Тоқтар ЕСІРКЕПОВ: Халықтың ең соңғы мүмкіндігі – ЖЕРІМІЗДІ САҚТАП ҚАЛУ!

0
1315

Мәжіліс талқысына түскен Жер туралы заң жобасында «Жер сатылмасын, жалға да берілмесін!» деген халық талабы тағы да қандай бұлталаңға ұшырайды? Экономика ғылымдарының докторы, профессор Тоқтар ЕСІРКЕПОВ мырзамен болған сұхбатта осы және ел экономикасының бүгінгі жағдайына қатысты басқа да маңызды мәселелер сөз болды.

– Тоқтар аға, Қасым-Жомарт Тоқаевтың нұсқауымен наурыздың соңына таман Жер комиссиясының жаңа құрамы белгілі болады. Өзіңізге белгілі, ол комиссия жерге қатысты заңнамаға өзгерістер енгізу мәселесін талқылайды. Біріншіден, сіз осы комиссияның құрамы қалай құрылғанын қалар едіңіз?

– Халықты қатты елеңдеткен жер мәселесіне қатысты сөз қозғағанда, 2016 жылғы Жер комиссиясы туралы пікірімді айтқаным жөн. Құрамындағы 75 адамның 70-тей мүшесі билік тарапынан тағайындалды деген дерек бар. Азаматтық қоғам мүшелері аз қамтылғаны белгілі. Комиссия құрамындағы шенеунік-депутаттар, Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері ел қарсылық білдірген баптарды қолдады. Осындай логиканы қалай түсінуге болады? Өздері шығарған заңдылық нормаларына өздері қарсы шыққаны қалай?

Сол комиссияда ауыл шаруашылығы саласының білікті ғалым-мамандардың, сауатты маман-заңгерлер мен экономистердің, жермен тікелей жұмыс істейтін кәсіпкерлер мен азаматтық қоғам өкілдерінің орны ойсырап тұрды. Ал жаңа комиссияның құрамына байланысты менің ұсынысым: азаматтық қоғам мен билік өкілдерінің қатынасы 50 де 50 болуы керек. Билік бізден сұрамас, өзі білемге салар: дегенмен комиссия құрамында қоғам өкілдері, ауыл мен жердің жағдайын жақсы білетін мамандар, ғалымдар, кәсіби заңгерлер мен экономистер болуы керек. «ДАТ»-тың 4 наурызда шыққан санынан Мұхтар Тайжанның сұхбатын оқып, оның комиссияға ұсынған азаматтары арасынан Бақытжан Базарбектен басқа заңгер көзіме түспеді. Елге керегі сауатты түзілген заңнамалық құжат.

Әйтсе де комиссия құрамына елге қарайлас сөз айтатын азаматтар кіретініне күмәнім бар. Биліктің алдында мәселені төтесінен қоятын кәсіби-мамандар дәл осы жер мәселесіне келгенде аянып қалмауы тиіс. Бүгінде ауыл шаруашылығына қатысты проблеманы жетік білетін заңгерлер жоқтың қасы. Нағыз білікті заңгер-цивилист, академик Майдан Сүлейменов, жерге қатысты заңдылықтар мәселесімен тікелей айналысып жүрген Бақытжан Базарбек сияқты мамандар комиссия құрамына шақырылуы керек деп ойлаймын.

– Біздің ойымызша, сол қатарда сіз де барсыз…

– Рахмет! Шынымен де, 2003 жылы Қазақстанның Жер кодексін қабылдаған кезде кәсіби маман ретінде заң жобасын тікелей дайындауға қатыстым. Осы жобаны жасаған жұмысшы тобының мүшесі ретінде ауыл шаруашылығына тиесілі жерлерге жеке меншік құқық енгізілуіне қарсы болғанбыз…

