Бір топ адам Еуропарламенттен Қазақстан билігіне санкция салуды сұрамақ
23 ақпанда «әділетсіз сот шешімдеріне» наразы бір топ адам Нұр-Сұлтанда жиналып, Еуропарламенттен Қазақстан шенеуніктеріне санкция салуды сұрап, үндеу жолдайтынын мәлімдеді.
Биліктің «Нұр Отан» партиясын жиі сынайтын, жақында түрмеден шыққан белсенді Санавар Закированың айтуынша, Еуропарламентке үндеу жасайтынын хабарлағаннан кейін Қазақстанның түрлі өңірінен адамдар хабарласып, үндеуге қосылғысы келетінін айтқан. «Сол себепті алдағы бір-екі аптада олардың басын қосып, біріккен үндеу жасаймыз» деді Закирова. Ол биліктің өзінің саяси белсенділігіне кедергі жасап отырғанына да шағымданды.
«Біз, Қазақстан азаматтары, Еуропарламент депутаттарынан мемлекет шенеуніктері мен «Нұр Отан» партиясына жеке санкция салу туралы өтініш жасағымыз келеді. Олар біздің конституциялық құқықтарымызды, азаматтық және мүліктік құқықтарымызды дөрекі, негізсіз түрде бұзды» делінген жиында таратылған баспасөз хабарламасында.
23 ақпан күнгі жиында Закировадан бөлек, түрлі аймақтан келген бірнеше адам болды. Олар да «сот және құқық қорғау органдарынан көрген құқайларын» айтып, тауыса алмады. Солардың бірі Қызылорда тұрғыны Зинагүл Құтмамбетова «тергеу изоляторына қамалған сап-сау ұлынан айырылғанын» айтып, көз жасын төкті. Ол ұлының өліміне кінәлілердің әлі күнге дейін жазаланбағанын айтып, «ақырғы демім таусылғанша әділдік орнауы үшін күресемін» деді.
Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстандағы адам құқығы ахуалын жиі сынайды. Түрмедегі азаптау, саяси еркіндіктің шектелуі, белсенділерді қудалау сияқты адам құқығын бұзу фактілері 11 ақпанда Еуропа парламенті басым көпшілік дауыспен қабылдаған «Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі» қарарда да айтылған еді. Бұл қарарды жергілікті сарапшылар мен құқық қорғаушылар «кейінгі жылдардағы ең объективті құжат» деп атаса, билік «теріс ұстанымдағы саясаткерлер ұсынған» деген.
11 ақпан күнгі Еуропарламент отырысында бірқатар еуродепутаттар Қазақстанда адам құқықтарының жағдайы айтарлықтай нашарлағанын мәлімдеп, құқық бұзуға қатысы бар лауазымды тұлғаларға санкция салуға үндеген.