Home Жаңалықтар Су керек болса, сұлу қыздарын берсін: Қытайлықтар трансшекаралық өзендер туралы не айтады

Су керек болса, сұлу қыздарын берсін: Қытайлықтар трансшекаралық өзендер туралы не айтады

0
2451

Трансшекаралық өзендер мәселесіне қарапайым қытайлықтардың көзқарасы

Қытайда трансшекаралық өзендер мәселесі көп тілге алына бармейді. Жуықта ғана Қытай Қоғамдық ғылымдар академиясының Ресей, Шығыс Еуропа және Орталық Азия институтының Орталық Азияны зерттеу бөлімінің директоры, аға ғылыми қызметкері Чжаң Нин Қытайдағы қолданушысы ең көп «Басты жаңалықтар» (Toutiao) мобильді қосымшасына Қазақстанның трансшекаралық өзендер мәселесі бойынша алаңдаушылық білдіріп отырғаны туралы пост салыпты. Ол алдымен Қазақстан тараптың, әсіресе депутаттардың осы мәселеге байланысты алаңдаушылық білдіріп отырғанын айтыпты, сосын, Қазақстан-Қытай арасында 2001 жылы қыркүйекте келісім жасалып, арнайы комиссия құрылғанын, 2015 жылдан бері трансшекаралық өзендер бойынша квота мәселесі үнемі қаперде ұсталып келе жатқанын еске алыпты.

Ол осы мәселе бойынша, Қытайлық ғалымдардың негізгі көзқарасын атапты:

Біріншіден, Қазақстанда су ресурстары тапшы емес, Қазақстанның шығыс бөлігінде су тапшылығының байқалуына суды үнемдеп пайдаланбау себеп болып отыр. Қуаң жерде егінді көлдетіп суаруға қанша су болса да жетпейді.

Екіншіден, ШҰАР аумағындағы су жүргізу жобалары судың табиғи көбейген бөлігін пайдалануға арналған, аяққы ағысқа жіберілетін судың тарихи орташа мөлшері азайған жоқ, 10 миллиард текше метр су ағып кетіп жатыр.

Үшіншіден, су ресурстарын бөліске салғанда, алаптың жалпы экологиялық ортасын ескерумен бірге, Жан басына шаққандағы су шығынын да есептеу керек.

Бұл Орталық Азия мәселелерімен айналысып жүрген ғалымның пікірі. Мейлі дұрыс, мейлі бұрыс болсын, құрметпен қарап, пікір алмасуға, ой ортақтастыруға болады.

Мені қызықтырғаны, осы постқа жазылған қарапайым қытайлықтардың пікірі. Олар осы мәселе бойынша не ойлайды? Біз дабыл қағып отырған экологиялық проблема оларды алаңдата ма?

Енді, сол қытайлықтардың пікірі:

  1. Үрімжіні сумен қамтамасыз етеміз деп экологиялық зардап тудырыуымызға болмайды, екі ел қатынасына сызат түсуі мүмкін.
  2. Ертістегі гидротехника туралы білмеймін, бірақ, Іле бойынан шынымен өте көп СЭС мен су қоймалары салынды. Іленің суы Шихоға дейін жетті, жер астымен әкетіліп жатыр.
  3. Қазақстанның алаңдаушылығын түсінуге болады, бірақ, өзен басында отырған мемлекеттің су ресурстары мен қоршаған орта жағдайын жақсартуына ақшалай қаражат бөлсін.
  4. Іленің суы соңғы екі жылда шынымен азайып барады.
  5. Мынадай кілтең сәтте мәселені қиындатудың қажеті жоқ, біз тағы бір он жыл әліптің артын баққанымыз дұрыс.
  6. Өзен суын халық санына қарай бөлісуімізге болады, бәріміз адамбыз, біз ірі елміз деп сендерді басынбай-ақ қояйық, 70:1 болсын.
  7. Өзеннің басында отырған алдымен өз қарнын тойдыруы керек, өзіміз аш отырсақ, елді қалай жарылқаймыз?
  8. Аяқ жақтағы қазақтарға сәлем айтыңдар, жер сілкініп, өзен арнасы бұрылды деп ойласын, су оңтүстікке ағып жатыр, аңсамай-ақ қойыңдар.
  9. Олар мұнай мен табиғи газды ресурс есебінде сатып береді, су да рсурс қой, саудаға келісуге болады.
  10. Мұнайы мен газы бар емес пе? Ол таусылса қой мен сиыры бар шығар? болмаса сұлу қыздарын берсе де болады, айырбастауға дайынбыз.
  11. Сенің мұнайың сенікі болғанда, менің суым неге менікі болмайды? Бәрі де табиғи ресурс қой.
  12. Шынжаң да дамуы қажет, аяқ жақта отырғандардың күңкілдеуге не қақысы бар?
  13. Шекарадан станса салып, су ақысын алғанымыз жөн.
  14. Орталық Азияны қайтарып алуға қамдана беруіміз керек.
  15. Су біздің аумағымызда, қалай пайдаланамыз, оны өзіміз шешеміз.
  16. Қазақстанда адам аз, оларға қандай су керек?
  17. Қазақтар Кеңес одағының тонынан шыққан, шешімі оңай.
  18. Қазақтарды сумен тізгіндеу керек, көнбесе суді үзіп тастаймыз.
  19. Қазақтар кен байлығын бізбен қашан бөлісіп еді?
  20. Қытай Азияның су ресурсын жамбасына басып жатыр, бәрінің тағдыры біздің қолымызда, осны ойласам, қыбым қанады.
  21. Су керек пе? Бізбен біріксін.
  22. Балқаш пен Зайсанның шығысындағы ежелгі территориямызда қайтарса, мәселе шешілгелі тұр.
  23. Оларға түсіндіріп отырудың қажеті жоқ.
  24. Ережеге бағынбасақ, қысқа мезгілге пайда көргенімізбен, түптің түбінде оқшауланып қаламыз.

………………………………………………………..

Осылай жалғаса береді.

Айта кетерлік бір жайт, Toutiao қосымшасының қолданушыларының дені орта білімді, олар Қытайдың ресми ұстанымына өкілдік етпейді. Олар Қытай қоғамының төменгі табының, ұлтшылдықпен уланған, коммунистік режім салдарынан этикалық дағдарысқа ұшыраған тобыр қытайлардың үні. Мәселеге түсіністікпен қарағандар бар, бірақ, жазылған 200-ден астам пікірдің көпшілігі ұрда-жық ұрандарға толы, өзімшілдік пен менменшілдіктен көз ашпаған олардың бұл пікірін тіптен ілікке алудың қажеті де жоқ шығар, дегенмен, қарапайым қытайлықтардың не ойлайтыны сізді де қызықтырар деп, біразын аударып ұсынып отырмын.

Ерлан Мазан, Facebook парақшасынан