Айтпақшы, «ДАТ»-тың өткен санындағы Мақсұт Қалыбаевтың мақаласында менің сөзіме сілтеме жасалып, қате мағлұмат беріліпті. «..1992 жылы ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын жекешелендірудің ерекшеліктері туралы заң шығып, жерді пайдалану құқығы ғана сатылады деген тезиске алданып қалдық…» – депті. Біріншіден, дәл мұндай тезис ол заңда жоқ екеніне кепілдік беремін, мен сол заңның авторының бірімін. Екіншіден, мақала авторы «Жас Алаш» газетінің биылғы жылғы 4 наурыздағы санына сілтеме жасаған екен. Менің ондай мақалам шыққан жоқ, біраз уақыт бұрын еліміздегі ауыл шаруашылық ғылымының жағдайы мен өзекті мәселелері (2006 ж.) және Қытайдың 51 кәсіпорнын елімізге көшіру туралы (2016 ж.) мақалаларым жарияланды. Мұндай бұрмалау мақала авторы үшін де, мен үшін де ұят болмасын деп айтып отырмын…

– Ескертудің ешқандай айыбы жоқ – қабылдаймыз. Ал жаңадан құрылғалы жатқан комиссияға шақырса, барасыз ба?

– Мамандар қажет деп жатса, барамын. Мақтанып отыр деп ойламаңыз: елде жер туралы менен артық жазған, сараптама жасаған ешкім жоқ сияқты. Колхоз-совхоздар тарап, реформа жүргізіліп жатқан кезден бастап осы тақырыпты түбегейлі зерттеп, БАҚ-қа тұрақты жазып келемін. Менің пікірім Қазақ радиосынан эфирге шығып, телеарналарда жиі көрсетіледі. Ғаламтордан оқып, танысуыңызға болады.
Алаш арысы Ахмет Байтұрсынов мектепте ұстаздық етіп жүріп: «Мен неге мектептегі 50 балаға дәріс беріп отыруым керек, газет ашып, халқымның сауатын, көзін ашып, ағартушылықпен неге айналыспаймын?» – деген екен. Сондықтан маман, ғалым ретінде бар білгенімді шамам келгенше халыққа айтуды, түсіндіруді өзімнің азаматтық парызым деп санадым. Оның үстіне еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінің, оның ішінде ауыл шаруашылығының нарықтық экономикаға өту кезеңінде жүргізілген аграрлық, жер реформаларына қажетті бірталай заңдардың, ҚР президентінің жарлықтарын, үкіметтің қаулы-қарарын, басқа да нормативтік актілері мен құжаттарының дайындалуына тікелей қатыстым. Жер комиссиясының жұмысына араласуға мен дайынмын!

– Олай болса, бүгінгі қазақ үшін тағы да дауға айналған жер мәселесіне экономист-ғалым ретінде сіз қандай сипаттама бересіз? Қазақстандағы ауылшаруашылық мақсаттағы жердің өндірістік және нарықтық болашағы қандай?

– Апта басында белгілі болғанындай, заң жобасы мәжіліске ұсынылды. Меніңше, қолданыстағы Жер кодексінің күшін жойып, еліміздің жаңа Жер кодексі қабылдануы керек. Себебі 2003 жылдан бері қырық жамау болған Жер кодексі талапқа, бүгінгі күннің сұранысына сай келмейді.

Оқырманның есіне сала кетейін, 2003 жылы Жер кодексі қабылданды. Бұл кодекстің бұрынғы заңдарға қарағанда ең басты айырмашылығы – ауыл шаруашылығы жерлерін тауар, жеке меншік нысан ретінде танып, мемлекет оны сатуға шығаруды көздеді. Билік мұны «82 миллион гектардан астам ауыл шаруашылығы жері дұрыс пайдаланылмай жатыр. Жерді тиімді пайдаланудың бір ғана жолы бар, ол – жеке меншікке беру, жердің нақты иесі болмай, жердің құнарын ешкім арттырмайды. Оны өз меншігіндей қарамайды» деп түсіндірді. Әлемдік тәжірибеге қарасақ, кейбір елдерде 1 гектар жер де жеке меншікте емес. Мысал ретінде, Қытай, Израиль, Беларусь, Өзбекстан сияқты мемлекеттерді айтуға болады. Дегенмен, көптеген елдерде жердің бір бөлігі мемлекеттің қарамағында болса, бір бөлігі жеке меншікте. Мысалы, АҚШ-тың әр штатында әртүрлі: 40-50 пайызға дейінгі жер мемлекеттің меншігінде. Сондықтан «жерді тек қана жеке меншік құтқарады, одан басқа жол жоқ» деген түсінік шындыққа сай келмейді. Кеңес Одағының кезінде жеке меншікте жер болған жоқ,
2003 жылы Жер кодексі қабылданған кезде үкімет басында Иманғали Тасмағамбетов отырған. Мәжіліске 2002 жылы түскен осы заңның жобасымен мәжіліс депутаттары мен жұмыс тобы бір жарым жыл бойы жұмыс істеді. Олар заңның жобасына 700-ден астам өзгертулер мен толықтырулар ұсынды. Ол кезде «Тұран» университетінің профессоры едім, апта сайын жұмыс тобының жиналыстарына қатысуымды сұрап, мәжілістен қоңырау шалатын. Астанаға баруға жеке қаражатым, жол күре, басқа да күнделікті шығындарды кім көтеретініне жауапты адам табылмады. Жұмыс тобының жетекшілеріне, жауапты адамдарға хабарластым, нәтижесі болмады…

