Үш жыл бойы «тиісіп» келген. Өгей қызын зорлаған ер адам 20 жылға сотталды

0

Оралдағы сот өгей қызына «жыныстық зорлық-зомбылық жасады» деп айыпталған ер адамға үкім шығарды. Кішкентай қыздың анасының сөзінше, баласы психологиялық жарақат алған. Құқық қорғаушылар Қазақстанда заң күшейсе де, кәмелетке толмаған балаларды зорлау азаймай тұрғанын айтады.

Айыпталған Болат Аймағамбетов 20 жылға сотталды және жазасын қатаң режимдегі түрмеде өтеуі тиіс. Үкімді 26 мамырда Оралдағы қылмыстық істер бойынша арнайы сот шығарды. 33 жастағы тұрғын 13 жастағы өгей қызына «бірнеше рет жыныстық зорлық-зомбылық жасады» (Қылмыстық кодекстің 121-бабы) және «азғындық жолға түсірді» (Қылмыстық кодекстің 124-бабы) деп айыпталды.

Істе жәбірленуші ретінде кәмелетке толмаған бала болғандықтан сот жабық өтті. Үкімнен кейін судья Бақыт Ермаханов журналистерге «Аймағамбетовке мүмкін болған ең ауыр жаза тағайындалғанын» айтты.

— Айыпталушының кінәсі куәгерлердің және жәбірленушілердің, экспертизамен дәлелденді, — деді судья.

Жарыссөз кезінде прокурор айыпталушыға 20 жыл жаза сұраған еді. Сот бұл жазаны қолдады.

«БАЛАМ СУИЦИД ЖАСАМАҚ БОЛДЫ»

Кішкентай қыздың анасы баласының зорланғанын былтыр қыркүйекте білгенін айтады. Қызы өгей әкемен болған әңгіменің аудиожазбасын тыңдатқан.

— [Қызым] менің сөзіме сенбейді деп қорықса керек, кезекті рет келіп тисе бастағанда әңгімені телефонға жазып алған. Аудиода ол «өткенде ауырмады ғой» деп тағы да байқап көруді ұсынады, — дейді қыздың шешесі Самира Дусталиева.

Самираның сөзінше, осы аудиожазба істегі негізгі дәлел болған. Сарапшылар дауыс Аймағамбетовке тиесілі деген.

— Аудиожазба іске дәлел ретінде қосылу үшін тозақтан өттік. Сегіз ай әуреге түстік. Тергеуші мен сот экспертизасының сарапшылары ауысты, құжаттар мен зерттеу нәтижесі жоғалды, — деді Самира көзіне жас алып.

Самира Дусталиева соттан шыққан сәт. 26 мамыр 2021 жыл.
Самира Дусталиева соттан шыққан сәт. 26 мамыр 2021 жыл.

Тергеу материалдарына қарағанда, өгей әке қызды үш жыл бойы жеті рет зорлаған. Алғаш тиіскенде қыз 11 жаста болған.

Самира Дусталиева үкім шыққанға дейін бұрынғы күйеуі (қылмыстық іс қозғалған соң екеуі ажырасып кеткен) жеңіл жазамен құтылып кете ме деп қауіптенген. Сөзінше, қызының психологиялық жағдайы қиын, бірнеше рет суицид жасамақ болған, осы жағдайдан кейін бір рет ауруханаға жатып шыққан.

— Дұрыс ұйықтай алмайды, жалғыз қалудан қорқады. Жатарда ылғи «мама, ол қазір келіп қалса ше?» деп сұрай береді. Сот үкімі шыққанын білсе де, көңілі алаң. Балам қорқынышта өмір сүріп жатыр, — дейді ол.

ҚОРҒАНСЫЗДЫҢ КҮНІ

Самира Дусталиева мен Болат Аймағамбетов сегіз жыл бірге тұрған. Самира «екеуміздің алғашқы қызымыз дүниеге келгенге дейін бәрі жақсы болған еді деп еске» алады. «Екінші баламыз дүниеге келген соң ұрыс, келіспеушілік көбейді, ұрыс соңы айғай-шу, қол көтеруге ұласты» деп күрсінеді.

— Ол мен мықтымын, ал сен маған қарсыласа алмайсың дегенді шығарды. Қорлауы үдеп, жиілей түсті. Ол ортаншы қызыма қол көтере бастады. Ал мен сол кезде үшінші баламызға аяғым ауыр еді.

Самира күйеуі жұмыстан көңілсіз келсе, болмайтын жерден ұрыс шығаратынын айтады. Бір күні ұрыстан соң әйеліне және өз баласына қол көтерген. Самира «күйеуінің өгей қызына қол көтергенін көрмеген».

