«Қытайдың Шыңжаң мұсылмандарын қуғындауына ислам әлемі белсене ат салысып отыр»

0

25 жыл ішінде 28 елден 1,5 мыңдай мұсылман Қытайға мәжбүрлеп жөнелтілген. Шыңжаңнан қашқан оларды Пекинге ұстап бергендердің көбі — мұсылман елдері. Ғалымдар жаңа зерттеуінде мұсылман елдерін Қытайды адам құқықтарын бұзды деп сынамақ түгіл, онымен ауыз жаласып отыр деп айыптайды.

1997 жылы Пәкістан үкіметі 14 ұйғырды Қытайға депортациялады. Қытай оларды елдің батысындағы мұсылмандар тығыз қоныстанған Шыңжаң аймағын бөліп алмақ болып жүрген террористер деп айыптаған. Пәкістанның шығысындағы Қытай шекарасынан өткізілген олар еш тергеусіз және сот шешімінсіз өлім жазасына кесілді.

Қытайдың дүниежүзіндегі ұйғырларды қудалау фактілерін тізіп отыратын жаңа деректер базасы мен арнайы есепте Пекиннің өтінішімен ұйғырларды экстрадициялаудың алғашқы фактісі ретінде осы оқиға көрсетілген. Бұл оқиға «Қытайдың трансұлттық қуғын науқанының» басы саналады. Бұл дерекқорда 1997 жылдан 2021 жылға дейінгі аралықта 28 елден 1546 адамды тұтқындап, депортациялау фактісі көрсетілген.

Америкадағы Орталық Азия жөніндегі Оксус қауымдастығы мен ұйғырлардың адам құқықтары жобасының бірлескен бастамасы саналатын дерекқор Қытайдың мұсылмандарды қуғындау науқаны Орталық және Оңтүстік Азиядан басталып, қалайша Еуропа мен Таяу Шығысқа және Оңтүстік-Шығыс Азияға жайылып, әлемдік құбылысқа айналғанын көрсетеді.

Қытайдың халықаралық науқаны жайлы толымды мағлұмат беретін бұл есепте Таяу Шығыс пен Азиядағы мұсылманы басым елдердің үкіметтері Шыңжаңнан қашқан ұйғырлар мен өзге де мұсылмандарды бақылап, қамап, Қытайға кері қайтаруда Пекинмен әріптестік орнатқаны баяндалады.

«Мұсылман елдерін Шыңжаңдағы ұйғырлардың қудалануына байланысты ләм-мим демегені үшін көп сынайды. Ал бұл дерекқор ислам әлемінің екіжүзділігін ғана емес, Қытаймен белсенді әріптестік орнатқанын анық аңғартады» дейді Орталық Азия бойынша Оксус орталығының ғылым жөніндегі директоры әрі осы есептің негізгі авторы Брэдли Джардин Азаттыққа сұхбатында.

Қашқар көшесін күзетіп жүрген полиция қызметкерлері. Қытайдың Шыңжаң аймағы, 4 мамыр 2021 жыл.
Қашқар көшесін күзетіп жүрген полиция қызметкерлері. Қытайдың Шыңжаң аймағы, 4 мамыр 2021 жыл.

Біріккен Ұлттар Ұйымының адам құқықтары жөніндегі мамандарының айтуынша, Шыңжаңдағы лагерлерде 1 миллионнан астам ұйғыр, қазақ және басқа мұсылман өкілдері қамауда отыр. Түрмеден шыққандардың көбі өзіне қысым жасалғанын, зорлық көргенін, тіпті стерилизация жүргізілгенін айтады.

АҚШ үкіметі және Батыстағы бірнеше елдің парламенті Қытайдың Шыңжаңдағы іс-әрекетін геноцид деп атады. Алайда Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында Пекинмен қаржылық және саяси тұрғыда тығыз қарым-қатынас орнатқан мұсылман мемлекеттерінің көбі бұл мәселе бойынша ештеңе айтпай отыр.

