Ақордада жаңа ірі лауазым пайда болмақ

0

Тікелей Президентке есеп беретін оның құзыр-функциясы да аса ауқымды болғалы тұр.

Республика тізгінін Елбасы ұстап тұрған тұста, Қазақстан халықаралық саясатқа үлкен мән берді: жаһандық бастамалар ұсынды. Халықаралық жобаларды жүзеге асырды. Көптеген халықаралық ұйымдардың құрылуына күш салды. Елордада жаһандық күн тәртібіне арналған жиындар, конференциялар, форумдар және басқа да форматтағы іс-шаралар бір мезгілде немесе бірінен соң бірі үздіксіз өтіп жататын. Дүниежүзіндегі Қазақстанның имиджіне де баса көңіл бөлінетін. Елорда төрі биік мәртебелі меймандардан арылмайтын.

2019 жылғы наурызда билік басына Қасым-Жомарт Тоқаев келгелі Үкімет халықаралық мәселелерден ішкі әлеуметтік мәселелерге бетбұрыс жасады. Қазақстан үшін шетелдегі іс екінші және одан кейінгі орынға сырғығандай болды. Тек анда-санда Сыртқы істер министрлігі әлемдегі елең еткізер оқиғаларға үн қосып қояды.

Енді жағдай өзгеретінге ұқсайды.

Президент әкімшілігінде жаңа сектор ашылмақ

Мемлекет басшысының қызықты бір Жарлығының жобасы әзірленді. Ол «ҚР Президентiнiң Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкiлi туралы» деп аталады. Егер құжат қабылданса, Тоқаевтың Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкiлi тағайындалады.

«Мемлекеттік саяси қызметші» санатына қосылатын бұл биік лауазым иесін Мемлекет басшысының өзі тағайындайтын болады.

«Халықаралық іс-шараларды өткізу кезіндегі лауазымды адамдардың протоколдық үлкендігі» тізімінде осы арнайы өкіл Қауіпсіздік кеңесі хатшысының бірінші орынбасарынан, Елбасы Кеңсесі басшысының орынбасарларынан жоғары тұруы мүмкін.

Бұл тұлға Ақордадағы басшылық қызметкерлердің құрамына кіреді деп күтілуде. Осыған байланысты Президенті әкімшілігінің штат саны қазіргі 408 бірліктен 414 бірлікке дейін өседі деп болжануда.

Демек, жаңа институтқа өкілден өзге 5 штаттық бірлік бөлінгелі тұр.

Жарлық жобасына ілеспе құжаттарда «ҚР Президенті әкімшілігінің құрылымы Қазақстан Президентінің Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкiлiнің қызметін қамтамасыз ету жөніндегі сектормен» толығатыны көрсетілген.

Сондай-ақ қолданыстағы «Президентінің әкімшілігі туралы ереже» қайта қаралып, оған «Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкiлді ПӘ басшысының ұсынуы бойынша Президент қызметке тағайындайды және қызметтен босатады» деген өзгеріс енгізу ұсынылып отыр.

Құжатта тағы бір лауазым туралы айтылады: ол – Президент әкімшілігі басшысының халықаралық мәселелер жөніндегі орынбасары деп аталады. Бұл тұлға «Халықаралық іс-шараларды өткізу кезіндегі Қазақстанның лауазымды адамдарының протоколдық үлкендігі» рейтингінде Қауіпсіздік кеңесінің хатшысынан және Президент әкімшілігі басшысының орынбасарларынан жоғары орналасады деп белгіленген.

Қазіргі кезде бұл тұғырда Президенттің халықаралық мәселелер жөніндегі көмекшісі орналасқаны мәлім.

