Ресей Сары-Шағанда зымыранға қарсы әскери кешенді сынақтан өткізді
Ресей қорғаныс министрлігі зымыранға қарсы қорғаныс жүйесінің жаңа түрін сынақтан өткізді. Сынақтар біздің елімізде, атап айтқанда Сары-Шаған полигонында өткізілді.
Бұл полигон Қарағанды және Жамбыл облыстарының аумағында орналасқан.
Сары-Шаған — зымыранға қарсы қаруды сынауға арналған Еуразиядағы алғашқы және жалғыз полигон. Ресейдің қорғаныс министрлігі оны жалға алып отыр. Полигонда 1950 жылдан бері 60 жыл бойы сынақ жүргізіліп келеді.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда ауылшаруашылығы және орман өсіруге арналған жерлерді шетелдіктерге жалға беру, сату мәселесі бойынша қызу пікірталас жүріп жатыр. Заң да талқыланып жатыр.
Ал, Ресей мемлекетіне берілген 8 миллион 120 мың гектар Сары-Шаған полигонын қайтарып алу, онда әскери сынақтарды болдырмау бойынша аталмыш заңда да, жер комиссиясында да мәселе көтерілген жоқ.
Сонда заңды сұрақ туындайды. Жер туралы заң осы уақытқа дейінгі жалға беріліп қойған жерлерге қатысы жоқ па?