Есептегі тұжырымға сенсек, Қытайдың ұйғырлармен күресі және оларды елге қайтару науқаны Шыңжаңда жаппай қамау басталған 2017 жылдан бері күшейе түскен.

«Осының арқасында Қытай үкіметі ұйғырларды өз шекарасының аумағынан тыс жерде де бақылауға алып, қуғындау мүмкіндігіне ие болды» делінген есепте.

ЕЛ ІШІНДЕ БАСТАЛЫП, ӘЛЕМГЕ ЖАЙЫЛҒАН НАУҚАН

Қытай үкіметі әу баста Шыңжаңда қамау лагерлері бар екенін жоққа шығарды, бірақ кейіннен исламшыл экстремизммен күрес аясында «кәсіби оқыту орталықтарын» ашқанын мойындады, алайда мұнысын сынағандарға қарсы дипломатиялық науқан бастады.

Есеп авторларының қорытындысы бойынша, Қытай шетелдегі ұйғырларды нысанаға алғанда да террормен күресті желеу етеді әрі шпионаж бен кибершабуылдан бастап, әлем елдері полицияларының жұмысын үйлестіретін Интерпол арқылы іздеу жариялау сияқты түрлі тәсілді қолданады.

Қытай үкіметі көптен бері ұйғыр қауымына күдікпен қарайды, ал радикал ұйғыр сепаратистік топтары шабуылдар ұйымдастырып тұрады. Есеп авторларының тұжырымы бойынша, Шыңжаң орталығы – Үрімжідегі 2009 жылғы ұлтаралық қақтығыстар Пекин үшін шешуші оқиға болған.

Қақтығыс кезінде 200-дей адам опат болды, олардың көбі хансу (қытай) ұлтының өкілдері, ал экстремистік ұйғыр топтарының шабуылдары кейін Шыңжаңдағы қауіпсіздік ахуалын нашарлатты.

Бұл тәртіпсіздік Пекиннің экстремизммен күресті желеу етіп, қатаң шаралар қолдануына түрткі болды. Уилсон орталығындағы Киссинджер институтында Қытай мен АҚШ бойынша сарапшы қызметін де атқаратын Джардиннің айтуынша, бұл ұйғырлардың Қытайдан жаппай көшуіне себеп болып, олар әлемнің түкпір-түкпірінде бассауға сұрай бастаған.

Рамазан айында ауызашарда отырған ер адамдар. Хотандағы Жиаман мешіті, Қытайдың Шыңжаң аймағы, 29 сәуір 2021 жыл.
Рамазан айында ауызашарда отырған ер адамдар. Хотандағы Жиаман мешіті, Қытайдың Шыңжаң аймағы, 29 сәуір 2021 жыл.

«Бұл Қытайдың бұрынғыдай Орталық Азия мен Пәкістанға ғана назар салмай, әлемдік деңгейде әрекет етуіне жол ашты» дейді ол.

Дерекқорға қарап, Қытайдың шетелдегі ұйғырларға шүйлігу науқанын үш кезеңге бөлуге болады.

Бірінші кезеңде Орталық және Оңтүстік Азиядағы ұйғыр диаспорасы тұратын көрші аймақтар басты назарда болды. 1997-2007 жылдары бұл өңірлерде 89 ұйғыр ұсталып, Қытайға қайтарылған. 2008-2013 жылдардағы екінші кезең 15 елді қамтыды, бұл аралықта 130 адам Қытайға жіберілген. 2014 жылдан 2021 жылғы наурызға дейінгі аралықта жағдай қатты ушыққан. Бұл кезеңде 20 елде 1327 адам ұсталып, Қытайға қайтарылған.

