Шымкент әкімдігі мемлекеттік сатып алуды сыйбайластықпен беруді көздеп отыр ма
2021 жылғы 12 сәуірден бастап Шымкент қаласының Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы 245 млн теңгеден астам сомаға ақпараттық материалдарды дайындау және БАҚ-та жариялау/орналастыру қызметтеріне мемлекеттік сатып алу туралы хабарландыру жариялады, деп хабарлайды Mnews.kz.
Мемлекеттік сатып алулар сайтында «Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы» мемлекеттік мекемесі лот атауы № 39354541-ОК2 «Ақпараттық материалдарды дайындау және басып шығару бойынша/бұқаралық ақпарат құралдарында орналастыру бойынша қызмет көрсетулер» атты конкурс жариялады.
Материалдың шынайылығын дәлелдеу мақсатында скриншоттар ұсынылған.
Конкурсты ұтып алған жағдайда БАҚ 2021 жыл бойы қызмет көрсетеді. Қызметтің жалпы сомасы 8 928 571.43 теңге деп көрсетілген.
Талап етілетін сипаттамалардың қатарында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, жетістіктері туралы имидждік материалдарды жариялау, Елбасының Тәуелсіз Қазақстанды құрудағы, ел дамуындағы тарихи рөлі туралы материалдар жариялау және Шымкент қаласында жүзеге асырылып жатқан түрлі мемлекеттік бағдарламалар бойынша, қалада «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының орындалуы, білім беруді және ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы бойынша оң имиджді материалдарды сайтта 2 тілде жариялау (мемлекеттік және орыс тілдерінде) және т. б. секілді нақты шарттары бар. Бұнымен толық келісеміз, тапсырыс беруші материалдар бағытына, тақырыптарына қатысты ортақ талаптарды өзі белгілейді.
Алайда, конкурстың мына шарты ақылға қонымсыз:
«Кемінде 3 жыл әрекет ететін «Қатесіз қазақ тілі», «Валюта бағамы», «Ұлы дала банкі», «Мақалалар мен сұхбаттар» және т.б. сияқты сайттың кемінде 10 айдарының болуы (растайтын скриншоттарды қоса беру)».
Яғни, конкурсқа қатысуға ниет еткен басқа да әлеуетті БАҚ-та дәл осындай айдарлар болмаса, конкурста ұтпайды, құжаттары қарастырылмайды дегенді білдіреді.
Біз өз тарапымыздан шағын зерттеу жүргізе отырып, дәл осындай айдарлар, тура сол ретімен «Галам медиа» ЖШС-ға тиесілі «Stan.kz» ақпараттық агенттігінің айдарлары екенін анықтадық. Бұл дегеніміз, «Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы» мемлекеттік мекемесі «Stan.kz» ақпараттық агенттігінің мүддесіне ыңғайлап конкурс ұйымдастырып, дәл осы агенттікті лоббирлеп отыр.
Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 4 желтоқсандағы № 434-V ҚРЗ «Мемлекеттiк сатып алу туралы» заңының «Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаттары» деп аталатын 4-бабының 2 тармағында «осы Заңда көзделгеннен басқа жағдайларда, әлеуетті өнім берушілерге мемлекеттік сатып алуды өткізу рәсіміне қатысу үшін тең мүмкіндіктер беру»; 3 тармағында «әлеуетті өнім берушілер арасындағы адал бәсекелестік» және 4 тармағында «мемлекеттік сатып алу процесінің ашықтығы мен айқындығын» сақтау туралы жазылған.
Біз көтеріп отырған мәселеде адал бәсекелестікке жағдай жасалмай тұрғаны белгілі.