«Назарбаев – диктатор», «Шал, кет!» Оралда билік мақұлдаған митинг өтті
Жексенбі, 28 ақпан күні Орал қаласында саяси реформа жүргізу және саяси тұтқындарды босату талабымен билік мақұлдаған митинг өтті, деп хабарлайды «Азаттық Радиосы» сайты.
Бейбіт жиынның ұйымдастырушысы, журналист Лұқпан Ахмедьяров митинг кезінде «18 миллион халқы бар елде мемлекетті басқаратын бірде-бір адамның табылмауы мүмкін» емес деді.
Жиынға келгендер биліктің ауысуын, саяси себеппен қудаланып отырғандарды босатуды, барлық деңгейдегі әкімдерді сайлауды талап етті.
Акция қатысушыларына алматылық құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуов те қосылды.
Митинг қатысушыларының бірі «Nazarbayev is a dictator» («Назарбаев – диктатор») деген жазуы бар плакат ұстап тұрды. Орал қаласы ішкі саясат бөлімінің жетекшісі Ербол Көшеков жиын ұйымдастырушыларына ескерту жасап, плакаттың экстремистік сипаты бар деді. Ұйымдастырушылар «бұл экстремизм емес, шындық» деп жауап берді. Осыдан кейін жиын қатысушылары «Назарбаев – диктатор», «Шал, кет!» деп ұрандатты.
- 28 ақпан күні Қазақстанның өзге қалаларында да наразылық акциялары өтіп жатыр. Бірақ олардың ұйымдастырушылары Оралдағыдай биліктің мақұлдауын алмаған.
- Митингіге Қазақстанда заңсыз деп танылған, Еуропарламент «бейбіт ұйым» деп атаған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысы мен «Қазақстанның демократиялық партиясын құру» жөніндегі бастамашыл топ шақырған.
- Полиция жасақтары Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында наразылыққа шыққандарды «кеттлинг» дейтін әдіспен қоршауға алды.
Copyright (c) 2013. RFE/RL, Inc. Reprinted with the permission of Radio Free Europe/Radio Liberty, 1201 Connecticut Ave., N.W. Washington DC 20036.