Созақтағы Жеткіншек ауылында жер асты суы көтеріліп, үйлер зақымданды

0

Түркістан облысы Созақ ауданы Жеткіншек ауылында жер асты суы көтеріле бастап, бірнеше күннен бері ауыл шетіндегі үйлерге зақым келген. Кейбір үйлердің шеті құлап, онда тұратын отбасылар қауіпсіз жерге көшкен.

Бұл туралы Азаттыққа ауыл тұрғындары айтты. Тұрғындардың сөзінше, ондаған үйдің қабырғасы жарылып, екі үйдің бөлмесі құлаған. Құлаған үйде тұрған бір отбасына әкімдік уақытша баспана берген, екіншісі туыстарының үйіне кеткен.

Жер асты суының көтерілгенін 24 ақпан күні аудан әкімдігі растады. Әкімдіктің мәліметінше, су 22 ақпанда көтеріле бастаған. Қазір төтенше жағдай мамандары суды шығарып жатыр, бірақ су деңгейі әлі түспеген.

92 үй бар Жеткіншек ауылының тұрғыны Бақыт Қалиеваның сөзінше, сегіз бөлмелі үйінің жертөлесін су алған, қабырғалары жарылған және қорасының қабырғасы құлаған.

— Су соңғы үш жылдан бері көтеріліп жатыр. Әкімдікке талай айттық, тыңдамады. Енді тамдар құлап, қоралар бұзылды. Үйді кредит алып, салып едік. Енді далада қалатын түріміз бар, — дейді ол ашуланып.

Ауыл тұрғыны Рүстем Жұмашевтің де үйінің іргетасымен бірге қабырғасы жарылып, үйдің ішінен сыртқы дала көріне бастаған. Жер төлесіндегі су еденіне жақындаған.

— Күнде үй құлап қала ма деген қорқынышпен отырмыз. Жас отбасымыз, жұмыссызбын. Осы үйдің өзін әрең салған едім. Түнімен үйге кіруге қорқып, сыртта жүрдік. Кей әйелдердің қан қысымы көтеріліп, құлап та қалды, — дейді ол.

Аудан әкімінің орынбасары Бекзат Әлмағанбет «құдық пен жер төлелерге су толған. Үйіміздің қабырғасы жарылды деп 22 үйден арыз түсті. Қазір зақымданды деген үйлерде арнайы комиссия анықтау жұмысын жүргізіп жатыр» дейді.

Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі Азаттыққа 24 ақпанға қараған түні Жеткіншек ауылында екі әйелдің қан қысымы көтеріліп, медициналық көмек көрсетілгенін растады.