Билік «Байқоңырды» 2050 жылға дейін Ресейге жалға берді
Қазақстандық «Байқоңыр» ғарыш айлағын Ресейге жалға беру мерзімі ұзартылады. Бүгін Мәжіліс депутаттары «Байқоңыр кешенін жалдау келісіміне өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын қабылдады.
Бұған дейін Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы
арасындағы «Байқоңыр» кешенін жалдау туралы шарттың 4 бабында ғарыш айлағының көрші мемлекетке 20 жылға жалға берілетіні айтылған. Ал, бүгінгі қабылданған Заңға сәйкес, жалдау мерзімі 2050 жылға дейін ұзартылмақ.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің айтуынша, Ресей кешенді пайдалану үшін жыл сайын республикалық бюджетке 115 миллион доллар көлемінде қаржы төлеп отыр. Кешенді жалға алған 27 жыл ішінде республикалық бюджетке 3 миллиард АҚШ долларынан астам қаражат түсіпті.
Алайда, ресейлік тарап 2018 жылы «Союз» зымыран тасығышымен болған апат үшін өтемақыны әлі төлемеген. Бұл жөнінде Мәжілістің жалпы отырысында «Союз-2» зымыран тасығыштарын ұшыру тәртібін анықтайтын келісімді ратификациялауды талқылау кезінде айтылды.
Ратификациялау құжатын талқылау барысында депутаттар Союз типіндегі зымыран тасығыштардың ұшырылуынан келтірілген зиянды өтеу мәселесіне тоқталды. Олар осыған байланысты келісімдер бұрын болды ма және олар қаншалықты тиімді жұмыс істеуде деген сұрақтарға тоқталған. Мысал ретінде 2018 жылы аталмыш типтегі зымыранның апатқа ұшырап, одан келген зиянды Ресей әлі өтемегені айтылды. Сыртқы істер вице-министрі Марат Сыздықыов жеке келісім бойынша, Ресей тарапы келтірілген залалды өтеуге кепілдік алады, бірақ, тәжірибе көрсеткендей бұл процесс ұзақ жылдарға созылатынын мәлімдеді.
Айта кетейік, бұған дейін ресейлік Роскосмос басшысы Рогозин Дмитрий Мәскеу облысында өткен «Армия-2018» атты Халықаралық форумда «Байқоңыр» ғарыш айлағын жалға беру мерзімі ұзартылғанын, енді 2050 жылға дейін кешен Ресейдің меншігінде болатынын айтқан еді.
Abai.kz