«Бітпейтін қонақ, той көп»: Абайтанушы ғалым қазақтардың неліктен Түркияға көшіп жатқанын айтты

0

Қазіргі кезде Түркияда оқып жатқан абайтанушы-филолог Омар Жәлел сол елге көшіп жатқан қазақстандықтар туралы пікір білдірді. Қасқа жол Youtube арнасына берген сұхбатында ғалым түрік еліне қазақтардың қоныс аударуының себебін түсіндірді. Айтуынша, олар шығармашылықпен айналысу үшін, той-томалақ, қазаға барып уақыт жоғалтпау үшін кетіп жатыр, деп жазады KAZ.NUR.KZ порталы.

Омар Жәлел қазіргі таңда Түркияда докторантурада оқып жүр. Филолог шетелге көшіп жатқан қазақтардың әрекетінен еш сөкеттік көрмейтінін айтады. «Негізі адам өзінің елінде тұру керек деп ойлаймын. Бірақ қазіргі таңда шығармашылық адамдары Түркияға қоныс теуіп жатыр.

Меніңше, олар сол шығармашылықтың ыңғайымен кетуде. Оның өзінде уақытша, түбінде барлығы қазақтың жеріне келіп, қазақтың топырағы бұйырсын. Бізде мынандай теріс көзқарас бар. Мысалы біреу Түркияға немесе басқа шетелге кетіп қалса, «сатып кетті», «тастап кетті» дейді. Негізінен бұл шығармашылықтың ыңғайымен баратын адамдар.

Мысалы жазушы Мұхтар Мағауин Нью-Йоркта тұрады. Сол жылдарда ол кісі төрт томдық «Шыңғыс ханды» жазды. Басқа да шығармаларын жазды. Мұхтар Мағауин осы турасында былай дейді: «Бізде 500 жазушы бар. Олардың 2000 ата-енесі, әке-шешесі бар. Олар о дүниелік болады. Оның жаназасына қатысуың керек болады. Оның қырқы бар, жүзі бар. Одан кейін әрқайсысының мерейтойлары бар. Сонда мен олардың бәріне қатысатын болсам, кітапты кім жазады», дейді. Бізде қонақ көп, бітпейтін той, содан қашып қоныс аударады. Олар шетелде бос жатқан жоқ, кітап жазып жатыр. Елге қызмет етіп жатыр. Бір тиын болса да, Қазақстанға жіберіп жатыр. Қазақ қай жерде жүрсе де, Қазақстанға қызмет етеді», — дейді ғалым.

Омар Жәлелдің пікірінше, қазіргі оқыған, көзі ашық жастарға тек Қазақстанда тұрасың деп талап қою дұрыс емес.

«Түркияда сауда жасап жүрген қазақтың қыздарын көрдім. Әлемнің 15 мемлекетімен жұмыс істейді екен. Бірнеше жыл болыпты. Өте табысты. Көбісі қыз балалар. Тапқанын Қазақстанға жібереді. Қазіргі көзі ашық, көкірегі ояу, ел көрген, жер көрген қазақтарға тек Қазақстанда тұрасың деп талап қоя алмаймыз. Заман өзгеріп кетті», — дейді абайтанушы.

Қазақтар елден кетпеу үшін ғалым үш шартты атады. «Оның біріншісі-өсіп келе жатқан балаларда мемлекетшіл сананы қалыптастыру керек. Екіншісі — елге күзетші (пайдасы тиетіндей) болу үшін оқыту керек. Үшіншісі — адамның жеке құқықтарының, меншігінің сақталуын қамтамасыз етіп, шығармашылық талантының ашылуына, жастардың тезірек қоғамға кірісіп, іске араласып, билік басына келуіне жағдай жасау керек», — дейді Омар Жәлел.