«Мемлекет басшысының «ҚР Президентiнiң Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкiлi туралы» Жарлығының жобасы Сыртқы істер министрлігінің бастамасы бойынша әзірленді. Жарлық жобасы ел Президентiнiң Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкiлін тағайындауды көздейді. Бұл жаңа лауазымды енгізу және арнайы өкiлді тағайындау – Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі бағыттарын және Қазақстан Президентiнің бастамаларын ілгерілетуді айтарлықтай арттырады. Жобаны қабылдау әлеуметтік-экономикалық теріс салдарға әкеп соқпайды. Арнайы өкiл қызметін қаржыландыру Президент әкімшілігіне бөлінген қаражат шегінде жүзеге асырылады», – деді Үкімет басшысы Асқар Мамин құжатқа түсіндірме жазбада.

Құжатта бұл биік лауазым осы 2021 жылы енгізілетіні хабарланған.

Қолда бар дерекке жүгінсек, арнайы өкiл тікелей Қасым-Жомарт Тоқаевқа есеп бередi.

Президенттің келіссөздеріне араағайын болады

Бұл ретте оның атқаратын функцияларының ауқымы кең, құзыр қоржыны да қомақты.

Біріншіден, ол сыртқы саясат пен халықаралық ынтымақтастықты дамыту, халықаралық президенттік бастамаларды iске асыру жөнінде Мемлекет басшысына ұсыныстар енгізеді.

Екіншіден, шет елдер мен халықаралық ұйымдардың саяси және қоғам қайраткерлерімен, шет елдердің іскер топтары өкілдерімен келіссөздер өткізеді, сауда-экономикалық, инвестициялық, технологиялық және басқа да салаларда басым жобаларды ілгерілетуге қатысады.

Үшіншіден, «Қазақстанның сыртқы саясаты тұжырымдамасының» жобасын дайындауға және оны кейін іске асыруға қатысады.

Төртіншіден, енді Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдауының сыртқы саясат бөлігін арнайы өкіл әзірлейді.

Бесіншіден, әлемдік дамудың үдерістеріне, сондай-ақ халықаралық қатынастардың өзекті мәселелеріне мониторингті, талдауды және болжамдауды жүзеге асырады, Президентке ақыл қосады.

Алтыншыдан, ол Қ.Тоқаевтың шет елдердің меморгандарымен және лауазымды адамдарымен, шетелдік саяси, қоғам қайраткерлерімен, халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылын қамтамасыз етуге атсалысады.

Жетіншіден, саяси, экономикалық, гуманитарлық және экологиялық салаларда халықаралық байланысты жолға қояды.

Сегзіншіден, ел Президентiнiң шет елдік сапарларының және шет мемлекеттер басшылары сапарларының, халықаралық ұйымдардың, қаржы институттары мен компаниялардың басшыларымен кездесулердің мазмұнды бөлігін дайындауға жәрдемдеседі.

Тоғызыншыдан, шетелдік инвестицияларды, озық тәжірибе мен технологияларды тартуға, әлемдік нарықта отандық өнімдердің экспортын ілгерілетуге қатысады.

Оныншыдан, сыртқы саясаттың негізгі бағыттарын және Президенттің бастамаларын ілгерілету мақсатында халықаралық сарапшылардың пулын қалыптастырды, олармен өзара іс-қимыл жасайды.

Бұдан қалды, саяси және әлеуметтік-экономикалық салалардағы президенттік реформаларды шет елде танымал ету, түсіндіру де осы тұлғаға жүктелмек. Сонымен қатар, Қ.Тоқаев арнайы өкіліне «саясат пен халықаралық ынтымақтастықтың әртүрлі өзекті бағыттары жөнінде арнайы миссияларды» тапсыруы мүмкін.

Осы қызметтерді жүзеге асыру үшін аталған лауазым иесіне қажетті құзырлар беру қарастырылған. Осы мақсатта ол меморгандарға және лауазымды адамдарға тапсырма беріп, қажеттi ақпараттарды, құжаттар мен өзге де материалдарды сұрата алады. Мемлекеттiк, үкiметтiк байланыс пен коммуникация жүйесiн пайдаланады.

Жанат Ардақ, inbusiness.kz