірленушінің анасы Ольга Осинцева.
Анасының айтуынша, бастапқыда ол өзі татуласуды ұсыныпты, бірақ 28 жастағы сотталушы Тимур Мифтахов бас тартқан. Іс бірнеше рет тоқтатылған, жәбірленушінің туыстары жазалауды талап еткен. Кейін іс «Бұзақылық» бабы бойынша сотқа жеткен. Ал сөзжарыс қарсаңында тіпті «Орташа деңгейдегі дене жарақатын салу» бабына ауыстырылыпты. Осылайша Мифтахов бір жылға шартты түрде сотталып, жәбірленушіге 1 миллион теңге моральдық шығын өтеуге міндеттелген.
«Мынадай жарақат салғаны үшін шартты түрде бір жыл! Әр адам мұндай жағдайға тап болуы мүмкін. Ішіп алған осындай бұзақылар тұрған жеріңе барып, құлақшекеңнен ұруы мүмкін. Бұдан кейін ештеңе істей алмай қаласың», — дейді Осинцева.
Қазыбек би аудандық соты өкілдері үкімді түсіндірді.
«Айыптаудан «бұзақылық ниетпен» деген белгі алып тасталды, себебі жәбірленушінің арандатушы әрекеті болды. Жәбірленуші банкоматтан ақша алып жатқан сотталушыға жақын тұрып, онымен жанжалдасуға өзі ықпал еткен. Бұған дейін сотталушы қоғамдық тәртіпті бұзбаған, бұл бұзақылық туралы істер бойынша Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысын негізге ала отырып, әрекетті «бұзақылық» деп саралау кезінде аса маңызды», — деп түсіндірді судья Шынар Іргебек.
Судьяның сөзінше, бұзақылық — дөрекілік танытып, шімірікпестік көрсету, қоғамдық тәртіпті бұзу, моральдық нормаларға құрметпен қарамау, қоғамға қарсы болып, адамдарға тиісу. Мифтаховтың қоғамдық орында болуы сияқты бір ғана дерек мұндай саралауға жеткіліксіз.
Алайда жәбірленушінің отбасы апелляциялық арыз беруге ниетті. Ирина Осинцеваның айтуынша, сотталушы өкінбеген, кешірім сұрамаған және ем-домға бірде-бір тиын бермеген. Қазір ұлы екінші топтағы мүгедек болып қалған.