Қазақстанда болашақ мұғалімдер үшін ҰБТ-дағы шекті балл 75-ке дейін өсті

0

Қазақстанда педагогикалық мамандықтар бойынша жоғары оқу орнына түсудің шекті баллы көтерілді, деп хабрлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы білім министрі Асхат Аймағамбетов айтып берді.

«Сонымен қатар біз педкадрларды даярлау деңгейін арттыру мақсатында жоғары оқу орындарына қабылдау талаптарын да күшейттік. Осы педагогикалық мамандыққа мықты түлектерді ғана қабылдау үшін ҰБТ-ның шекті баллы 50-ден 75 балға дейін көтерілді. Ал, осы мамандыққа түсуді ынталандыру үшін болашақ педагогтерге стипендия мөлшері 42 мың теңгеге дейін артты, яғни олар ең үлкен стипендияны алып отыр. Бұл Президенттің тікелей тапсырмасы. Осының бәрі оң нәтиже беруде.

Педагог мамандығын таңдаған «Алтын белгі» иегерлерінің қатары екі есеге жуық ұлғаюда, ал осы мамандыққа түскендердің орташа баллы 60 балдан 90 балға дейін жеткен. Бұл мұғалім мамандығына мықты кадрлардың келуін қамтамасыз ету бойынша жақсы көрсеткіш. Бұл өз кезегінде білім беру сапасын арттыратыны сөзсіз. Осы реформаның оң нәтижесі қазірдің өзінде анық көрінеді деп толығымен айтуға болады», — деді Аймағамбетов үкімет отырысында.

Сонымен бірге министр болашақ мұғалімдерге арналған стипендия мөлшері 42 мың теңгеге дейін ұлғайтылғанын сөз етті. 2021 жылдан бастап педагогикалық мамандықтардың түлектері кәсіби шеберлігі бойынша сертификаттаудан өтеді.

«2024 жылға қарай педагогтердің жалақысы 2 есеге артады. Осының барлығы мектептерді кадрлармен толық жабдықтауға мүмкіндік береді. Тағы бір маңызды мәселе, педагогтерді жұмысқа қабылдау енді конкурс арқылы, нақты біліктілік көрсеткіштерге сәйкес жүргізіледі және электрондық форматқа ауыстырылады. Оған қоса 2021 жылдан бастап педагогикалық мамандық бойынша жұмысқа алғаш рет тұру үшін енді үміткерлер кәсіби шеберлігі бойынша сертификаттаудан өтеді, яғни дипломға қоса тиісті квалификация алу міндетті енгізіледі», — дейді Аймағамбетов.