Танымал қазақстандық актер өмірден өтті

0

Алматыда танымал кино және театр актері Ілияс Тұрманов дүниеден озды деп хабарлайды zakon.kz.

Наталия Сац атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының жетекші актері Ілияс Тұрманов 4 сәуірде ұзаққа созылған сырқаттан кейін қайтыс болған. Әріптестері оның коронавирустың салдарынан қайтыс болғанын айтуда.

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова актердің отбасы мен театр труппасына көңіл айтты.

«Ілияс Тұрмановтың қазасы — бұл кәсіби қоғамдастық үшін ғана емес, сонымен бірге оның жұмысын жоғары бағалайтын және сүйетін ұлттық театр жанкүйерлері үшін орны толмас қайғы», — деп атап өтті министр.

Ілияс Тұрманов 1967 жылы дүниеге келген. Ол шығармашылық қызметін Жамбыл мәдени-ағарту училищесін бітіргеннен кейін Тараз қаласындағы Жамбыл облыстық орыс драма театрында бастады (1987 жылдан 1997 жылға дейін).

Ол Наталия Сац атындағы балалар мен жасөспірімдер театрына 1998 жылы келген. 20 жылдан астам уақыт бойы актер 50-ден астам рөлді осы театр сахнасында сомдаған.

Ілияс Тұрманов 2003 жылдан бастап «Каждый взойдет на Голгофу», «Маленькие люди», «Остров возрождения», Ресейдің, Израильдің, Польшаның және Қазақстанның бірлескен туындысы болып табылатын «Подарок Сталину», «Небо моего детства» фильмдерінде, «Астана — менің махаббатым» қазақ-түрік телехикаясында түрлі рөлдерді сомдаған.