Маңғыстауда экспедицияға шыққан 9 адам айдалада адасып кеткен

0

Аптап ыстықта су іздеп, бір-бірінен ажырап қалған жасөспірімдерге ауылдың учаскелік полиция инспекторы көмекке келген, деп хабарлайды ЭК.

5 шілде күні Ақтау қаласынан 9 бала болып экспедиция жасауға шыққан. Айтуларынша, қаладан «Қаражанбас» кен орнына қарай бағыт алған топ 150 шақырым жердегі Форт-Шевченкоға дейін жаяу бармақ болады. Бірақ тас жолдан қара жолға түскен олар сулары таусылып, шөлдеген соң тіршілік нәрін мал ауылдардан іздеп кетеді. Су іздеймін деп шаршаған әрі қасындағылардан көз жазып қалған Павел есімді жасөспірім кезекші бөлімге хабарласқан.

ПД баспасөз қызметі
ПД баспасөз қызметі

«Түпқараған аудандық полиция бөлімінің кезекші пультіне қоңырау түскен. Бірақ олар нақты бағытын түсіндіре алмады. Жобамен менің аумағыма қарайтынын түсінген. 30 литр су салып алдым да, бірден Павелдің нөмірін алып, оны тапқанша өзімен байланыста отырдым. Мен жетем дегенше оның әлі құрып, тілге келуге шамасы келмей жатты. Павелді Ақтаудан 118 шақырым жерде «Қаражанбас» кен орнына баратын жолдан тауып алдым. Барсам аптапқа шыдамаған жігіт жалаңаш жатыр. Мұрнынан қан кеткен, тілі аузына сыймай ісіп кеткен. Әуелі жуындырдым. Сосын жарты сағаттан кейін су бердім. Сөйтіп оны бір қалыпқа келтіріп, жанындағы жолдасын іздедік. Ол жақын жердегі мал ауылға барып су тапқан да, бірақ кері қайтар жолды білмей адасып жүр екен«, — деді Таушық ауылдық учаскелік полиция инспекторы Ақылбек Әнетов.

ПД баспасөз қызметі
ПД баспасөз қызметі

Одан кейін полицей адасқан тоғыздың қалған жетеуін де сол маңайдан іздеп тапқан. Барлығын көлікке отырғызып, туыстарын шақыртқан.

Біз Ақтау қаласынан достарымызбен 9 адам болып шыққанбыз. Шыққандағы мақсатымыз экспедиция жасап, өңірдегі тарихи орындарды зерттеу болатын. Күннің ыстығына шыдамадық суымыз таусылып, әрқайсымыз жан-жаққа бөлініп, содан адасып кеттік,

дейді Павел.

Осылай бір-бірінен адасқан 9 адам да табылған. Айтуларынша, денсаулықтарына ешқандай қауіп төнбеген. Бәрі тас жолдың бойына шығып, жолай автокөліктер тоқтатып, барлығы Ақтауға қарай бағыт алған. Олар жергілікті полиция қызметкеріне алғыстарын жаудырып кетіпті.