Есепте әсіресе мұсылманы басым елдерге көп назар аударылады. Санаққа кірген 647 адам Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка елдерінде, ал 665-і Шығыс Азияда тұтқындалған. Пана іздеп барған елдерде 1151 ұйғыр ұсталса, оардың 395-і Қытайға депортацияланған я экстрадицияланған.

«Бұл – теңізге тамған тамшыдай ғана. Біз тек назарға іліккен адамдармен ғана шектелдік, біз білмейтін, еш жерде жарияланбаған дерек бұдан әлдеқайда көп» дейді Джардин.

МҰСЫЛМАН ӘЛЕМІ ҚЫТАЙМЕН НЕГЕ АУЫЗ ЖАЛАСТЫ?

20 маусымда америкалық Axios ақпарат құралына берген сұхбатында Пәкістан премьер-министрі Имран Хан Қытай үкіметі Шыңжаңда адам құқықтарын бұзып жатыр дегенді айыптаудан да, жоққа шығарудан да бас тартты.

Исламабад пен Пекин тығыз қарым-қатынас орнатқан. Миллиардтаған доллар тұратын Қытай–Пәкістан экономикалық дәлізі «Бір белдеу – бір жол» жобасының ең маңызды бөлігінің бірі саналады.

Үрімжінің сыртындағы Чанцзи қаласында Қытай мемлекеттік туының қасында жатқан мешіт мұнарасының бір бөлігі. Қытайдың Шыңжаң аймағы, 6 мамыр 2021 жыл.
Үрімжінің сыртындағы Чанцзи қаласында Қытай мемлекеттік туының қасында жатқан мешіт мұнарасының бір бөлігі. Қытайдың Шыңжаң аймағы, 6 мамыр 2021 жыл.

Зерттеуден белгілі болғанындай, Пәкістанның Қытаймен ұйғырлар бойынша әріптестігі ондаған жылдан бері жалғасып келеді және осы аралықта Пекиннің Еуразия экономикасындағы үлесі артып, инвестициясы ұлғая түскен.

«Ұйғырларды бақылау бойынша қандай да бір ресми келісім болғанын дәлелдейтін айғақ жоқ, дегенмен 1990 жылдардың соңындағы Пәкістанның іс-әрекетіне қарасақ, ресми я бейресми уағда болған сияқты көрінеді» делінген есепте.

Сол сияқты, ұйғыр топтарының заңгерлері Халықаралық қылмыстық сот прокуратурасына ұсынған жаңа айғаққа сенсек, Тәжікстан үкіметі де ұйғырларды Қытайға қайтару бойынша Пекинмен ынтымақтасып келген.

Сондай-ақ заңгерлер тәжік үкіметін ұйғырларды Қытайға беруде шектен шыққан әдістерді қолданды деп айыптаған.

Ұйғырлар үшін Түркия маңызды орындардың бірі болып отыр. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған көп жыл бойы ұйғырларды құшақ жая қарсы алып келді. 82 миллиондай халқы бар бұл елде 40 мыңға жуық ұйғыр тұрады.

Ердоған бұрын Шыңжаңдағы озбырлығы үшін Қытайды қатты сынап келген, алайда Анкара мен Пекин арасында экономикалық байланыс жақсарған кейінгі жылдары сын бәсеңдеп қалды.

2020 жылы желтгоқсанда Пекин екі ел арасында қылмыскерлерді экстрадициялау туралы 2017 жылғы келісімді ратификациялады. Бірақ түрік парламенті бұл құжат бойынша әлі шешім қабылдаған жоқ, ұйғырлардың көбі келісім заңды күшіне енген жағдайда Қытайдың өтінішімен ол елге қайтарылуымыз мүмкін деп алаңдайды.

«Бір кездері Түркия қауіпсіз орын саналған, қазір олай емес. Енді Батыс квота көлемін ұлғайтып, Түркиядан және Қытайдың трансұлттық репрессиясына ат салысып жатқан елдерден өтініш беретін ұйғырларға қарайласудың жолын іздеуі керек» дейді Джардин.