– Әдетте мұндай шығынды үкімет мойнына алуы керек еді ғой…

– Оның жауабы біреу-ақ – шамасы мені жұмыс тобына жуытқысы келмеді. Маман ретіндегі пікірімнен қашқақтады. Сол Жер кодексі талқыланып жатқан кезде БАҚ-та өз пікірімді ашық мәлімдеп жүрдім. Жер кодексінің жобасын дайындаған – «Аграрлық партия» еді. Ал бұл партияны құрған – астық компаниялары. Олардың иелері – латифундистер. Оның артында тұрған – мәжілістегі Аграрлық комитеттің төрағасы Ромин Мадинов болатын. Бұл латифундистердің мүддесін қорғайтын Кодекстің жобасы екенін талай рет айттым. Сондықтан менің пікірім оларға қалай ұнасын? 2003 жылдың 19-20 ақпанында парламенттегі талқылауда Кодекс жобасының бірінші оқылымына қатыстым, 101 беттен тұратын ұсыныстарым әр депутаттың алдында жатты.
Жоба екі күн талқыланып, депутаттар үкіметтің алдына бес шарт қойды, бірақ үкімет басшысы Тасмағамбетов ол шарттармен келіспейтіні жөнінде мәжіліске хат жолдады. Сонан кейін мәжіліс үкіметке сенімсіздік танытты. Іске сенат араласты. Ел президенті Кодекстің компромистік нұсқасын ұсынды. Сол нұсқа қабылданды. Соңында премьер-министр орнынан кетті. Бұл жаңа тарихта жазулы тұрған дерек. Дегенмен, үкімет басшысы кетсе де, үкімет ұсынған алғашқы жобаның нұсқасы қабылданып кетті. Ал латифундистер жасаған жоба кімнің мүддесіне жұмыс істегені тағы да жаңа тарихтан белгілі.

Қазақстандағы ұлттық табыстың 55 пайызы 166 бай адамның қолында. Ауыл шаруашылық жерлеріне жеке меншік құқық енгізетін болсақ, бұл – қолында ештеңесі жоқ, айлығы мардымсыз, жағдайы жыл санап төмендеп келе жатқан халыққа тиімсіз. Алған мардымсыз жалақысының 65 пайыздан астамын ас-суына жұмсайды. Халық киім кимей ме, олардың басқа тұрмыстық мұқтаждығы жоқ па?

Жер сатылса, оны кім алады? Әрине, қалталы бай-шонжарлар алады. Президент Тоқаевтың «жерді шетелдіктерге сатпаймыз, жалға да бермейміз» деген ұсынысына менің қосар ұсыныс-тілегім: «Ел азаматтарына да жер сатылмасын!». Жер сатылатын болса, оны тағы да сол алпауыттар ғана сатып алады.

– Ал осы жер мәселесіне сәйкес заңдылықтар мен қатынастарды қоғамның талабына сай реформалауға Қазақстан билігі неге қасарысып отыр? Халықтың қалауына биліктің қарсы болуының басты себебі неде?

