Қостанайда полиция қызметкері адам өлтіргені үшін ұсталды

0

Қостанайда екі ер адам арасындағы жанжал кісі өлімімен аяқталды. Күдікті – полиция қызметкері, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қостанай облысы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қылмыс түнде сағат үштер шамасында Қостанайдағы Тәуелсіздік көшесінде болған.

«Қостанай облысының полиция департаменті 99-баптың 1-бөлігімен («Кісі өлтіру») 37 жастағы екі ер адамның арасындағы қақтығыс фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Оның біреуі тіркелген мылтықтан оқ атқан.

Алынған жарақаттан ер адам қаза тапты. Күдікті ұсталып, қамауға алынды. Тергеу амалдары жүріп жатыр», — деп түсіндірді ведомство.

Полиция департаментінің баспасөз қызметі күдіктінің полиция қызметкері екенін растады.

«Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр, сондай-ақ ПД өзіндік қауіпсіздік басқармасында қызметтік тергеу басталды», — деп толықтырды баспасөз қызметі.