Қой терісін жамылған қасқыр комиссия халыққа керек емес!

0

Бізді алаңдатып отырған мәселе – Жер комиссиясының құрамы. 80 адамнан тұратын комиссия мүшелері, халықтың емес, билік пен бай латифундистер мүддесін қорғайтыны анық. Себебі комиссия құрамында депутаттар мен әкімдер, миллиондаған гектар жері бар ірі шаруа қожалықтарының иелері, «түсініксіз» тұлғалар да бар. Бұл – қасқырға қой бақтырғанмен бірдей. Мұндай комиссия құрудың қажеті жоқ еді.

Жер «ешкімге сатылмайды, шетелдіктерге жалға да берілмейді» деп президент айтқан соң, оны заңға шегелеп тастау керек те, Жер заңына өзгерістер мен толықтыруларды мамандар жасау керек. Топырлаған 80 адам көзбояушылық үшін жиналғандар. Олардың біразы заңгер, маман емес, Жер заңын түсінбейді де. Комиссия құрамына ымыраға көнбейтін қоғам белсенділерін кіргізген жоқ.

Оның себебі түсінікті. Билік 2016 жылы құрылған алғашқы Жер комиссиясы секілді халықты алдап, Жер заңына өздеріне тиімді баптар өткізбекші. Сол кезде комиссияның ұсыныстары бойынша заңға толықтырулар енгізген парламент депутаттары елді алдап, кейбір ұлтшылдардың аузымен Жер кодексінде жерді шетелдіктерге жалға беретін бап жоқ, бәрі жақсы, керемет болды деп халықты шатастырды. Бұл жолы да билік жымысқы әрекеттерін жүзеге асыру үшін, комиссия құрамына өздеріне қарсы шықпайтын адамдарды кіргізіп отыр.

Біз жер бір адамға белгілі бір мөлшерден, мысалы, 10 немесе 20 мың гектардан артық берілмесін деп айтып жүрміз. Енді комиссия құрамындағы жүздеген, миллиондаған гектар жерлері бар байлар осыған келісе ме? Әрине, қарсы болады. Олар жер өз азаматтарымызға да сатылмасын деген халықтың талабына да қарсы болатыны түсінікті.

Одан кейін Жер заңында әр азамат 10 соттық жер алуға құқылы деп жазылғанымен, әкімдер «бос жатқан жер жоқ» деген сылтау айтып, заңды орындағысы келмейді. Қарапайым халық баспана салатын жер ала алмай жүрген кезде кейбір бай-қалталылар жүз мыңдаған гектар жерді иеленіп отыр. Мұндай әділетсіздікке тоқтау салыну керек. Қалалар мен елді мекендердің маңындағы жекешелендіріліп кеткен, үй салуға болатын жерлердің барлығы мемлекеттік мұқтаждыққа жатқызылып, қайтарылып алынсын да, халыққа баспана салуға үлестіріп берілуі керек. Ол жерлер алдымен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар мен үйсіз-күйсіз жүрген жандарға берілсін деп айтып жүрміз. Комиссия құрамындағы әкімдер мен көптеген шаруа қожалығының басшылары бұған да қарсы болатыны түсінікті.

Мұндай комиссияға сенім жоқ. Қазір бұлар әртүрлі қитұрқы әрекеттер арқылы заңды айналып өтіп, жерімізді Қытайға сатуға, жалға беруге жанталасады. Бір мысал айтайын: былтыр ерекше қорғалатын Іле-Алатау ұлттық паркінің біраз жерін «Құлтау» компаниясының басшысы Гужавин деген біреу 49 жылға жалға алған болатын. Ол жерлерге түрлі нысандар салуға 100 миллион долларды қытайлар бермекші дейді. Сонда жалға алынған Алатау, Алма-Арасан, Асы жайлауы, Есік шатқалы, еліміздің тағы басқа ұлттық парктерінің, шұрайлы жерлеріміздің иесі кім болады?

«Ел мен Жер» қозғалысының табанды талап етуінің арқасында прокуратура ол жерлерді жалға беру тендері заң бұзылушылықтармен өткенін мойындап отыр. Бірақ істі әрі қарай жалғастыруға олар да дәрменсіз. Енді осы мәселені шешуі тиіс комиссияға қалай сенуге болады: егер оның құрамындағы Мұхтар Тайжан «Құлтау» компаниясы туристерге арнап жол, әжетханалар, демалыс орындарын салады деп қолдап жүрсе?!

Билік комиссияға өз ойларын ашық айтатын мықты мамандарды кіргізуге қорқады. «Ел мен Жер» қозғалысының жетекшісі, ауыл шаруашылығы министрі болған Балташ Тұрсымбаевты, Жер заңын жазуға үлкен үлес қосқан мықты экономист Тоқтар Есіркеповты, тағы басқа ұлтшыл азаматтарды кіргізсе, ойлары жүзеге аспай қалатынын біледі.

Бірақ біз билік солай жасады екен деп қарап отырмаймыз. Жақында Жер кодексіне 38 өзгерістер мен толықтырулар енгізу жайлы Жер комитетіне ұсыныстар бергенбіз. Соның орындалуын талап етеміз. Жер ешкімге сатылмайды, шетелдіктерге жалға да берілмейді деген халықтың талабын орындату үшін күресеміз. Бұл билік халықпен санаспай, бассыздыққа бара берсе, онда жер дауының арты үлкен теңселіске алып келеді. Осыны билік түсінуі керек.

Еркін РАҚЫШЕВ, «Ел мен Жер» қоғамдық қозғалысының хатшысы
«DAT». 25.03.2021.