Ақмола облысының бұрынғы бас дәрігері қамауға алынды

0

Сүлен Ілиясов мемлекеттік ауруханаларда жетіспейтін тапшы оттегі желдеткіштерін жеке медициналық ұйымдарға берді деп күдіктелуде.

Көкшетау тергеу сотының шешімімен бұрынғы шенеунік 1 сәуірден бастап екі ай мерзімге қамауға алынды. Бұл шешіммен келіспейтін Сүлен Ілиясов енді бұл шешімге Ақмола облыстық сотына шағымданбақшы. Бұл туралы Kokshetau.asia хабарлады.

Порталдың хабарлауынша, Ақмола облысының бұрынғы бас дәрігері өзіне сеніп тапсырылған мүлікті қызметтік жағдайын пайдаланып, аса ірі көлемде жымқырды деп күдіктелуде.

«Расталмаған мәліметтер бойынша, Ілиясов мемлекеттік ауруханаларда жетіспейтін тапшы оттегі желдеткіштерін жекеменшік медициналық ұйымдарға берді, сондай-ақ бюджет қаражаты есебінен салынған клиниканы коммерциялық құрылымдарға берді деп күдіктелуде», — деп хабарлайды Kokshetau.asia.

Істің тергеуін ҚР Бас прокуратурасының тергеу-жедел тобы жүргізіп жатқандығы атап өтілді. Ілиясовты қамауға алу туралы өтінішінде ол бостандықта жүрген кезде объективті тергеуден жасырынуы немесе кедергі болуы мүмкін екенін көрсетті.

Ілиясовтың қызметінен екі ай бұрын кеткені белгілі. Ол бұл қызметке өткен жылдың ақпан айында Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың өкімімен тағайындалған. Айта кету керек, ол бас дәрігер болып тұрған кезде Ковид-19 пандемиясымен күресу үшін бюджеттен үлкен қаражат бөлінді.