Нұр-Сұлтанда «Астана Тазалық» жұмысшылары наразылық білдірді

0

Сейсенбі күні таңертең Нұр–Сұлтанда қала тазалығына жауапты мекеменің жетпіс шақты жұмысшысы жиналып, жалақы өсіруді талап етті. Олар азық–түлік бағасының күн сайын қымбаттап бара жатқанын, ал жалақының өспей, бір орында қалғанын айтып, наразылық білдірді.

– «Айлық аз» деп үнемі шағым айтамыз. Басшылық «жалақы жетпесе, жұмыстан шығыңдар» деп қорқытады, — дейді наразылардың бірі Хасен Иманбек.

Жұмысшылардың сөзіне қарағанда, ресми түрде олардың айлығы –120 мың теңге. Алайда зейнетақы жарнасы мен табыс салығын алып қалғанда одан қалатыны 90 мыңға да жетпейді дейді ол. Кейбірі «Нұр Отанға» мүше ретінде төлейтін жарнамыз да бар дейді.

«Әйтеуір премияны күтеміз. Бірақ оның өзін де жарытпай жатыр. Соңғы рет 8 наурызда алғанбыз. Онда да әйелдерге ғана төлеген. Осы мамырдағы мерекеге байланысты тағы беріледі деген. Бірақ оны да алмадық» дейді наразы жұмысшылар. Олар жалақының дұрыс есептелмегеніне де шағымданды.

Жұмысқа емес, наразылыққа шыққан тазалықшылар алдына мекеме директоры Әнуар Қайыржанов шығып, мамырдың айлығы қате есептелгенін айтты.

– Мамырда мереке күндері көп, сондықтан айлықты есептейтін программада қате кеткен. Кем түскен жалақыны бүгін кешке дейін аласыздар, – деді ол.

«Астана – Тазалық» мекемесінің директоры біресе «жалақы есептейтін программа дұрыс есептемеді» десе, енді бірде «бухгалтердің қателігі» деп, жалақының азаю себебін нақты айта алмады.

Жұмысшылар тек мамырдың айлығы емес, кейінгі бірнеше жыл бойы өспеген жалақы мен жұмыс жағдайына көңілдері толмайтынын айтып, басшылыққа талап қойды. Олар жұмыс берушінің өздерін еңбекке қажетті заттармен уақытылы қамтамасыз етіп отыруын да сұрады.

– Жұмысқа киетін киімді екі-үш жылда бір береді. Бәтеңкемді өзім сатып алғанмын, ал киімімді күн жеп қойған, жұмысқа керек қолғап пен қоқыс салатын целофан пакеттер де бермейді. Сұрасақ, «тендер ойнатылып жатыр» деп құтылады – дейді наразылардың бірі Қуат Сақаба.

Жұмысшылар «директор мәселені шешпесе, наразылықты қала әкімдігіне барып, білдіреміз» деп мәлімдеді. Осыдан соң наразылармен жиналыс өткізуге әкімдік өкілінің өзі келді. Журналистерді бұл жиынға кіргізбеді.

Кейінірек жұмысшылар әкімдік өкілі «жалақы өсіру бойынша талаптарымызға бірер күнде жауап беретінін айтты» деп хабарлады. Бірақ ол аты-жөнін толық таныстырмаған.

Азаттық тілшісі әзірге Нұр-Сұлтан әкімдігінен жауап ала алмады.

«Астана Тазалық» мекемесінде жұмысшылардың айтуынша, 300 шақты бригада істейді, бірақ олардың кейбірі «басшылық қысымына» байланысты наразылыққа келмеген. Мекеме басшылығы бұл айыптауларға қатысты жауап бермеді.

Нұр-Сұлтанда жалақы дауына қатысты наразылықтар жиі өтіп тұрады. Сәуір айының басында «Абу-Даби плаза» кешенінің жұмысшылары жалақының кешіктірілуіне шағымданып, акция өткізген.