«Талибан» Шыңжаңға жақындады: Қытай СІМ Орта Азияға келе жатыр
Қытайдың сыртқы істер министрі Уаң И Орталық Азия елдеріне ресми сапармен келмек. Анықырақ айтқанда Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстанға 4 күндік сапарда болады. Ол кезекті сапары аясында Шанхай ынтымақтастық ұйымы сыртқы істер министрлерінің және ШЫҰ-Ауғанстан байланыс тобының отырысына да қатыспақ.
Қытай бас дипломаты Орталық Азияға қандай мақсатта келе жатқаны айтпа са да түсінікті. Ауғанстанда бақылау аймағын күн сайын кеңейтіп жатқан «Талибан» қозғалысы Қытай үшін аса сезімтал Шыңжаң шекарасына да жақындады. Уаң И осы орайда Ауғанстанмен шекаралас Орта Азия елдерімен дипломатиялық мәмілелерді пысықтауды көздейді.
Ауғанстандағы жағдайдың өзгеруіне байланысты Орталық Азия қауіпсіздігі Қытай үшін де баса назар аударатын мәселеге айналды. Орталық Азияда Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Ауғанстан қатарлы елдер Шыжаңмен шекараласып жатыр. Шыңжаңның қауіпсіздігі мен тұрақтылығы тақырыбын Ауғанстандағы өзгерістерге байланысты қайта қарастыруға тура келді. Қытай СІМ басшысы осы сапардағы ресми кездесулер мен бас қосуларда аймақтағы қауіпсіздік мәселесі және Қытайдың жергілікті мүдделерін қалай қорғау керек деген сауалдарға жауап іздейді.
Орта Азия елдері арасында Тәжікстанның Ауғанстанмен шекарасы ең ұзын, 1300 шақырымнан асады. Оның үстіне Ауғанстан, Тәжікстан және Қытай үшеуі Ауған коридоры арқылы шекараласады. Тарихи, геостратегиялық маңызды шекара аймақ саналатын Ауған коридоры Шыңжаңдағы ең сезімтал өңірдің бірі Қашқарға жақын. Осы факторлар Бейжің тұрғысынан Тәжікстанның маңызын арттырды. Сондықтан да Қытай соңғы жылдары Тәжікстанмен қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты барынша дамытты. Сондай-ақ Тәжікстан, Ауғанстан және Пәкістанды қамтыған қауіпсіздік механизмін осыдан бірнеше жыл бұрын құрып үлгірген.
Орталық Азия елдерінің ішінде Тәжікстан Қытаймен қауіпсіздік саласында ең жақын ынтымақтастыққа ие. Елдегі Қытайдың жергілікті саяси және экономикалық мүдделер көбірек. Айталық, Қытай Тәжікстанда инфрақұрылымдарға молырақ инвестиция салуды, әрі, президент парламент кеңсе ғимараттарын салуға және елдегі түрлі пайдалы қазбалар кен орындарын өндіруге көмектесті. Ең маңыздысы Тәжікстан Орта Азия елдері арасынан Қытайға ең көп қарыз болған ел.
«Талибан» ұйымының Ауғанстан ғана емес аймақтағы ықпалының артуына байланысты Бейжің де өңірдегі елдермен дипломатиялық байланыстарын белсенді ете түсті. Кезекті сапарында Қытай сыртқы істер министрі Ауғанстанға шекаралас елдермен қауіпсіздік саласындағы жаңа келісімдер жасасуы да ғажап емес. Бір сөзбен айтқанда Уаң И сапары алдағы уақыттағы Қытайдың Орталық Азия саясатын анықтайды.