– Биліктің қарсылығына айтатын себеп жетерлік. Кеңес Одағы ыдырап, Қазақстан тәуелсіздік алған соң, 1992 жылдан бастап нарыққа көштік. Нәтижесінде – жекешелендіру реформасы басталып, қара халықтың қолына ештеңе тимеді. Шағын кәсіпорындар негізінен аукциондар мен конкурстар арқылы сатылды. Оған қалталылар мен билікке жақын топтар ғана қатыса алды. Ал орта кәсіпорындар «ПИК» (жекешелендіру инвестициялық купоны) арқылы инвестициялық қорларға берілді. 2000-дай кәсіпорын осындай жолмен жаппай жекешелендірілді. Купондар соңында ештеңеге жарамай қалды. Бірақ сол кәсіпорындардың бір бөлігін өзіне иемденіп алғандар бар. Ең үлкен өндіріс орындары шетелдіктердің басқаруына берілді. Бұл жоба 204 үлкен және ерекше кәсіпорындарға қолданылды. Сол кезде «Деловая неделя» газетіне осы мәселе жөнінде 42 беттік мақала жарияладым. Редакторына Александр Машкевич телефон соғып, менің кім екенімді сұрап: «Нас в пух и прах разбил», – депті. Шынымен де, жердің алпауыттарға өтіп кеткенін мойындаған. Сол кезден бері миллионерді қойып, миллиардерлер шығып жатыр. Он– он бес жылдан бері миллиардерлердің саны 5-тен ары аса алмай тұр. Ал іс жүзінде «Форбс» тізіміне ілінбеген астыртын миллиардерлер қаншама?!

– Экономикалық қатынастар ілімі бойынша, жер – нарық тауары екені мәлім. Ал біздің билік жердің астын сатып бітіріп, енді оның үстін саудаға салу арқылы елдің экономикасын түзей ала ма?

– Тәуелсіздік алғаннан бергі мәселе инвестицияға келіп тіреледі. Табиғи байлықты шетелдіктерге берудеміз. «Дәніккеннен – құныққан жаман» демекші, инвестицияға тоймай келеміз. Экономиканы дамыту құралындағы шикізат көзі мұнай десек, шикізатты экономикадан – диверсификациялық экономикаға өткізу көзі ретінде осы құрал пайдаланылуы керек еді. Үкіметтің қыруар қаржыны ірі бағдарламаларға, мәселен, индустриалды-инновациялық дамуға салуы сәтті болмады. Оның басты себебі – үкімет ешкімнің алдында есеп бермейді. Оның үстіне есебі жоқ мол қаржыны бақылайтын, қадағалайтын орган атымен жоқ.

«Ресурстар қарғысы» деген ұғым бар. Оның мәні мынада: шикізатқа шылқыған ел экономиканың басқа – шикізатты емес салаларын дамытуға мүдделі болмайды. Біздің ел осы қарғысқа тап болды!

– Осы ретте экономика саласының ғалымы ретінде сіз Қазақстан үкіметінің дағдарыс аясындағы іс-әрекетін қалай бағалайсыз?

– Бүгінгі үкіметке қатысты бір ғана мысалды айтсам жеткілікті шығар: үкіметтің дағдарысқа қарсы бағдарламасы жоқ екендігі жалпақ жұртқа жария болды. Масқара емес пе: қиын-қыстау кезеңге арналған бағдарлама үкіметтің қолында кез келген уақытта дайын тұруы керек қой. Шикізатты экономикаға тәуелді елдегі экономикалық бағыттың өзіндік қатерлері бар екенін Халықаралық валюта қоры, басқа әлемдік қаржы институттары баяғыдан бері қақсап келеді. Биліктің мұнайға иек артуы «құнығу синдромын» тудырып, «тегін» түсіп жатқан ақшаның буына мастандырды.
Тәуелсіздік алғаннан бері бірнеше рет қайталанған дағдарысқа әлемдік экономикалық дағдарыстың кесірі тиді деген ресми насихат үдеп барады, оған былтырдан бері әлемді жайпап жатқан пандемияның да әсері бар. Дегенмен, «кінә бізден емес, әлемнің жағдайы солай» деген алдарқатудың нәтижесінде халықтың билікке деген сенімі жоғалды. Ендігі ең соңғы мүмкіндігіміз – Жерімізді сақтап қалу.

