Нұрғожа Ораз | өмірбаяны

0

Нұрғожа Нарымбайұлы 1932 жылы 20 қазанда Қостанай облысы Урицкий (қазіргі Сарыкөл) ауданындағы «Маяк» кеңшарында туған. 1947 жылы туған ауылындағы жетіжылдық мектепті бітіріп, Гурьев (Атырау) педучилищесін 1950 жылы тамамдаған. Мұнайлы жетіжылдық мектебінде бір жыл мұғалім болған. 1951 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне түскен. Алғашқы топтамасы «Жас жүрек» (1956) атты жас ақындар жинағына енген. 1956-1958 жж. мектепте ұстаздық еткен. 1958-1963 жж. Қостанай облыстық газетінде, 1963-1965 жж. «Тың өлкесі» газетінде қызмет еткен. 1965 жылы Целиноград облысаралық бөлімшесіне жауапты хатшы болып тағайындалған. Кейіннен «Жаңа Сарыарқа» журналының ашылуына мұрындық болып, басылымның бас редакторы болып қызмет атқарды, талай жас таланттарға қамқорлық көрсетті.

Қазақ поэзиясында өз үні мен орыны бар ақын Нұрғожа Ораз әдебиетіміздің, жалпы руханиятымыздың да солтүстік өңірлердегі ілгері- кейінді кезеңдердегі өркеніне ерекше үлес қосып келе жатқан қарымды қаламгерлердің бірі болатын.

Әсіресе, кешегі кеңестік жүйеде Нұрғаң бастаған ат төбеліндей ғана жергілікті ақын, жазушылар бұл өлкедегі қазақ ділі мен тілінің солғын тартып, тамырынан үзіліп қалмауына айтудай еңбектерін сіңірді.

1964 жылы жарық көрген «Тұңғыш кітабынан» бастап арқалы шайыр қолынан қаламын бір сәтке де тастамай, оқырмандарына «Шұғыла», «Көңіл көктемі» , «Тың түлегі», «Қырандар ұясы» , «Жауқазын шақ» , «Дала демі» тағы да басқа соқталы шығармаларын ұсынды.

Топтама өлеңдері украин, орыс, қырғыз тілдеріне аударылған.

«Қаракүйік» атты кесек романында құбылмалы, тол­қы­ма­лы заман ахуалын, қазақтың тағдыр-та­лайын, ақиқат болмысты шығармашылық зерделілікпен шынайы сипаттады.

Ұлы Ғабит Мүсіреповтің, Әбділдә Тәжібаевтың, Ғафу Қайырбековтің, Сағи Жиенбаевтың жақын достары сапында болған Нұрағамыздың айтары да, толғары да ұшан-теңіз болатын. .

Нұрғожа Ораз Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, ҚР Журналистер одағының М.Сералин атындағы сыйлығының лауреаты, «Астана» және «Тәуелсіздіктің 10 жылдығы» медальдарымен марапатталған. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» (2006).