«Күйеуімнен қатты қорқамын. Қыздарымның тағдыры қыл үстінде». Орал тұрғыны 13 жасар қызын зорлады деп айыпталды
Оралда бүгін 13 жастағы өгей қызын зорлады деп айыпталған қала тұрғынының соты басталды. Батыс Қазақстан облыстық сотынан хабарлағандай, іс Қылмыстық Кодекстің екі бабы бойынша қозғалыпты. Жәбірленуші тарап қатал жаза талап етеді, деп хабарлайды «Астана» арнасы.
Жәбірленушінің анасы күйеуінің үнемі өзіне қол жұмсағанын айтады. Кезекті ұрыс-керіс шегіне жеткенде, үлкен қызы өгей әкесінің өзіне жасаған озбырлығын, жылап отырып баяндап беріпті. Анасы мұндай сұмдықты бей-жай қалдыра алмаған, сондықтан бірден полицияға жүгінген.
«Қызым бұл сұмдықтан әлі есін жияр емес. Қазір емделіп жатыр, психологтар оның қайта қалпына келуі әлі 4-5 жылға созылатынын айтады. Ал мұндай ауыр жан жарасы өмір бойына қалады дейді. Шынымды айтсам, күйеуімнен қатты қорқамын. Қазір қыздарымның тағдыры қыл үстінде тұр. Сондықтан сот әділ жазасын береді деп үміттенемін», — деді жәбірленушінің анасы Роза Маратова.
Айыпталушы тарап болса, тағынған айыппен келіспейді. Бірақ сұхбат беруден бас тартты. Ал, адвокаты бұл істің нүктесін сот қояды деді.
«Бүгін сотта өзіме белгілі болған ақпаратты айтпауға міндеттеліп, қол қойдым. Конституцияға сәйкес, кінәсі дәлелденіп, сот үкімі шықпайынша, ешкімді кінәлауға болмайды. Сондықтан, сот істі әділ қарайды деп сенеміз», — деді ауыпталушының қорғаушысы Мереке Ғабдуалиева.
Қазір бұл іс сотта жабық жағдайда қаралып жатыр. Айыпталушы өгей әке. Оның үстінен жасөспірімге азғындық әрекет жасағаны үшін қылмыстық іс қозғалған.
«Айыпталушы ҚР ҚК 121-бабының 4-бөлігі, 124-бабының 2-бөлігімен, яғни сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық және жас баланы азғындық жолға түсіру деген бап бойынша сотқа берілді», — деді БҚО соты баспасөз қызметінің басшысы Нұргүл Қанатбаева.
Ажырасуға да арыз берген ерлі-зайыптылар қазір арадағы дүние-мүлікті де өзара бөліске салыпты. Ал айыпталушының жасөспірімге зәбір көрсеткені дәлелденсе, заң бойынша 7 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.