Негізінен бір-екі ғана салаға бағытталған экономика толыққанды даму жолына түсе алмайды. Ал мұнайы жоқ мемлекеттер, керісінше, жағдайын оңдап алды, өйткені мұнай бағасының арзандануы олардың баға нарығына салмағын түсірген жоқ. Азық-түлік пен электр қуатын тасымалдаушының қызметі де арзандады. Бізде бәрі керісінше. Мұнайға деген тәуелділіктен құтыла алатын түріміз жоқ. Мұнай да таусылатын заман келе жатыр. Соңғы табиғи ресурсымыз – Жерді сатып алуға алпауыттар дайын отыр.

– Жер – қолмен ұстап, келілеп, пұттап алатын тауар емес екені белгілі. Экономист ретінде сату мен сатып алу нарқын қалай парықтауға болатынын түсіндіріп беріңізші!

– Сатып алатындар жердің құнын кадастр бойынша көрсетілген арзан бағадан асырмайды. Ол нарықтық бағадан оншақты есе төмен қойылатын көрсеткіш. Егер нарықтық айналымға түсетін болса, жердің құны әлденеше есеге артатын еді.

– Дегенмен, Жер кадастры толыққанды жасалмаған кезде құнын кім белгілей алады?

– Ең бастысы – осы мәселе ғой! Электронды кадастр жасалады деп естігенбіз, бірақ оны көрген ешкім жоқ. Жердің кадастрлық бағасын үкімет балл бонитетпен есептемек, ол нарықтық құрал емес. Нарықтық бағасы шығу үшін – жер айналымға түсуі керек. Жердің құнарлылығы, дифференциалды рентаның неше түрі қарастырылады. Сонда сатып алуға құмартып отырғандар осы жағдайлардың ескерілмегенін пайдаланғысы келіп отыр. Ертеңгі күні қайта сатып, майшелпекке батуды көздеуде.
Космомониторинг әдісі – ғарыш арқылы жерді пайдалану үшін қолданылатын, бұрыннан пайдаланып келе жатқан үрдіс. Ендігі кезекте жер иелеріне қатысты мәліметтер жария болуы үшін де, бұл әдісті қолдану нәтижесін беруі тиіс. Дегенмен, кадастрға қатысты мәселе ашық емес. Мәселен, Ресейде ашық ақпарат көздерінен жер иесі мен оның пайдаланып отырған жерінің аумағына қатысты мәліметті кез келген адам тауып алады. Сондай ақпарат алу біздің елде мүмкін болмай тұр.
2003 жылы Жер кодексі қабылданған кезде 85 миллион гектар ауыл шаруашылығына пайдаланатын жердің 30,5 миллионы құнарлы жер болған. Оның 57 пайызы Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола облыстарына тиесілі. Осы облыстарда бірқатар астық компаниялары құрылды: 90-жылдардың соңы мен 2000-жылдардың бас кезінде жүргізілген есеп бойынша, 40-тан аса астық компаниясы бар еді. Әрқайсының қарамағында 200 мыңнан 1 миллион гектарға дейін жер болатын. Ал соңғы мәліметтерге сүйенсек, бүкіл Қазақстан бойынша бар болғаны бес-ақ астық компаниясы бар көрінеді. Экспортқа шығатын астықтың жартысы солардың қолында. Бәрін ат төбеліндей топ қана ұстап отыр. (Кезінде осы мәселе жөнінде кітап та жаздық).
Осы астық компанияларын иеленген латифундистер ауылдағы азаматтарды жерсіз қалдырды. Зияны елге тиді. Солтүстік Қазақстан облысын мысалға алсаңыз, ауыл қаңырап, ел көшіп жатыр. Халықты осы жағдайға жеткізген, менің ойымша, осы латифундистер. Совхоз тараған кезде халық өз үлес-пайларын еріксіз алпауыттарға беруге мәжбүр болған. Олар пайына астық, жем-шөп береміз деген уәдесінде тұрмады. Бір жағынан биліктің әлі де транзиттік жағдайдан өтіп жатуы да кесірін тигізіп отыр.

– Ойбуй, аға! Кеткісі келмей, таққа тас кенедей жабысып отырған адамды қайда қоямыз?

