Қазақстанда білімі төмен оқушылар үшін жазғы мектептер іске қосылмақ

0
44
Сурет: sasint

Елімізде оқу үлгерімі нашар балаларға арналған жазғы мектептерді іске қосу жоспарланып жатыр. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды zakon.kz. 

«Оқу үлгерімі төмен оқушылар мәселесіне назар аудара отырып, білім сапасын қалпына келтіру шараларын жүзеге асыру ісін жалғастырамыз. Пандемияға байланысты, әрине, білім сапасы төмендеді, сондықтан біз оқушыларымыздың білімін жетілдіру үшін жұмыс істейтін боламыз.

Оқу нәтижелері төмен оқушыларға арналған демалыс кезіндегі оқу мен жазғы мектептердің ұлттық бағдарламасын іске қосу жоспарланып отыр. Сондай-ақ осы жұмыс шеңберінде біз жеке білім беру ұйымдарына қосымша білім алуға мүмкіндік беру үшін конкурстық негізде мемлекеттік тапсырыс орналастырамыз», – дейді министр.

Асхат Аймағамбетов елімізде 12 жылдық білім беруге кезең-кезеңмен көшу қарастырылып жатқанын атап өтті. Әсіресе математика, шет тілдері және информатика сияқты басым бағыттарға ерекше назар аударылатын болады.

Оқулықтардың сапасын жақсарту үшін алғаш рет типтік оқу жоспарларын тексеру және тестілеу қамтамасыз етілмек. Одан бөлек, министрдің айтуынша, оқулықтардың құрылымы мен мазмұнына қойылатын бірыңғай талаптар бекітіледі. Сарапшыларға арналған біліктілікті арттыру курстары да ұйымдастырылмақ.

1$, 5$, 10$ ... Тәуелсіз KzNews жобасына қолдау көрсету