Қазақ кәсіпкері Қытайдың мемлекеттік сыйлығын алды

0

25 ақпанда Пекиндегі мемлекеттік Халық құрылтайы сарайында кедейлікпен күресуді ұлттық деңгейде қорытындылау мен марапаттау конференциясы өтті. Бұл туралы ҚазАқпарат жазды.

Конференцияда ел экономикасының дамуына елеулі үлес қосып жүрген азаматтар мен ұжымдар марапатталды, деп хабарлады People Daily ақпарат порталы.

«Ұлттық киім киген әйел трибунаға көтерілгенде ерекше көзге түсті. Ол Шыңжаңның Мори Қазақ автономиялық округінен шыққан Hayinaer Ethnic Handicraft Manufacturing Co., Ltd компаниясының бас менеджері Секер Құсанқызы болатын», — деп жазады «Жэньминь жибао».

Осы әсерлі кездесуден кейін аталған ақпарат көзінің тілшісі бірден Секер Құсанқызына телефон арқылы хабарласқан.

«Бүгін шынымен де қызықты күн. Таңғы астан кейін елдегі ең мәртебелі Халық құрылтайы сарайына келдім. Шыңжаңда сахнаға өкіл ретінде мемлекеттік мақтау қағазын алуға келген 4 адам бар. Мен солардың бірі едім. Ол кезде мен өзіміздің қазақтың ұлттық киімін киіп жүрдім», — дейді С. Құсанқызы тілшіге берген сұхбатында.

Морилық қандасымыз бұрынырақ мал баққанын, кейіннен ұлтымыздың дәстүрлі қолөнерінің бірі – кестешілікті қолға алғанын айтады.

«Мен бұрын мал баққан едім. Кейіннен ұлттық нақыштағы кесте тігу фабрикасын құрып, ауылдастарымды кәсіптендіруге жол аштым. Сол еңбектерімнің арқасында бүгін марапатты алу үшін Халық құрылтайы сарайына келдім. Бұл сыйлық өзім үшін өмірімдегі ең биік мәртебенің бірі. Мен Шыңжаңға оралғаннан кейін ұлттық кесте өнеркәсібін дамытып, кеңейтіп, барлық этникалық топтардың бауырларын бірге дамып, бірге бай болуға көмектесуім керек», — дейді Секер Құсанқызы.