– Сіздің сұрағыңызға – не үшін кетпей отыр деген қарсы сұрақ қойып, жауап берейін. Жерді толығымен иемденіп, оны жекешелендіріп алу үшін кетпей отыр. Өйткені жер әуел баста бөлініп қойған сияқты. Жерді тауар деп қарастыруға болмайтынын ескермей отыр. Ол – халықтың меншігі. Тарихымызда жерді сатып күнелткен ешкім жоқ. Сатсақ, өсірген мал мен өндірген өнімді ғана саттық.

Сондықтан экономикалық категория ретінде қарастырғанымызбен, жер – үлкен бір кешенді ұғым. Жер – ата-бабамыздың қонысы, мемлекеттің негізі, ұлттық символ. Жер кетсе, ұлт та кетеді. Жерді сату – ұлтты жоятын факторлар. Биліктің көздегені – ең соңғы ресурс, мүмкіндік – жерді сату. «Жер сатылмайды, ол халықтың ортақ меншігі» деген бап Ата заңға жазылуы тиіс, сол үшін Жер кодексін жаңадан қабылдау керек.

– Дәл осы жағдайда «жер шетілдіктерге сатылмасын, жалға да берілмесін» деген қоғамның талабы жүзеге асады деп сенуге бола ма?

– 2003 жылы Жер кодексі қабылданған кезде үкімет басындағылар 10-15 жылдың ішінде 10-15 миллион гектар жер сатылады деген еді. Одан бергі 18 жылдың ішінде сатылғаны 1,3 миллион гектар. Бұл – ауыл шаруашылығына пайдаланылатын 102 млн гектар жердің 1 пайызы. Бұл ештеңені шешпейді. Шетелдіктерге сатылып немесе жалға берілетін болса, басқа шешім шығып қала ма деген қауіп-қатер тұр. Президенттің ниеті дұрыс болғанымен, парламент қандай шешім шығарады? Екі алпауыт елдің ортасында тұрған Қазақстанның жағдайын да ескеруіміз керек.
Әлемдік тәжірибені зерттеген ғалымдардың айтуынша, мәселе жердің меншіккке өткенінде емес, басты фактор – мемлекет жерге қандай жағдай жасап, қолдайды – осы сұраққа келіп тіреледі. Сол арқылы негізгі проблеманы шешуге болады дейді. Қауіп бар – сатамыз дейтіндер 2016 жылы жерді аукционға салмақ болғаны, жерді жалға беруді жоямыз дегені есімізде. Үкіметтің қабылдамақ болған ең бір ақымақ шешімі халықтың қарсылығымен іске аспай қалды.

– Айтпақшы, Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүшесі болғандықтан, Жер туралы заңға Ресейдің ықпалы әсер ете ме?

– Әлбетте, кезінде бұл одаққа мүше елдер инвестиция құятын болса, үкіметтен «оларға ауыл шаруашылық жерлері берілсін» деген ұсыныс түскен, халық қарсы шыққан соң, ол ұсыныс іске аспады. Ресейдің ұлыдержавалық саясаты үстем тұратынын ескеруіміз керек.

2011 жылы Алматы қаласында бір үлкен ғылыми конференция болды. Оған ТМД елдерінен келген белгілі ғалымдар да қатысты. Сол кезде «евразиялық интеграция Кеден одағы, Бірыңғай экономикалық кеңістік, бірыңғай валюта арқылы біртіндеп жүзеге асады», – деп айтылатын. Жиында негізгі баяндамашы болған Ресейден келген бір академикке: «Осы айтылып жүрген үш сатыдан кейін төртінші, бесінші қадамдар болар. Ол қандай қадамдар, артынан не болады?» – деп сұрақ қойған едім. Бұған ешкім жауап бермеді. «Олар бізді саяси одаққа әкеледі»,– деп өзім жауап бердім. Кейіннен Алматыда 2014 жылы өткен антиевразиялық форумға қатысып, баяндама жасап, Қазақстан ондай бірлестіктерге кіруге дайын емес деген едім. Ең бастысы – біздің Конституцияда Қазақстанның мемлекетаралық бірлестіктерге қатысуы туралы бап жоқ. Біз осы қағиданы басты назарға алуымыз керек.