— Ұрғанда жылауға, айғайлауға, көмекке шақыруға тыйым салды. Панел үйде тұрдық. Ұрып жатқанын көршілер естімес үшін біз үн шығармауымыз керек еді, — деп еске алады ол.

Самира ажырасу туралы әңгіме қозғағанда қатты таяқ жеген. Күйеуі «құжаттарыңды тартып алып, балалармен шетелге кетіп қаламын» деп қорқытқан.

— Ол «таныстарым көп, сот сенің қатысуыңсыз шешім шығарып, балаларды алып шетелге кетіп қаламын» дейтін. Егер біреуге айтсаң, өміріңмен қоштасасың дейтін. Мен оның сөздеріне сеніп жүрдім, — дейді әйел.

Аяғы ауыр Самира күйеуінің қорлығына шыдамай ажырасуға арыз береді. Бұл арыз жайлы күйеуі білмеген, бірақ алғашқы отырысқа бір күн қалғанда СМС хабарлама алған.

— Телефондағы хабарламаны көріп мені тағы сабады. Құжаттарды, телефонды тартып алып, қыздарыммен үйге қамап қойды. Осыдан соң уақытынан бұрын босандым, өте қиын болды. Кейін ажырасуға арыз жазуға қорқып қалдым, — дейді ол.

«БАЛАЛАР ЗОРЛАНҒАНЫН ДӘЛЕЛДЕЙ АЛМАЙ ҚАЛАДЫ»

«Самира мен оның қызының оқиғасы – елдегі көп жағдайдың бірі» дейді зорлық-зомбылық көргендерге көмектесетін «НеМолчи» қорының құрушысы Дина Смаилова.

— Қорлық көрсететін еркек әйелі мен баласын өзіне тәуелді етіп, туыстарымен араластырмайды. [Әйел] қол көтергенге көз жұма қарайды, жеке тұлға ретінде сынады, құқығының бұзылып жатса да, ештеңе істей алмайды. Ол күйеуінің соққысына көніп, әбден тәуелді болғанда ер адам балаларға қол көтере бастайды. Ал бала анасына жаутаңдап, таяққа көнеді, — дейді Смаилова.

Сарапшылардың пайымдауынша, қазіргі заң тұрмыстық зорлық-зомбылықпен толыққанды күресе алмайды; заң зорлық-зомбылық дәлелденгенде ғана қолданылады, бірақ тұрмыстағы зорлықты анықтайтын, күресетін, алдын алатын шара жоқ. Құқық қорғаушылар заң нақты жазылмағандықтан жағдай ушығып барады деп дабыл қағады.

— Елдегі жағдай қиын. Қазір біз бірнеше іспен шұғылданып жатырмыз. Әр отбасында күйеуі педофил, балалардың біріне азғындық жасаған. Бұл отбасылардың барлығында тұрмыстық зорлық-зомбылық, педофилияға, инцеске ұласқан. Биыл мұндай 15 іс болды, — дейді Смаилова.

«НеМолчи Дети» қорының директоры Алмат Мұхамеджановтың сөзінше, мұндай істерде қиындық көп, себебі заң бойынша баланың құқығын қорғауы тиіс ересек адам зорлық жасайды.

— Балалардың үні естілмей қалады. Зорланғанын дәлелдеуі де қиын. Қазақстанда зорланған балаларға көмектесетін арнайы бөлімдер құру керек. Баламен «бір тілде сөйлескен» мамандар ғана оларға көмектесе алады, — дейді ол.

2019 жылы желтоқсанда Қазақстан билігі Қылмыстық кодекстің 120 және 121-бабына өзгеріс енгізіп, зорлық-зомбылық жасағандарға жазаны күшейткен. 2020 жылы күшіне енген өзгерістерге сай, екі тарап татуласа алмайды, ересек адамды зорлаған айыпталушыға 5-8 жыл түрме жазасы, баланы зорлаған адамға 20 жылға соттау я өлім жазасы қарастырылған.

Елде заң күшейсе де, балаларды зорлау фактісі азаймай түр. Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің дерегінше, биыл төрт айда «Балаларды азғындық жолға түсірді» бабы бойынша 15 іс (былтыр 12 айда 66 іс қозғалған), «Жыныстық зорлық-зомбылық жасау» бабы бойынша 14 іс (2020 жылы – 56), «Кәмелет жасына толмағандарға жыныстық сипаттағы әрекет жасау» бабы бойынша 56 іс (былтыр – 158) тіркелген.

Самираның зорлық қызы қазір психолог Райса Байдалиева жұмыс істеп жатыр. Оның сөзінше, қыз психологиялық тұрғыдан қатты жарақат алған.

Айыпталушының адвокаты Мереке Ғабдулаиевтің сөзінше, Аймағамбетов айыбын мойындамайды және апелляциялық шағым түсірмек.