Жамбыл облысы Сапарбаевтың пиарына қанша ақша жұмсады
Сапарбаевтың пиары және “Қордайдағы бейбітшілік пен келісім” туралы ақпараттарға қанша ақша төленді? Бұл туралы «Ras aitamyn» телеграм каналы жазды.
Жақында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев орталық коммуникациялар қызметінде есеп берді. Бәлкім, сол есеп беру жиынындағы Сапарбаевтың мәлімдемелерін жарыса жазған ақпарат құралдарына ақша төленгенін жыл аяғына қарай білетін шығармыз. Өйткені былтыр орталық коммуникациялар қызметінде өткен Сапарбаевтың брифингінен ақпарат жазған Zakon порталына әкімдік 600 мың теңге төлеген. Zakon Сапарбаевтың газ бен су мәселесін шешуге уәде бергенін, 45 миллиард теңге әлеуметтік көмек қалай жұмсалғаны жайлы есеп беріп, электр энергиясының үштен бірін “жасыл” электр стансалары береді деп мақтанғанын, 10 айдың ішінде облыста 332,6 миллиард теңгеге өнім өндірілді деген мәлімдемесін жазған. Бірақ бұл көрсеткіштер халық тұрмысына қалай әсер ететіні ашылып айтылмады. Сапарбаевтың вакцина өндіретін зауыт қашан ашылатынын айтқан мәлімдемесіне де ақша төленді.
Осылайша әкімдік салық төлеушілердің ақшасын Zakon.kz порталына береді, ал портал Сапарбаевты сүйкімді етіп көрсететін, әкімдікпен алдын ала келісілген жағымды материалдарды жариялайды. Мысалы:
Сапарбаев дәрі-дәрмектердің жетіспеушілігі мен қатысты тапсырмалардың орындалуын тексерді
Жамбылдықтардың медқызметкерлер мен дәрі-дәрмек тапшылығына қатысты шағымы бойынша жиналыс өткізді
Шу ауданының ауылдарын аралады
Балалар үйінің тәрбиеленушілерін құттықтады
Өнеркәсіп және кәсіпкерлік нысандарын аралады
Пандемия басталғалы әкімдік Zakon.kz порталымен 27,8 млн теңгеге келісімшарт жасасты.
Ал тағы бір ірі портал Tengrinews.kz-пен Жамбыл облысының әкімдігі пандемия басталғалы 15,8 млн теңгеге келісімшарт жасасты.
Сапарбаев интеллигенция өкілдерімен кездесті, жастарды әртүрлі саладағы жетістіктері үшін марапаттады, Таразда баспана кезегінде тұрғандарға пәтер кілтін табыс етті, Biz birgemiz монументі мен ауылдарда ойын алаңдарын ашты, сонымен қатар Талас ауданындағы Қасқабұлақ ауылына барды деген материалдар үшін Tengrinews-ке салық төлеушілердің ақшасы төленді.
Облыс әкімі қызметін насихаттайтын материалдар ақпарат құралында әр айда бірнеше мәрте жарық көрген. Мысалы, тамыз айында Сапарбаевтың бастама көтерген соң үй құрылысын асарлатып жүргізу дәстүрі жалғасын тапты деген ақпарат шықса, одан бұрынырақ, шілде айында облыс басшысы COVID-19-бен ауырғандарға арналған реабилитация орталығына барды және Сапарбаевпен келісім бойынша, Татарстан президенті медицина қызметкерлерінің Қазаннан Таразға көшіп келуін ұйымдастырды
Tengrinews-ке шыққан әр ақпаратқа әкімдік 363 мың теңге төледі.
Пандемия басталғалы Жамбыл облысы әкімдігі мемлекеттік органдардың қызметін көрсету үшін Nur.kz порталымен 16 млн теңгеге келісімшарт жасасты. Бірақ материалдарға қарағанда, тағы да Сапарбаевтың пиары көптеп шыққан. Мысалы, “Бизнеске арналған үкімет” фронт-офисі Жамбыл облысында ашылды. Іс-шараға Бердібек Сапарбаев қатысты.
Қордай ауданында қазақтар мен дүнгендер арасындағы қанды қақтығыстан кейін Жамбыл облысының әкімдігі “Қордайда бәрі тату-тәтті тұрып жатыр, мұның барлығы жергілікті атқарушы органның арқасы” дегендей ақпарат үшін ақша төлеген.
Nur.kz: Ақпан айындағы оқиғадан кейін Қордай ауданындағы өмір қалай өзгерді (12 қараша).
Tengrinews.kz: Ақпан айындағы оқиғадан кейін Қордай ауданындағы өмір қалай өзгерді (12 қараша)
Zakon.kz: Ақпан айындағы оқиғадан кейін Қордайдағы өмір қалай өзгерді (12 қараша)
Zakon порталында тура осы тақырыпта “Бейбітшілік пен келісім болсын — Жамбыл облысында жоба басталды” деген ақпарат жарық көрген.
Мұндай бір ақпарат үшін Nur-ға 166 мың, Tengrinews-ке 363 мың, ал Zakon-ға 100 мың теңге төленді.
“Қордай ауданындағы бейбітшілік пен келісім” және “қордайлықтардың өмірін жақсартатын іс-шаралар” жайлы материалдар үшін әкімдік тек осы үш порталға 3 млн теңгеден астам сома төледі. Ал 2020 жылдан бері осы үш ақпарат құралымен әкімдік 60 млн теңгеге келісімшарт жасасты (биыл 27 млн теңге).