– «Халуа-халуа деп, қаншама қайталасаң да, ауызға оның тәтті дәмі келмейді» деген сөз бар. Сол сияқты «экономика-экономика» деп зар қақсасақ та, оның оңалып кетпесін соңғы 15-20 жылдың нәтижесі көрсетті. Ендеше экономиканы екінші кезекке қойып, алдымен саясатпен айналысу қажеттігін сіз қалай бағамдап берер едіңіз?

– Әлемдік тәжірибеден де, ғылыми тұрғыдан да пайымдасақ, саясат пен экономика – медальдың екі жағы сияқты. Экономикалық реформа басталған кезде саяси реформа қатар жүргізілуі тиіс. Егер саяси реформа тоқтап қалса, онда реформа халық үшін емес, билік үшін ғана қызмет ететіні белгілі. Реформаны жүргізіп отырған адам жеке мүддесін мемлекет пен халықтың мүддесінен биік қоюы керек деген қағида жоқ.
Біз маман ретінде баспасөзде айтып та, жазып та жатырмыз. Ал жұмыс істеп, халыққа нәтижесін көрсететін үкімет қой. Елде жыл сайын алуан түрлі бағдарламалар жасалып жатады, алайда нәтижесі шамалы. Бағдарламалардың қорытындысы жөнінде есеп берген билік жоқ.

«Алдымен – экономика, сонан соң – саясат» деген биліктегілердің ойы елге тіптен түсініксіз. Меніңше, бұл біржақты саясат. Экономикалық реформа да, саяси реформа да қатар жүруі керек. Саяси реформа биліктің емес, бүкіл халықтың мүддесін көздеуі қажет.

Негізінде, саяси реформалар адамды экономикалық тәуелсіздікке әкеледі. Экономикалық тәуелсіздік адамды нарықтық жағдайда бәсекеге қабілетті етеді. Нарықта бәсекелестік болуы керек те, саясатта неге бәсеке болмайды? Саяси реформа дұрыс жүргізілсе, азаматтық қоғам өкілдерінің қатарынан шыққан депутаттар парламентте отырар еді. Жерге жеке меншік енгіземіз бе, жоқ па, басқа да реформа жасаймыз ба деп жүргенімізде, билік өз дегенін істеп жатыр. Халықтың мүддесін кім ойлайды? Сол үшін бізге саяси реформа керек.

– Осы сұхбатта біздің қойған сұрақтардан тыс тағы да қандай маңызды мәселені қозғау қажет деп ойлайсыз?

– Елді алаңдатып отырған Қытайдың 56 зауытын көшіріп әкелу мәселесін айтар едім. Басында 51 еді. Бұл бастаманы 2013 жылы Қытайдың төрағасы «Бір жол – бір белдеу» деген бағдарлама бойынша көтерді. 2016 жылы бұрынғы президент Назарбаев Қытайға барып, 51 кәсіпорынды көшіріп алып келеміз деген келісім жасап келді.
Иә, әлемдік тәжірибеде АҚШ, Еуропа бір кезде зауыттарын Қытайға, Оңтүстік Азия елдеріне көшіріп апарды. Бірақ ол жағдай мен бұл жағдай – ұқсамайтын мәселе. Менің ойымша, Қытай бізге экологияға қатер төндіретін, өз кезегінде адамның денсаулығына залалын тигізетін өндірісті көшіріп әкелмекші. Ол зауыттарға қытайлық жұмысшылар қаптап келеді деген қатер жазылып та, айтылып та жатыр. Ең бастысы – халық бұл мәселеден тыс қалды, келісімшарттың қалай жасалғаны, қандай кәсіпорындар көшіп келетіні белгісіз. Ашықтық, жариялылық жоқ! Халықтың қаупін сейілтетін билік қайсы? Күдік көп, сенім жоқ…

– Сеніміңізге селкеу түспесін, Тоқтар аға! Мәңгілік ештеңе жоқ, бұл билік те өзгерер, Жер мен қазақ мәңгі!

Бақытгүл МӘКІМБАЙ,
«D»
«DAT». 18.03.2021.

1$, 5$, 10$ ... Тәуелсіз KzNews жобасына қолдау көрсету