Палестиналықтардың мәлімдеуінше, Израиль соққысынан 20 адам мерт болды
Израиль әскери күштері Газа секторындағы ХАМАС радикалды топтарын жою мақсатында бірнеше мәрте әуеден соққы жасады. Израиль тарапының хабарлауынша, радикал топтың үш мүшесінің көзі жойылды.
Олардың арасында ХАМАС қозғалысының Газа секторын бақылайтын жетекшілерінің бірі Мұхаммед Фаяд та бар, деп хабарлады Asharq Al-Awsat газеті. Газа секторындағы палестиналық денсаулық сақтау министрлігі болса Израиль соққыларынан 20 адам қаза тапқанын, олардың арасында балалар да болғанын мәлімдеген.
Бұның алдында Израиль зымыранмен атқыланған. Зымыранның бірі парламентке жапсарлас орналасқан ғимаратқа түскен. Мұндағы адамдар басқа жерге көшірілді.
Израиль мен палестиналықтар арасында жанжал өршіп барады. Дүйсенбі күні полициямен қақтығыс кезінде жүздеген палестиналық жараланды. ХАМАС тобының Газа секторындағы өкілдері Израильден өш қайтаратынын ескертті.
Израиль қосшасшылығы Газа секторын атқылау — шабуылдың басы ғана деп отыр. Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың айтуынша, ХАМАС «қызыл сызықты» аттаған.