Психоаналитик Жанар Оспанова. Сәбидің жыныстық даму кезеңдері (видео)

0

Мамандар терапияны дұрыс жүргізу үшін алдымен адамның тұлғалық құрылымының қай деңгейде екенін нақты анықтап алуға тырысады. Олар — невротик, пограничник, психотик.

Екіншіден, құрылым басқа бола тұра адам осы үш деңгейдің арасында жүруі мүмкін. Мысалы, күнделікті тұрмыста болсын, қоғамда болсын, өз ісі үшін жауапкершілік алып, қиындықтарын өткеріп жүрген невротик аса қиын жағдайға тап болды делік. Мұндайда ол жауапкершіліктен ада, әлемді елегісі келмейтін психотик деңгейіне бірақ барады. Немесе пограничник деңгейіне түсіп, жұртпен араздасып, соттан бірақ шығады.

Ал адамның тұлғалық құрылымының қай деңгейде болатыны әлбетте ең жақын адамдарына, әке-шешесіне, жанында үнемі жүретін туыс-досына байланысты. Әсіресе өмір есігін ашқан алғашқы 5 жылда. (Мида нейрондық байланыстардың түзілуімен байланысты).

Болашақ невротиктердің ата-анасы оларға өз бетінше өмір сүруге мүмкіндік бермей, 6 жасына дейін қолмен тамақтандырып, киімін кигізіп беріп, әрбір таңдауына кірісіп отырады. Сөзсіз бұлай өскен бала ересек шақта осыған ұқсас жағдайларда ата-анасынан көмек күтіп отырып қалады. Қуантарлық жайт — олардың басында 3 саны болады. Ер жеткенде, бой жеткенде отбасын құрып, балалы болуға қабілетті.

Бірде — шөл, бірде — көл болатын пограничниктердің басында 3 саны жоқ, тек — 2. Өйткені олардың көбісі анасынан ажырамағандар, әлі күнге дейін әйтеуір бір адамға жіпсіз байланып жүреді. Әрине, олардың бұлай тәрбиеленуіне бір-біріне боғауыз сөз айтып, күнде жанжалдасып, кейде төбелеске дейін баратын әке-шеше себепші. Олар бар болмысымен балаға отбасын құрудың бекер әурешілік екенін көрсетеді.

Ажырасып кеткен жағдайда әйел немесе ер адам балаға бір-бірін жамандап отырса — бұл бала үшін үлкен травма. Бала үйдегі айқай-шуды немесе әке-шешесі туралы жаман сөзді естігісі келмегені соншалық, «психикасы шытынай» бастайды. Осылайша өмір бойы адамдарды жақсы-жаман, дүниені ақ-қара, әлем әділетті-әділетсіз деп бөліп өтеді. Терапевт барынша бір адамның бойында жақсы әрі жаман қасиеттің де болатынын жеткізуге тырысады.

Пограничник балалар есейген соң махаббатта жолы болмай, жыныстық қатынасқа түспек түгілі, ол туралы ойлауға қиналады. Мұндай әке-шешенің қолында өскен қыз бала «анама ұқсағым келмейді» деп жігіт жолатпайтын шектен тыс тәртіпті болып кетеді. Отбасын құрып жатса да, қосағын ер емес, ез қылады.

Ал ұлдар ер азаматқа тән қасиетінен айырылып, жүрген ортасында мазаққа айналады. (Бұл тек көп кездесетін бір сценарий. Бұдан басқаша да болуы мүмкін). Адамдар бір-бірі үшін жақсы ерлі-зайыпты бола алмаса да, бала үшін жақсы ата-ана бола алатынын естен шығармаса игі.

Болашақ психотиктердің ата-анасымен жағдай қиындау. Баланы миы шайқалғанша қатты тербетуден бастап, «жеке шекара» деген сөзді мүлдем ысырып жіберіп, баланың көзінше тыржалаңаш жүреді, керек десеңіз ішкиімі көрінген жерде жатады. Баламен бір бөлмеде жатқан кезде жыныстық қатынасқа түседі.

«Ата-ананың өзі үшін өмір сүрмеуі – бала үшін ең ауыр жүк». Келісесіздер ме? Осыны жұбайлар түсініп, өздері үшін өмір сүріп, баланың жеке шекарасы бар тұлға болып қалыптасуына жағдай жасап жатса, жер бетінде бақытты жандардың саны артар еді.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от KzNews порталы (@kznews.kaz)

Осы орайда психоаналитик Жанар Оспанова сәбидің жыныстық даму кезеңдерін жіпке тізіп, ерекшеліктерін айқындады.