БҚО-дағы 4 адамның өлімі: Көлік жүргізушісі апат алдында полициядан қашып кеткен

0

Батыс Қазақстан облысында полицияға бағынбай, жолға шыққан көлік апатқа ұшырады. Төрт жолаушы оқиға орнында тіл тарпай кеткен. Тағы 6 адам ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер олардың арасында да жағдайы ауыр науқастар бар екен хабарлайды. Ал опат болған төрт жолаушының бірінің аты-жөні әлі белгісіз. Жол апатына себепкер болған көлік жүргізушісінің үстінен қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Астана телеарнасы.

Телеарна мәліметінше, кадрларды жергілікті полиция таратқан. Одан боранға байланысты тасжолдың жабылғанын ескерткен тәртіп сақшысына көлік жүргізушісінің құлақ аспағанын байқауға болады. Тәртіпке бағынбағанның соңынан екіншісі де ілескен. Полиция қызметкерлері тез арада олардың ізіне түскенімен, қолайсыз ауа райында жол апатына себепкер болудан қорыққан көрінеді. Осылайша, заңға қарсы әрекет жасағандарды қууды тоқтатып, алдағы полиция бекетіне хабар бергені белгілі болды.

Алайда боран кезінде қашқан машина көп уақыт өтпей жатып басқа көлікке соғылған. Салдарынан, төрт адам көз жұмып, алтауы жарақат алыпты. Ақжайық аудандық ауруханасының директоры Алмас Жүнісбеков апаттан зардап шеккендер жақын елді мекендегі ауруханаға жеткізілгенін сөз етті.

«Жалпы көлікте болғандардың саны он адам, оның төртеуі оқиға орнында қаза тапты. Алтауы түрлі жарақатпен Тайпақ ауылдық ауруханасына жеткізілді. Оның төртеуі ауыр жағдайда», — деді Жүнісбеков.

Телеарна дерегінше, құқық қорғаушылардың талабына бағынбаған екі жүргізуші де жауапқа тартылады. Ал апатқа ұшыраған көлік иесінің үстінен қылмыстық іс қозғалыпты. Полицияның мәліметінше, жолдағы апаттың жиілеуіне жылдамдықты асырғандар кінәлі. Енді олар желөкпелерге қарсы күрестің жаңа тәсілін іске асырмақ. «Біздің қызметкерлер жеке автокөлікке радар қондырғысын қойып, жасырын түрде оларды түсіреді. Сосын келесі тұрған экипажға хабарлама береді:

«Осындай автокөлік біздің қасымыздан өтті, жылдамдығы осындай, асығып барады, ұстаңыз!» дейді. Содан ұстайды, біздікілер келеді, видеоны көрсетеді. Сосын хаттама толтырады», — деді Батыс Қазақстан облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Жанболат Жаншин.