«Грант бар деп шақырып алды»: Нұр-Сұлтанда алданған талапкерлер шу шығарды

0

Елордада алпыс шақты талапкер Қазақ технология және бизнес университетінің мамандарына алданып қалдық деп, министр Асхат Аймағамбетовтан көмек сұрады, деп хабарлайды “Информбюро” бағдарламасы.

Бір ай бұрын графикалық дизайн мамандығына құжат тапсыруға барғанда қабылдау комиссиясының мамандары мемлекеттік грант бар деп, құжаттарын қабылдаған. Бірақ талапкерлер шығармашылық емтиханды тапсырып болған соң, «графикалық дизайн» мамандығына мемлекеттен грант бөлінбегенін айтыпты.

“Ұлым құжат тапсыруға барғанда мемлекеттік грант бар деді. Біз кәдімгідей үміттендік. Ұлым 114 балл жинады. Ол жақсы көрсеткіш, грантқа өтіп тұрмыз. Бірақ унверситеттердегілер грант жоқ деп қол қусырып отыр. Енді қайда барамыз? Бұл университеттің мамандары балаларды алдағаны үшін жауапқа тартылсын! Біз секілді ешкім алданып қалмасын”, – дейді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Гүлмайра Самаратова.

Қазақ технология және бизнес университетінің шығармашылық емтихан нәтижесімен өзге оқу орындары талапкерді қабылдамайды. Оның үстіне басқа оқу орындарында шығармашылық емтихан уақыты өтіп кеткендіктен, талапкерлер енді ешбіріне құжат тапсыра алмай отырмыз дейді. Жылына 650 мың теңге төлеп баламызды оқытуға шамамыз жетпейді деген талапкерлердің ата-аналары бізге қалай да грант бөлінсін, алдағандары үшін университет басшылығы жауап берсін деп отыр.

Азаматтар білім және ғылым министрлігі мен қалалық полиция департаментіне де шағым түсірген. Алайда әзірге нақты жауап келмеген. Ал Технология және бизнес университетінің өкілдері болса өзіміз де гранттың бөлінбейтінін кеш білдік, енді министрліктен қажетті грант сұрап отырмыз дейді.

“Грантқа қатысамыз деген хатты біз жолдадық. Алайда біз 16 шілде күні университеттің грантқа қатыса алмайтынын біліп отырмыз. Биылғы жылғы гранттан қағылып отырмыз. Тығырықтан шығатын жол – өтініш жазып, жоғарғы жаққа жіберу”, – дейді ҚАЗТБУ қабылдау комиссиясының техникалық хатшысы Айнұр Әбдікерімова.