Орынборда газ құбырында жарылыс болды. Қазақстанға газ тасымалдау тоқтатылды

0
158

Ресейдің Орынбор облысының Елек ауданында федералдық магистралды газ құбырында жарылыс болды. Бұл туралы аймақ басшысының баспасөз қызметі хабарлады. Газ құбыры «Газпром трансгаз Екатеринбург» компаниясына тиесілі.

«Федералдық магистралды газ құбырында болған жарылыстан ешкім зардап шекпеді, ештеңе қираған жоқ. Апат аумағы елді мекендерден алыс жерде жатыр. Ақпарат бойынша, бұл Орынбор – Новопсков газ құбырының бір тармағы. Магистралды газ құбыры Елек ауданы, Орынбор мен Соль-Илецк ауданының бір бөлігін газбен қамтамасыз етеді және Қазақстанға газ жеткізеді» делінген губернатордың баспасөз хабарламасында.

Ресей энергетика министрлігі кейінірек апаттың салдарынан Қазақстанға газ тасымалдау тоқтатылғанын хабарлады. Министрліктің мәліметінше, «Союз» газ құбырының 108-шақырымында газ қысымы түсіп кетіп, ізінше ауада жанған. Қазір ол аумақта газ жану тоқтамаған. Тұтынушыларға Орынбор – Новопсков газ құбыры баллондары арқылы «көгілдір отын» тасымалданады.

Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 15.00-ге таман Орынбор губернаторының баспасөз қызметі газ құбыры бітелгенін, аумақты жөндеуге екі күн кететінін хабарлады.

Қазақстан энергетика министрлігі бір бөлігі Қазақстан аумағы арқылы өтетін «Союз» және «Орынбор – Новопсков» магистралды газ құбырлары бойынша газ тасымалдау тоқтатылғанын айтты. Сәйкесінше, Ресей газы мен Орынбор зауытынан Қарашығанақ газын тасымалдау да тоқтатылғанын растады. Оның негізгі тұтынушысы – Батыс Қазақстан облысы.

«Батыс Қазақстан облысының тұтынушыларын газбен қамтамасыз ету үшін «Орта Азия – Орталық» газ құбырының ресурстарын бағыттау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазақстандағы барлық газ-көлік жүйесі қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр. Жағдайды Қазақстан энергетика министрлігі бақылауда ұстап отыр» деді ведомство өкілдері.